Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТҮРКІТІЛДЕС ХАЛЫҚТЫҢ БІРІГІП ЕЛ БОЛУЫНА НЕ КЕДЕРГІ немесе пантүркизм идеясы қаншалықты шындыққа жанасады?

18.01.2024, 11:20 496

Қазіргі сәтте «не себепті Орта Азия ұлттары болып бірігіп, мықты держа­ва­лардың аяғын бір етікке тықпасқа?» деп ұрандататындарды кездестіріп жүрміз. Бұл идеяның негізі пантүркизмге әкеліп соғады. Пантүркизм дегеніміз – күллі түркітілдес халықтың бір буржуазиялық мемлекет болуы. Түркияның қам­қорлығы арқылы Ресей империясының қарамағында отарлық езгінің құр­баны болып  отырған Орта Азия мемлекеттерін қатарына қосып, біртұтас ел болу идея­сы ең алдымен ХІХ ғасырдың соңында қарқын алған. Бұл идеяның негі­зін қалаушылардың бірі – Сыр елінің, Алаштың ардақтысы саналатын Мұстафа Шоқай. Сол заманда «Түркішілдік» көзқарасы одақтастық пен колонизация­ланған мемлекеттердің көп болуына байланысты сәл де болсын шындыққа жана­сып, кей елдерге үрей тудыруы мүмкін. Дегенмен, бүгінгі күні бұл идеяның жүзеге  асуына  біршама  қиындық  туып  тұр.

ТІЛ  АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Түркітілдес елдердің көлемділігі бәрімізге белгілі. Соған байланысты көп мемлекеттің салт-дәстүрінде, тілінде ұқсастық болғанымен, көбіне бір-бірімен үйлеспейді. Біріккен жағдайда бұл фактордың қарапайым халықтың адап­тациядан өтіп, бір тілде сөйлеуіне кедергі келтіретіні айдан анық. Тілдер ұқсас болғанымен, тосқауылды түбегейлі жою мүмкін емес деуге толық негіз бар.

ЖЕМҚОР  БИЛІК  пен  ДИКТАТУРА

Түркі мемлекеттерінің  көп бөлігін авторитарлы саясат ұстанатын басшылар басқаратыны айтпасақ та белгілі. Саяси  сарапшылар Орта Азия мемлекеттерінің  көбінде сөз бостандығы әлі қалыптаспағанын, Түркіменстан билігінің тали­бандардың саясатынан аса айырмашылығы жоғын  айтады. Олар өз халқынан пайда  көруді  доғарғысы  келмейді. Бір жағынан, көп  диктатор  арасы­нан  бір басшыны  сайлау  одан  да  қиындық  туғызатыны  айқын.

ҚЫТАЙ  мен  РЕСЕЙ

Орта Азия елдеріне Қытай мен Ресейдің ықпалы жоғары. Бұл екі мемлекет қалай да болсын Түркі мемлекеттерінің бірегейленіп, қай жағынан болмасын бақталастық танытуына жол беруі неғайбыл. Ресей мен Қытай территориясында көптеген түркітілдес халық өмір сүріп жатыр (ұйғыр, башқұрт, татар, якут, т.б). Екі ел басшылары Тұран біріккен жағдайда отандастарын депортациялап алып кетуі мүмкіндігінен күдіктенуі ықтимал.

КОНФЕДЕРАЦИЯДАҒЫ  ТЕҢСІЗДІК

Конфедерация құрылған жағдайда Түркияның ықпалы өзге мемлекеттерге қарағанда жоғары болатыны анық. Себебі, бұл – пантүркизм идеясын жүзеге асырудың жалғыз ғана жолы. Мәселен, Қырғызстанда бюджет адам басына шаққанда 1500 долларды құрайтын болса, Өзбекстанда – 3000 доллар. Ал Қазақстанда 13000 доллардан тұрады. Осы секілді факторлар экономикалық  теңсіздікке  әкеліп  соғады.

Сондай-ақ, әр елдің өзінің тарихы, идеологиясы мен таным-түсінігі болған соң, ұлтшылдық көзқарастағы топтардың бір арнаға тоғысып, бір ұлт болып қалып­тасу мүмкіндігін әлдеқайда тежейді. Сол арқылы әлеуметтік хаос, лаңкестік іс-әрекеттерден көз ашпауы мүмкін.

Жалпы, түркітілдес елдер біріксе, тек конфедерациядан әрі аса алмайды. Тіпті, олардың бүгінгі ахуалына қарап, бұның өзі мүмкін еместей көрінеді. Қорытындылай келе, Орта Азия немесе түркітілес халық – өзінің қолындағы билікті уысынан шығарғысы келмейтін, қанша уақыт колонизацияның кесірінен тәуелсіздікті аңсап өткен халық болған соң, қайтып одақтас болуы екіталай дегіміз келеді.

А.ЖАЙШЫЛЫҚОВ

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: