Түркі халқының бірлігі туралы идея талай жоба мен келісімге бастама болды. Бүгінде Түркия өзін түркі әлемінің «ағасы» ретінде көрсетіп, «бауырлас елдерді» біріктіруді жиі сөз етеді. Алайда, «бұл әрекеттің астарында шынайы бауырмалдық па, әлде геосаяси мүддені көздеген саяси ойын бар ма?» деген сұрақ туындайтынын жасырмаймыз. Анкараның әрекеттері соңғы жылдары түркі мемлекеттерін жақындастырып, ортақ жобалар арқылы ықпалдастықты күшейтуде. Соңғы жағдайларды саралай келе, әрбір әрекет қандай шешімдерді күтіп тұрғанын ойлап көрген жөн деп санадық. Геосаяси идеология тек бауырлас мемлекеттер арасында ғана емес, дамыған елдерде ішінара жүзеге асатын «ойын» екені байқалғалы қашан. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ мұндай «ойынның» соңы соғысқа ұласып жатқанын да көрдік. Енді санадағы сауалдарға жауап іздеу үшін аздаған ізденіс жасап көрейік.
ТУЫС ЕЛМЕН УЫС БІР
Түркия түркітілдес елдердің тәуелсіздігін алғаш мойындағандардың бірі болды, сол кезден бастап ортақ тіл мен мәдениетке негізделген байланыстарды жандандыруға тырысты. Президент Режеп Тайып Ердоған және өзге де түрік басшылары түркі елдерін «бір тіл, бір тарих, бір рух» қауымдастығы ретінде жиі сипаттайды. Мысалы, ХХ ғасырдың басындағы жәдитші ойшыл Исмайыл Гаспралының «тілде, істе, пікірде бірлік» ұстанымы қазіргі түркі ынтымақтастығының рухани негізі ретінде аталады. Ердоған да туысқан елдердің арасындағы бауырластықты басты принцип ете отырып, «әрдайым бір-біріміздің жанымыздан табылып, ынтымағымызды айқын көрсетуіміз керек» деп мәлімдеген. Бұл мәлімдемелерден Анкараның түркі әлеміне қатысты терминдері жан тебірентетінін байқаймыз. Алайда, ұраннан іске көшуде түрлі кедергі бар. Түркі мемлекеттері ұйымы осы ұранды нақты құрылымға айналдыруға тырысып келеді. 2009 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі кеңесі бастапқыда мәдени-гуманитарлық байланысқа басымдық беретін «мәдени клуб» сипатында болды. 2021 жылы Ыстанбұлдағы саммитте кеңес «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп қайта атау алып, тілдік туыстықтан гөрі ортақ ұлттық бірегейлікке мән бере бастады. Құрамына Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан кіретін бұл ұйымға бүгінде Түрікменстан, Мажарстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы қосылып, ұйымның географиялық ауқымы артты.
Түркия ұйымды нығайтуға күш салып, өзін түркі әлемінің табиғи лидері ретінде көрсетіп жүр. Мәселен, 2025 жылғы Будапешттегі басқосуда Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының әлеуеті артып, жаңа әлемдік тәртіпте әділ үлес алу үшін ынтымақты күшейтуге шақырды. Ол Наурыз мейрамын және Түрік тілінің күнін түркі дүниесінің ортақ мерекелері ретінде белгілеуді ұсынды. Сондай-ақ Азия мен Еуропаны жалғайтын Орта дәліз, яғни Транскаспий бағыты жобасының табысы Түркі кеңістігінің бірлескен әрекетіне байланысты екенін атап көрсетті. Бұл әрекетті түркі елдерін ортақ инфрақұрылым және мәдени құндылықтар арқылы жақындастыру амалы ретінде байқаймыз.
Дегенмен, түркі бірлігі жолында алатайдай бөлу де жоқ емес. Мысалы, Түркия Солтүстік Кипр Түрік Республикасын толық тануға үндегенімен, Орталық Азиядағы бауырлас елдер бұл мәселеде басқа көзқараста екенін білдік. 2022 жылы Солтүстік Кипрге ТМҰ-да бақылаушы мәртебе берілгенімен, оны тәуелсіз мемлекет деп мойындауға Орталық Азия елдері асықпайды. Сондай-ақ әр мемлекет интеграциядан өзіне қажеттісін ғана алуға тырысады. Түркия мен Әзербайжан саяси-қауіпсіздік саласындағы тығыз әріптестікті үлгі етсе, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан көбіне мәдени-экономикалық ынтымақтастықты ғана тереңдетуді қолдайтынын БАҚ-тан байқадық. 2025 жылғы Габаладағы саммитте Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев «Түркі мемлекеттері бір күш орталығы ретінде әрекет етуі маңызды» деп, ортақ әскери жаттығулар өткізуді ұсынды. Алайда, Орталық Азия лидерлері интеграцияны асықпай, көпвекторлы саясаттарына зиян келтірмеуді көздейтінін білдік. Сондықтан Анкараның түркі бірлігі туралы идеялары қаншалық қуатты болса да, іс жүзінде әр тарап өз мүддесін қорғауға тырысады. Осыдан келіп, түркі бірлігі туралы саяси ой қалыптасады.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ МӘДЕНИ ЫҚПАЛЫ
Орталық Азия – Түркия үшін тарихи-мәдени тамырластық отаны ғана емес, сонымен бірге өсіп келе жатқан нарық пен стратегиялық аймақ. 1990-жылдары Анкара жаңадан тәуелсіздік алған түркі республикаларына ағалық қамқорлық көрсетуге ұмтылғанымен, ол кезде Түркияның экономикалық әлеуеті шектеулі болды, ал жергілікті элиталар жаңа тәуелсіздігінен айырылып қалудан қауіптенді. Сол жылдары «ағамыз» деген Түркияны кейбірі «екінші үлкен ағамызға айналып кетпей ме?» деп сақтықпен қабылдады. Нәтижесінде, ұранды көп көтергенімен, Анкара аймақта бірден шешуші рөлге ие бола алмады. Мысалы, Өзбекстан Түркияны діни экстремизмді қолдайды деп күдіктеніп, 1990-жылдардың соңында қарым-қатынасты үзді. Бұл тек 2016 жылы Каримов биліктен кеткен соң ғана реттеле бастады.
2000 жылдардан бастап Түркия Орталық Азияға прагматикалық бағытпен оралып, экономикалық және мәдени жобаларға мән бере бастады. Анкараның жұмсақ күш құралдары ретінде Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі мектептер мен ауруханалар салды, түрік лицейлері мен мәдени орталықтар ашылды, Діни басқарма арқылы мешіттер бой көтерді. Түркітілдес Мәдениет ұйымы ТҮРКСОЙ да мәдени алмасуды арттырып, наурыз, ортақ тарихи даталарды жаңғыртты. Бұл жұмсақ күш ұзақ мерзімде өзінің нәтижесін беріп, халықтар арасындағы жақындығын сездіруге ықпал етті. 2023 жылғы зерттеуге қарағанда, Қазақстан мен Қырғызстан халқының арасында Түркияға деген көзқарас ең қолайлы болып, тіпті Ресейге қарағанда жылы шыраймен қабылданатыны анықталды. Яғни, Түркияның тауарлары, білім беру жобалары және мәдени өнімдері сапа мен туыстық символы ретінде жағымды әсер қалдырған. Экономикалық тұрғыда Түркия Орталық Азияда маңызды инвесторлардың біріне айналды. Аймақты Ресей мен Қытай әлі де экономикалық басымдықта ұстап отыр десек те, Түркияның рөлі жыл санап артуда. Түрік кәсіпкерлері сауда, құрылыс, тоқыма, қонақүй бизнесінде белсенді. Бүгінде Орталық Азияда 4 мыңнан астам түрік компаниясы жұмыс істейді. Соның ішінде 2000-ға жуығы Өзбекстанда, яғни Қытай мен Ресейден кейінгі 3-орын, Қырғызстанда Түркия 2008 жылдан бері шетелдік инвестиция көздерінің алғашқы үштігінен түспей келеді.
ТҮРКИЯ – БІЛІМ БЕРУДЕ ЫҚПАЛДЫ МЕМЛЕКЕТ
Білім беру және мәдени алмасу – Түркияның тағы бір артықшылығы. Түркістан қаласындағы Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті ондаған жыл бойы мыңдаған түлек шығарды. Түркия жыл сайын «Түркия стипендиялары» бағдарламасымен жүздеген орталықазиялық студентті оқуға қабылдайды. Қазіргі кезде Түркияда 12 мыңнан астам қазақ студенті білім алуда. Бұл жас буын Түркиямен табиғи байланыс орнатып, елдер арасында тірі көпір қызметін атқаруда. Сонымен бірге, түрік сериалдары мен поп-мәдениет өнімдері аймақта жоғары сұранысқа ие. Теледидардан түрік телехикаялары жиі көрсетіліп, музыка, туризм саласында да түрік ықпалы байқалады. 2024 жылы 863 мың Қазақстан азаматы Түркияға турист болып барса, 130 мың түрік азаматының Қазақстанға сапарлағаны да – халықтар арасындағы тығыз қатынастың белгісі.
