Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Толғағы жеткен мәселе

06.02.2020, 12:10 851

Қазақстан  Республикасы  Үкіметінің  назарына

«Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!».

Елбасы  Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ

Қазіргі Арал жағдайы – ғалам мен ғасырлар қасіреті деп мойындалған.­ Негізді сөз оны Чернобыль апатынан кейін, әлемдік ауқымда екінші орынға­ қойып отыр. Осы халде ол үдемелі ілгерілеуші­, шұғыл  жаңғырулар­ уақытының үмітті кезеңіне иек артты­. Заман өзгерді, дүниетаным өсті, құлдық психологиядан құтылдық, ақ пен қара жік ашқан шындықтарға жеттік, имандылық болмысымызға енді. Әйтсе де, анығы сол – сонау Арал сонша игілікте­р, өзгерістер мен өрлеулер бедерінде өзінің қасірет көрпесін әлі  бүркенумен  жатыр.

КСРО атты алып ел қуаты толысқанда, өзіне талай қысылтаяңда көп қайыр көрсеткен сол айдынды  құрбандыққа  шалып  еді.  Уәж күшті болды:­ халық өседі, нан керек, ел мүддесі бәрінен биік… Бұл орайда әсірепрагматизмнің соқыр көкірегі екі жақты ескере іс істеу – экономика және табиғат мүддесі, табиғат құнының, бәлкім, наннан да қымбаттығын  санаға салмады. Сірә, Тұран төсіндегі көк айдын сол дабыралы ел үшін мәнсіз, екінші, үшінші санатты жер болды. (Демек, сол өлке тұрғын­дары да сол санаттан еді). Әйтсе де, Ұлы Қисын уәжі бәрінен күшті шықты­ – сонау алып ел, адам таңғаларлық жағдайда, Арал тағдырын ақыры өзі құшты – тоз-тоз болып, тарихтың күлдікқабына кетті. Мистикаға­ салмасақ та, тым тағылымды мысал: Аралмен өйтіп ойнаудың­  қажеті  жоқ  еді!

Тәуелсіздігіне тәу еткен жас елдерге сондай Арал басы ашық мұра болып қалды. Алақол саясатта­, үлкен көршіге пайдасы анық – ғарышай­лақ, зымыран-сынақтар алаңдары, сұрапыл қарулар керек те, бұл проблемалы дімкәс ортақ мұра қажетсіз болып шықты… Осы өткен отыз жылға жуық уақыт ішінде, әсіресе, Қазақстанның Арал жолында атқарған шаруа­лары­  бір төбе. Бұл істер халық көзінде, әлем назарын­да, тарих парақтарына жазылды. Еліміз бастамасымен Арал форумы дәстүрге еніп, Халықара­лық Арал Кеңесі, Аралды Құтқару­ қоры құрылды. Арал туралы заң, халықт­ы әлеу­метт­ік қолдаулар болды. Зор игілік­тер. Олардың қайырын өлке жұрты әлі де көріп  отыр.

Себеп жойылмай, салдар өшпейді. Терең себеп Арал ғой.

Елге аса құнды әлеуметтік шаралардан өзге, теңіздің өз басы үшін де бірсыпыра істер атқарылд­ы. Соның шоқтықтысы, жұрт осы күні «ғасыр жобасы» деп жүрген Солтүстік Арал айдынын­ тұтас тірілту жұмысы. Үлкен Арал планетар­лық күрмеуі қиын мәселеге айнал­ғанда, біз «ең болмаса, Кіші Аралды аман алып қалайық!» деп бастама көтерген едік.

«Кіші Аралымызды сақтап қалайық» деген халық тілегі, сол ұсыныс айтылғаннан 16 жыл уақыт өткенде ғана – 2005 жылы жүзеге аса алды. Бұған да шүкіршілік делінді. Анығы, біртұтас Солтүстік Арал бастамасын ел көтерді. 1989 жылы (осыдан 30  жыл  бұрын!) «Кіші Арал» идеясын айтқан проблемалық мақала жаздым (Қазақ әдебиеті», 1 және 8 желтоқсан 1989ж.) Бұл оқшау идеяны т.ғ.д., профессор А.А.Тұрсынов батыл қолдады. 500 адам қол қойған­ Арал халқының Республика басшы­лығына хаты жарияланды. Арал қаласы, Бөген, Қарашалаң, Қаратерең, Ақбасты, Ақеспе, Тастүбек балықшы ауылдарының жүздеген тұрғындары Кіші Арал жолында толассыз сұрау салды. 90-жылдары облыс басшылығы (С.Шаухаманов, Б.Сапарбаев) сол ұсыныстарды «халықтың табанды сұранысы» деген орынды уәжбен жоғарғ­ы жаққа көп мәлім етті. Жаңа ғасыр басынд­а ел Үкіметі қабылдаған «Сырдария арнасын­ реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» жобасына (САРАТС) жол солай салынды. Жас қоғамымыздың халықтық, демократиялық бір жақсы жеңісі солай жүзеге асты.

Солтүстік теңізді тірілту «Сарышығанақ» деген паллиативпен күрмеулі тартыста өмірге келді. Өткен ғасырдың 80-жылдары соңында Арал қаласы түбіндегі «Сарышығанақ» басатын бөлектеу ісін ҚазКСР үкіметі, сол кездегі республика Балық шаруашылығы министрлігі сол жартыкеш (паллиатив) амалды қызу қолға алды. Теңіз тарланы, марқұм Нарғали Демеуов аға Мәскеуде өзі куә болған сол жайтты айтса, Қазақстан жағы бұл іске қанша құлшынғанмен, Мәскеу онша қолдамаған. Орыста «отбеливание фасада» деген бір сөз бар, мағынасы өрт алған үйдің босағасын жылтыратып әктеп қою. Тамырына балта шабылған Арал үшін тоқымдай «Сарышығанақ» дәл сол еді. Алып елде сондай­ да бір күлкілі үрдіс болған… Сол «Сары­шығ­анақ» аз ғана мерзімде 18 миллион советтік «алтын» рубльді жұтып үлгерді. Көп есіл қаражат­ желге ұшты, топыраққа көмілді. Алтын уақыттан ұтылдық. Көп су рәсуа кетті… Ақыры, тарих өзі кесім жасады: сол шара жүре-бара құм қапты.

САРАТС-1 кезеңінде тұтас Кіші Аралды баста­ 46 метрге көтеру жоспарланған, бірақ «Көкарал» бөгеті, түсініксіз жағдайда, 42 метр межеде шықты. Және сол жартыкеш нұсқада 15 жыл бойы тұр; жұмысты ары дамытушы САРАТ­С-2 кезеңі жалғаспай қалды. Үдемелі даму тарихымызда және ғаламдық проблема бедері­нде бұл тым көп уақыт. Өкініштісі, осы «өнбес дауға» бас-аяғы 30 жылдай есіл уақыт, кіші теңізді меймілдете толтыратын көп су кетті. Дария суы бүгін де рәсуа кетіп жатыр. Сондайлық «халық сұранысын» жоғарғы жаққа сонша уәж еткен кешегі аймақ басшылары сол халық тілегінің негізі неде – міне, осы жағына дендеп, идея авторымен бір кездесіп сөйлесуге пайымдары жетпеді. Сондай ділгір мәселенің 30 жыл бойы  созбұйдаланып келуінің бір  себебі  осында­  болса  керек.

Осы күні Арал тақырыбын үнсіз айналып өту әрекеті бар. Әлемдік ареналарда, табиғат проблема­лары мен қоршаған орта мәселелерін­де біз Аралды сәтімен алға тартамыз. Ал өз ішімізде ол неге көңіл шетіне ығысты? Осы уақыт ішінде елімізде қаншама жаңа бастамалар мен құрылыстар жүзеге асты! Ал Арал жайы неге қозғаусыз? Халық өз сұрауын бүгін де табанд­ы түрде қайталайды: «Біртұтас Кіші Арал қашан толысады?..».

Ел тұтас (бір деңгейлі) Кіші Аралдың толуын сұрап отыр. Осы күні айтылып жүрген 48 метр емес, 50-52 метр деңгейде көтерілсе дейді. Халық сұрауы негізсіз емес. Кіші Арал ұзақ күтілді. Теңіздің еліміз бөлігіндегі елеулі аумағы – бүкіл Аралдың 1/10 акваториясы мәселесін бүгінгі бірден-бір тарихи сәтте, ең ұтымды деңгейде шешіп алу мүмкіндігі бар. Еліміздің су саясаты арқасында Сыр суы Аралды демеп тұр. Орталық Қазақстанға мол су көздерін жеткізу идеясы күн санап шындық тұғырына көтеріліп келеді. («Кең даланың ризықты арнасы». «Егемен­ Қазақстан». 02.10.2019ж.) Бұл – ертеңгі күн Аралға да келетін бір үмітті су көзі. Осындай мүмкіндіктер мен перспективалар алдында, САРАТС-2 кезеңінде­ бір деңгейлі Солтүстік Аралды 50-52, бәлкім, 53 метр межеде жобалау, көтеру жұмысын бастау керек. Бұл үшін жеткілікті уақыт өтті. Толғағы жеткен мәселені мәлімсіз түрде ары ысыра берудің­  енді  жөні  жоқ.

Арал аумағынан жылына 1 метр шамасы су буланып ұшады. Солтүстік Аралда бұл көр­сеткіш төмендеу. Кіші Арал деніне жыл бойы 1 миллиард т.м. шамасында жауын-шашын  (150 мм), сай-жылға суы түседі. Демек, 50-53 метрлік Кіші Арал айдынын (5-6 мың шаршы шақырым) ұстап тұру үшін Сырдан (қайтарымды-қашыртқы суды қоса) 4 текше шақырым су жетеді. Осы су жылда әр көлемде Оңтүстік Арал сорына кетіп жатыр. Жай кетіп жатқан жоқ, мыңдаған тонна балықты төлімен қоса әкетіп жатыр… Ал кіші теңіз толысуына қажет 30-35 т. шақырым су – Арал алабына жалпы көктен-жерден бұйыратын ылғалға байланысты. Оның уақытын табиғат ырғағы анықтайды. Сол, «Көкарал-1» бөгеті көтерілген 2005 жылы маман­дар кіші теңіз 3 жылда толады деген; ол бір қыстың өзінде шалқып шықты.

Кіші Арал елімізге үлкен теңізді жоқтатпай, ұзақ қызмет етеді. Халықта оған үміт көп: туризм­-жағажай бизнесін дамыту, теңіз қатынастарын жандандыру, Аралдағы кеме жасау ісін тірілту және, әрине, балық аулау. Экология, жағалау-дала ландшафты, құдық суларының толуы – табиғат емі… Ежел деңгейге бөгеті көздеп салынған кіші айдын ұзақ толар, тез толысар­, бірақ оның уақыты босқа өтетін күту жылдары болмайды. Арал жұрты теңіз толы­суының әр сәтінен, жағалаудың әр құбылы­сынан игілік ала алады.

Сыр бойындағы су пайдалану ісін, анығы, экологиялық мәдениетті көтеру керек. Дария бойындағы су ысырабы қисапсыз. Әсіресе, жаз бойы оған көз жеткізу қиын емес. Ол аз десеңіз… өткен жаз Сырдағы Майлыөзек ауылы тұрғындарынан бір мәліметтер келді: ауыл маңын­а ресми құжатта 2000 га  күріштік түскен. Анығында танап 3000 га болған. Халық айтса, сол себептен ауыл бақшалары судан тарығып, елдің қауын-кәмегі көктей солған. Яғни, баяғы ұрлық гектарлар, советтік даңғаза рапорттар үрдісі әлі бар. Ал Сырдың ел бөлігінде мұндай неше «майлыөзектер» жоқ! 

Сыр бойы ел күрішінің 90 процентін береді деген көтеріңкі сөз мына Арал-Сыр халі беде­рінде күпірлік іспетті. Күріш деген асыл дәмнен бұрындары кенделік жоқ еді, кеңестік көкірек, кейін, нарықтық пайда қисабы осы тірлікті ел-жердің  жарақатты  проблемасына  айналдырды. Соңғы 30 жыл бедерінде қанша дабыралат­қанмен Арал-Сыр табиғаты оңалған емес, бұрын­ғыдан бетер құлдырап кетті. Жаңа тарихымыз­ға кері үдерістер! Сондай сусамыр дақылдарды  таптаурын  дәстүр ізінде Сырға таңа бермей, ел аумағына тарата өсіру мүмкіндігі бар, сол жолдар неге ізделмейді? Сыр бойында аймақ  шаруа­шылықтарын  әртараптандыру  көп айтылады, әйтсе де, су үнемді бақша­ және басқа тірлік көздерін дамыту ісі әлі мандымай тұр.

Күріш пен мақтаны сатып алуға болар­, ал Аралды ақшаға сатып ала аламыз­  ба?

Сыр бойындағы «Көксарай» Аралға көмек үшін!» деген зор уәжде салынды. Енді ол екінші Шарадараға айнала ма? «Көксарай» міндеті – дарияның апатты жағдайына кері су реттегіш. Су реттегіш уәделі миссиясын үмітті Арал алдында­ орындауы керек… Ал дарияның апатты мінезі бәрібір пәлендей өзгерместен тұр… Соңғы кездері Сырдағы аз ағынды мей­лінше игеріп қалу мақсатында тағы да су қоймаларын салу айтылып жүр. Қызыл­орда облысының өзінде «Күміскеткен», «Қараөзек» қойма идеялары бас көтерді. Және бұл ондаған жылдар бойы Арал халқы­ табанды түрде сұрап отырған бір деңгейлі Кіші Арал ұсынысынан гөрі, қабағат басталды. Жаңа гектарларға ағыл-тегіл су керек… Кезінде КСРО шөл­ді өлкеде толыса ағып жатқан еркін дариялардан экономикалық, әлеуметтік, тіпті, демографиялық мол пайда жоспарлап, бет қаратпас уәждермен Аралды жоқ етіп еді. Осы саясат 1993 жылғы тұңғыш Арал саммитінде қатты сынға алынған. Елбасымыз дариялар бойындағы бір­жақты саясат: дара дақылдар экспансиясын тежеу, экстенсивті, ысырапшыл су пайдалану ісін тыю, үнемді жолдар, шаруа­шылықтарды әртараптандыру, Арал, экология жайын оңалтуды баса айтқа­н. Ең бастысы, сондай әсірепраг­матикалық, біржақты саясаттарға (дара дақылдар экспансиясы, шаруашылық үшін табиғатты жұтата беру, көз алдында аққан суды тіршілік уәжімен әйтуір ала беру) бүкіл дүние, ұлы Тарих үкім айтқан жоқ па? Сол тарихтан алған сабақ, апатты­ өлке үстіндегі имандылық сөзіміздің құны не?