Түркия экономикалық жобаларда цифрлармен әсер етуге тырысады. Ресми кездесулерде сауда айналымын еселеу туралы мәлімдемелер жиі айтылатынын байқаймыз, мәселен, Анкара Қазақстанмен тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізуді көздейтінін жариялады. 2024 жылы екі ел арасындағы сауда 5 млрд долларға жуықтады. Ал Түркияның аймақ бойынша ең ірі серіктесі – Қазақстан. Түркияға мұнай, метал экспорттайды, ал Түркиядан техника, тауар алады. Түркия өз кезегінде Өзбекстанмен 5 млрд доллар, Қырғызстанмен 2 млрд доллар межені мақсат тұтқан. Дегенмен, БҰҰ мәліметтері көрсеткендей, соңғы жылдары Қазақстан және Қырғызстанмен сауда күрт өссе де, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан бағытында түрік экспорты сәл ғана ұлғайған. Яғни түркі әлеміндегі экономикалық интеграция қарқыны біркелкі емес. Соған қарамастан, Түркия өз есімі арқылы абырой жинауда. Мысалы, 2024 жылы Түркия Қазақстан етіне Қытай ұсынысынан екі есе жоғары баға төлеп сатып алатынын мәлімдеді, бұл шағын сауда болғанмен, жергілікті БАҚ-та кеңінен жазылып, Түркияның жомарт әріптес бейнесін күшейткенін байқадық.
СОНЫМЕН…
Түркияның түркі әлеміндегі белсенділігі біржақты бағалауға көнбейді. Яғни, бұл таза романтика да емес, құр прагматизм де емес. Анкара ортақ тарих, тіл мен мәдениетті алға тарта отырып, түркі халқының санасында бауырластық идеясын қайта жандандыра алды. Мұның эмоциялық тұрғыдан күшті, отарлық өткеннен шыққан елдер үшін психологиялық тұрғыда маңызды фактор екені айтпаса да түсінікті. Түркі мемлекеттері арасындағы жиілеген диалог, мәдени және гуманитарлық байланыстар, білім мен туризм саласындағы алмасулар – осының нақты көрінісі. Алайда халықаралық саясат эмоцияға емес, мүддеге сүйенетіні де анық. Түркия үшін түркі интеграциясы – геосаяси және геоэкономикалық мүмкіндіктер кеңістігі. Ортақ нарық, транзиттік дәліздер, энергетика, қауіпсіздік Анкараның есеппен ойнайтынын көрсетеді. Ресейдің әлсіреуі, Қытайдың сақтығы, Батыстың балама әріптес іздеуі Түркияға тарихи мүмкіндік ашты десек қате емес. Осы вакуумда Анкара өзін бауыр елдердің қорғаушысы әрі балама ойыншы ретінде ұсынуға тырысатынын байқау қиын болмады.
Сондықтан, түркі бірлігі – иллюзия емес, бірақ ол автоматты түрде тең интеграцияға айналмайтынын да айта өткен жөн. Мұнда әр мемлекет өз егемендігін, көпвекторлы саясатын сақтауға ұмтылады. Түркияның ықпалы өсіп келеді, бірақ ол әлі де толық үстем емес. Демек, ол – таңдау ұсынатын фактор. Ал таңдау мүмкіндігінің өзі – қазіргі геосаясатта ең үлкен құндылық.
Түйін біреу. Түркия түркі әлемінде бауыр болып көрінуге де, ойыншы болуға да қатар ұмтылып отыр. Бұл екеуінің қайсысы басым болатынын ұран емес, уақыт пен нақты әрекет айқындайды. Түркі интеграциясының тағдыры Анкараның ниетіне ғана емес, өзге түркі мемлекеттерінің саяси салмағы мен дербес шешім қабылдай алу қабілетіне тікелей байланысты. Романтика мен реалполитиканың дәл осы түйіскен тұсында түркі әлемінің болашағы қалыптасып келеді. Алда не болатынын уақыт көрсетеді. Ақырын күтейік.
К.ҚҰРМЕТ
Коллаж: ЖИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!