Қоймалардың булану, жерге сіңу шығыны аптап алапта көп су ысыраптайды. Сонда қалай?.. Оңтүстік көршілер дария бойына сондай құрылыс саламыз десе, біз Аралды алға тартып, экология, әлеумет жайын айтып, халық­аралық ауқымда орынды сөз көтереміз. Бұл әлем кеңістігінде сауатты, өркениетті, дұрыс қадамдарға жатады. Ал өзімізге келгенде, Сыры­мыз үшін әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмағаны ма? Азын-шұғын су ағып жатыр екен деп, дарияның шамалы ағынына қол сала беру не? Ел пікірімен санасу, қоғамдық тыңдаулар болды ма? Байланған судан дария атырауына, теңізге не қалады? Булану, жерге сіңу рәсуасының өзі Сыр аяғына жетер судың миллиондаған текше метрін жоқ етеді… «Күміскеткен», «Қараөзек» маңында бір гәптер де бар екен: «Үлкен Арал сорына «Көкаралдан» жылына 3-4 т  шақырым су кетіп жатыр. Соны шаруашылыққа уақытша пайдалана тұруға бұл қоймалар керек, ертең Кіші Арал көтерілсе, олар өз «күшін жойып», суды төменге жібереді». Солай болса жақсы ғой! Бірақ, «Көксарай» маңында жоспарланып жатқан тірліктер анау – 60 мың га  суармалы жер түсіру, балық шаруашылығын дамыту… Шаруашылығы тамырланып қалған қызметтер ертең ауыздағысын бере қоя ма?.. Ал күн санап жұтап бара жатқан қайран Арал-Сыр табиғаты көз алдымызда. Мұндай жағдайда бізге екінші, үшінші «шардаралар» қажет пе еді?

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қ.Көшербаев ел сұраған Кіші Арал ісіне біраз мән берді. Осы жұмысқа деп Халықаралық банк ұсынған, шарты күрделі, 200 млн доллардан бас тартып, өз әлеуетімізбен көтеру нұсқасын алға шығарды. Шүкір, бұған енді еліміз мүмкіндігі бар! Сол қисында, Арнасай сайына тұрақты түрде 1,5 т шақырым су алуды көздеген оңтүстік көршілер бетін қайтарды. Бұл үлкен азаматтық тұғыр болды. Бірақ, өкінішке қарай, кешегі аймақ басшысы осы істі логикалық шешіміне жеткізе алмады… Әсіресе, Кіші Арал әне-міне көтеріледі деген 2015 жылы ел ақсақалдары қуанғаннан сақалдары желпілдеп, билікке көп бата арнады. Міне, 5 жыл – мәселе сол, байлан­ған қалпы. Сол үміт ізінде жүргенде, «Көкаралды» дария орып, кіші теңізден айырылу қаупі келіп жетті. Уақыт көрсетіп берді: жалпы, «Көк­арал», «Ақлақ» құрылыстарында біраз кеткен елеулі қателер бар. Бөгет параметрлерінің әлсіздігі… Әсіресе, 15 жылдан бері «Көкаралдан» ары кетіп, тонналап қырылған балық… Бұл әлемге жария болып отыр… Осындай төтенше жағдайды түзеуге облыс ел Үкіметінен сұраған көмек жайы мәлімсіз. Сыр аяғы: Сарытерең, Тәуір, Сафуан, Тікаша бағыттарымен дария ағынын теңізге тарата құйғызу жоспары дайын тұр. «Көкарал» бөгетін бір құтқаратын шара осы. Атырауды байытатын ұтымды нұсқалар да осы. Тез жүзеге асса жақсы. Облыс әкімдігі осы мәселені алға нақты қойып отыр. Бұған қоса айтар едік: бірдеңгейлі Кіші Арал жүзеге асса, «Көкарал» саңылаусыз бекіп, бұл мәселе бір­жолата жабылар еді. Реттеуші шлюз Ақбасты ауылынан түсуі керек. Көп айтылған нұсқа. Енді бұл жұмыс, биік уәделерге сенсек, келесі аймақ басшылығына міндет деген үміт бар.

Осы күні тарих түбіне кеткен «Сарышығанақ» ісіне түрлі ниеттерде, қайта дем беру әрекеті де байқалады. САРАТС-1 кезеңінің тым төмен (42 м.) түсуі де, түбі осы паллиативке қайта оралуды көздеген бе?!. Мысалы, 46 м теңіз­ден гөрі, 42 метр суда шығанақ құрылысын салу оңай болмағы анық!.. Елде осындай да күмән бар… Егер ғайыптан-тайып  бір деңгейлі Кіші Арал жүзеге аспайтын болса, «Сарышы­ғанақтың» болғанынан болмағаны жақсы! Онсыз­ да жұтаған Сыр атырауы, Кіші Аралға тағы бір соққының қажеті жоқ. Жаңа экология­лық-әлеуметтік проблемалар туындату керек емес. Алақол «Сарышығанақ» ісі балықшы ауылдарды жартыкеш теңізден алыста, кәсібіндегі қиын проблемаларымен солай қалдырғалы отыр.

Тарих ескертуі бар: Аралмен бұлай «ойнаудың» қажеті жоқ!

Ал кеше тірілген Кіші Аралды 18 жілікке (телімг­е) бөліп, онан «олжа сауған» іскерлер үнсіз әліптің артын бағуда. Олардың тірліктері жаман емес, оңды-солды шаруаға мол жетіп жатыр..­. Бірақ олар халық үніне моральдық та, материалдық та үн қоспайды. Сірә, әліптің артын­  бағады. Ал Кіші Аралды пайдалану, онан балық аулау жайын айтсақ – бұл бір бөлек жыр… Сол теңіз әлі де толысып, туырылған тың айдын­дар қосылса, оны тағы жіліктеп алудан үміттер бар. Тек халықтық бастамада бұлар тарапта­н азаматтық тұғыр жоқ.

Осы ретте тағы бір жайтты айтпай кетуге болмас: Біздің кей жігіттер, ретті-ретсіз, Ресей­дің кей тұлғаларының «Кіші Аралды» көтеруде­гі ерен ерлігін ел алдында әспеттеуді әдетке айналдырды­. (Не мәніс?) Мысалы, Н.Аладьин деген петерборлық бір ғұлама теңізде жұмыс істеген (бірде, табандаған 3 ай жатып). Оған елден­ жылу жинап (әркім мал, пұл беріп), еңбек ақысын төлеген. Айту-саптауы, ол теңіз суын, тіршілігін зерттеген… Жақсы! Еңбегіне рақмет! (Аралдың едәуір мәліметі өлі теңізде 30 жыл жұмыс істеген­ Әбілхан Сариев сияқты өз жігіттеріміздің еңбегі­мен Аралдағы ҚазНИИРХ бөлімшесінде қаттаулы тұр-ау…) Теңіз суын зертте­у де мәнді ғой, негізі, Көкарал бөгетін көтеру еді елге қажеті. Ел табан тіреп отырған Солтүстік Аралды­ ежел жағасына жақындатуға жер сейіс халықтың нақты ұсыныстары тұр еді… Осы рет, 90-жылдары Мәскеуде болған бір жайттар­  еске  түседі. Бізге де сол кездері ресейлік біраз ғұлама қолқа салған: «Республика басшылығын­а, депутат­тарға әсер етіңіз, сөз өткізіңіз: Аралды зерттейміз, теңізді толтырып береміз; қолдан жауын жаудырамыз; құм басқынын­ тоқтатамыз!..». Ұсыныстар көп еді. Басты шарты – пәленбай миллион пұл болса болды… Көкейде өз пайдалары басым ондай жанашыр-ғұламалыққа біз рақмет айтып қана қойғанбыз… Әлгі ғұлама соны еске түсіреді. Енді ол мырза Арал жиынынан қалмайды, жігіттерді көгендеп тұр­ғызып, «Кіші Аралды» көтеруге оларды қалай «надоумить» еткенін айтады­, жігіттер оған бас шұлғиды. Қарап тұрсаң: бір жағы – кешегі «қызыл империядан» қалған ұлы ақылмандық, бір беті – төменшік психология – көне рухани үзір. Ол ғұлама еңбегіне­ рақмет, әрине. Тек, олар бізге Сібір суын Аралға әкелуге, үлкен Арал, «Возрож­дения» проблемаларын шешуге септессе кәне! Сондай күштілікте, соларды неге көтермеске? Сондай іскер болса, 15 жыл бойы САРАТС-2-ні  бастауға неге дем бермейді?

«Кіші Арал» – ел бастамасы, халық іздені­сінің  нәтижесі. Идея Елбасымыздың қолдауымен жүзеге аса бастаған. «Көкаралдың» жоба-негіздеулерін «Казгипроводхоз» мекемесі жасады.­

Бұл істі ары дамытуға үн көтерген ел абыздары Ә.Нұрпейісов, Т.Шарманов, Қ.Орман­таев, Н.Қыпшақбаев, М.Қаназов ел басшылығына Ашық хат жолдады («Түркістан» газеті, 2016 жыл). Біздің көзі ашық жігіттер осынау азаматтық талпыныстарды білмей ме? Өз тарихын көрмей, өзге «авторитеттерге» бас шұлғи беру не? Әлде, бүгін жазылып жатқан қазақ тарихы олар үшін тарих емес пе? Өз құндылығыңды тану – көшелі азаматтық; «өз ағасын ағаламаған, кісі ағасын жағалаған». Арал басында осындай да моральдық-өнегелік жайттар бар…

Белгілі су маманы, еліміздің Су шаруашылығы министрлігін өткен және жаңа тарихымызда 14 жыл басқарған Н.Қыпшақбаевтың сарал­ауынша, бүгін біз үшін өткір тұрған мәселе – Сырдағы 12 текше шақырым үлесті таза суым­ызды көздің қарашығындай сақтай алу. Және Кіші Аралды тұтастай көтеру. САРАТС-2 кезеңінің 7 құрамдас бөлігі және Кіші Аралды көтеру ісі – бұл алгоритм мемлекет деңгейінде мақұлданған.

Елімізде Іле-Балқаш, Алакөл, Жайық-Каспий атырабы мәселелері бүгін ізетпен ауызға алынады. Бейнелеп айтсақ, ол жерлер ел махаббатына бөленген. Бұл көңіл қуантады, өрке­ниетті қоғам нышаны. Ал Сыр-Арал ше? Ол да бүгін бар, ол да табиғаттың бір перзенті ғой. Және әлем қабырғасын қайыстырып отырған ерек жайт. Ендеше, Солтүстік Арал тірлігін сонша жыл созбұйдаға салған бұл не салғырттық? Сырдария суына деген тойымсыз әсірепрагматистік көзқарас қашан тыйылады?

Бір деңгейлі Кіші Арал қашан көтеріледі?

Арал үстінде айтылған биік сөз, иманды уәделер қайда?

Елге барған сайын, қиындықтан арылмаған бүгінгі теңіз жайын үлкендер көп айтады. «Көрінгенге жем етпей, көрінген баладан қорықпай, баяғы ата-баба үрдісінде еркін жүретін» Аралын аңсайды олар. Бұл – бір тың әңгіме тақырыбы. Солтүстік Арал көтерілсе, толымды теңізді енді «жіліктетпей», нарық ауанында, өзгелеу бір заңдылық жолын табуға да болар еді.

Сыр-Арал төңірегіндегі тірліктерге өркениет­ті ел үдерісінде жаңа технологиялар, ең басты­сы, ұлдық жанашыр көзқарас керек. Бүгін бүкіл әлем экология үнін көтерді. Ендеше Арал өлкесі енді көз жұмып, құлақ басып отыра бермес­. Үлкен Арал өмірге орала ма, жоқ па – бұны болашақ көрсетер. Бірақ, толымды Кіші Арал елге өзінің толық мәнінде, көп жылдар­ қызмет ететін болады. Солай екен, қазір беріліп тұрған тарихи мүмкіндікті ең ұтымды нұсқада жүзеге асыру шарт. Мұның уақыты келді. Ертеңі­н ойлаған­ қазақ қораны мол пішкен, үйді кең салған.­..  Болашақ  үшін. Ұрпақ  үшін.

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы,  эколог

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: