Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төрт құрылтайдың тезі Қызылордада түйіседі

14.01.2026, 12:11 80

Ұлттық құрылтайдың осыған дейінгі төрт отырысында ел дамуына қатысты талай ой айтылып, бастама көтерілді, қаншама уәде берілді. Бірі заңға айналды, бірі мемлекеттік бағдарламаға енді, енді бірі қоғамдық талқы деңгейінде қалып қойды. Алдағы Қызылордада өтетін бесінші құрылтайдың салмағы жеңіл болмақ емес. Бұл жолы бұрынғы төрт отырыста көтерілген идеялар мен ұсыныстар бір таразыға түсіп, олардың қайсысы қай деңгейде орындалғанын қарап бағамдайтын, өткенге шегініс жасайтын күн болғалы тұр. Сондықтан бұл құрылтайды төрт жиында айтылған ойлар «тезге салынып», түйінделетін, бағытымыз айқындалатын сәт деуге болады. 

Сонымен, бесінші отырыс Қызылордада өтпек. Тарихи астанаға құрылтайдың келуінің өзі алда үлкен меже тұрғанын көрсететін сыңайлыАл бұған дейінгі басқосуларда алға қойған міндет пен мақсат орындалды ма? Бұл құрылтайдан не күтеміз? Төрт жылға шегініс жасап, алдағы дүбірдің демін сезіп көрейік. 

2022 жылғы Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына жаңа құрылым құруды ұсынғанда, көбі «қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді» десті. Мұндағы негізгі ой қоғамдағы пікірді «тыңдау» мен ұсынысты «жинау» мәдениетін тұрақты институтқа айналдыруға тірелді. Бірақ сол жылдың 16 маусымында Ұлытауда алғашқы отырыс өтіп, жаңа формат жаңа леп әкелді. 

Құқықтық тұрғыдан алғанда, Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналады. Құрылтайдың міндеті қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету, билік институттары мен азаматтық қоғам арасында сындарлы диалог орнату бағытындағы ұсыныстарды тұжырымдау. Мұнда қоғам қайраткерлері, сарапшылар, өңірлердің өкілдері сөйлейді, күн тәртібіндегі тақырып бойынша тың ұсыныс беруге тырысады. Ал ұсыныстың іске асуы мемлекеттік органдардың қолына өтеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құрылтайдан кейін әр бастаманың қаралуы мен орындалу барысы бақылауда болатынын бірнеше рет айтқан. Соңғы жылдары құрылтай шешімдерін орындауға арналған жоспарлар қабылданып, мониторинг жүргізілетіні де жүйелене түсті. Мысалы, IV құрылтайдан кейін 53 тармақтан тұратын жоспар бекітіліп, заң жобаларын әзірлеу міндеті қойылғанын атап өтті. Құрылтай бастамаларының ізімен ішкі саясат қағидаттары жөніндегі тұжырымдамалық құжаттар, нашақорлыққа қарсы кешенді жоспар, өңірлік даму тұжырымдамасы секілді бағыттар күн тәртібіне шыққанын да жоққа шығаруға болмайды.

Дегенмен, құрылтайдың нақты саяси салмағы төңірегіндегі пікір екіұдай. Қолдаушылар оны «тың идеялар алаңы» деп бағаласа, сын айтушылар «өкілеті шектеулі кеңесші орган, формал диалог құралы» деп қарайды. Әділ өлшем біреу, ол – құрылтайда көтерілген ұсыныс қағазда қалып қоя ма, әлде шешімге, заңға, бюджетке, атқарылған іске айнала ма? Осы ой төңірегінде төрт отырыста не айтылды, ол бүгін орындалды ма, сол турасында толғаныс жасайық.

I құрылтай Ұлытау ұясында өтті 

Сол жылы 16 наурызда Қасым-Жомарт Қазақстан халқына жолдауында Қарағанды облысының бөлігінен Ұлытау облысының құрылатынын айтты. «Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім» — деді Мемлекет басшысы. Ұлытаудағы алғашқы отырыс саяси жаңғырудың бастауы болды десек артық емес шығар. Президент сөзінде реформалардың бағыт-бағдарын атап, жаңа мемлекеттік модельге өтудің қисынын түсіндіруге мән берді. Жиында ұлт бірлігі, құндылықтар жүйесі, қоғамдық келісім, саяси мәдениет секілді тақырыптар қозғалып, атыраптағы ағайын айтылған сөздерді жоғары бағалады. 

Ұлытауда «ел атауын өзгерту» деген ұсыныстарға Президент тоқтау айтып, ондай қадамның салдары көп екенін ескертті. 

Ұлытаудың нақты нәтижелерін айтқанда, 25 қазанды Республика күні ретінде қайта белгілеу ұсынысы бірінші кезекте тұрады. Ұсыныс қолдау тауып, кейін заңдық деңгейде рәсімделіп, мереке мәртебесі қайтарылды. Құрылтайдан «сөз шешімге айналуы мүмкін» деген үміттің күшеюіне осы оқиға әсер етті. Тіл саясаты, тарихи сана, өңірлік даму сияқты бағыттарда да ұсыныстар көтерілді.  Бұл құрылтай жұрт жадынды осы оқиғаларымен есте қалды. 

II құрылтай рухани астана Түркістан төрінде болды

Түркістанда өткен екінші құрылтай «Әділетті Қазақстан – адал азамат» деген идеяны қолдағаныны байқадық. Мұнда қоғамдық консолидация, мәдениет-руханият, әлеуметтік-экономикалық даму, білім-ғылым бағыттарындағы талқылар талданып, нақты меже қойылды. Салаға салғырт қарайтын басшыларға тапсырма беріп, мүлгіген тыныштықты морт сындыратын қарекетті көруге болады Түркістан отырысы мәдени-тарихи символика іспетті болғанын да жасырмаймыз. Президент ұлттық тарих пен тұлғаларға баға беруде идеологиялық ұстанымда болуды тілге тиек етті. Сонымен бірге, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне мәртебе беру жөніндегі бастамалар айтылып, кейін бұл бағытта шешім қабылданғаны да атап өтуге тұрарлық тірлік. Қоғамда кең талқыланған ұсыныстардың бір бөлігі жастар, тәрбие, кітап оқу мәдениеті, тіл саясаты сияқты саланы қамтыды.

Осы кезеңнің қоғам үшін өткір тақырыбының бірі вейп және жастардың никотинге тәуелділігі болды. Құрылтайда мәселе ашық қозғалып, кейін құқықтық шектеулерге ұласқан қадамдардың негізі ретінде жиі аталады. Сондай-ақ балалардың оқу мәдениетін көтеру, кітапханаларды жандандыру секілді бастамалардың қоғамдық маңызы жоғары болды. Түркістан құрылтайы құрылым жағынан да, мазмұн жағынан да «қоғамдық ұсынысты сүзгіден өткізетін алаңға» айналуға бет алғанын көрсетті.

Атыраудағы үшінші құрылтай екі күнге жалғасты. Онда көтерілген мәселелер ауқымы кең болды. Яғни  азаматтық қоғам, мәдениет, өңірлік даму, білім-ғылым, әлеуметтік қауіпсіздік саласы бойынша сындарды сөз айтылып, межеге мән берді. Осы құрылтайдан кейін әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі  туралы Заң қабылданып, нәтижесін көп өтпей көрдік. Сондай-ақ вейпке тыйым салу сияқты шешімдер де қоғамда құрылтаймен байланыстырылып түсіндірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесі, ономастика тәртібі, құмар ойындар, нашақорлық, қоғамдық денсаулық тәрізді күрделі блоктар да күн тәртібіне шықты.

Қоғам қайраткерлері құрылтайдың модернизацияланған кеңес дәстүріне ұқсайтынын айтып, тиімділігін атап өтсе, басөа көзқарастағылар ұсыныс орындалмаса, институттың беделі де, мәні де жұқарады деп пікір білдірді. мұны БАҚ беттерінен байқау қиын емес. Қалай десек те, үшінші құрылтайдан кейін заңнамалық және әкімшілік әрекеттер құрылтайдың құны мен қадірін арттыра бастады. Өйткені, осы тұста талай заңнама мақұлданып, Президент қол қойды. 

IV құрылтай Бурабай баурайында болды

Бурабайдағы төртінші құрылтайда да ұсыныстар жинақталып, жоспарға түсіріліп, жауапты органдарға бекітілетіні туралы нақты айтылды. Дәл осы отырыста 53 тармақтан тұратын жоспардың қабылдануы құрылтайтын қолдайтындардың санын көбейтті. Құрылтай бастамаларымен байланысты деп көрсетілетін тұжырымдамалар мен кешенді жоспарлар, өңірлік даму құжаттары осы кезеңде жиі алалып жүргенін байқау қиын емес.

Бурабайда белесіндегі отырыста әлеуметтік-экономикалық бағдарға тағы мән беріп, түрлі ұсыныс айтылды. Бюджет тиімділігі, өңірлер арасындағы теңсіздік, ресурстарды бөлу, шекаралық аумақтарды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылым секілді тақырыптар жиі көтерілді. Әлеуметтік-рухани салада да қоғамдық жобалар күн тәртібіне шықты. Құрылтайға қатысқан кей тұлғалар беталыстың басы жақсарғанын айтса, тәуелсіз сарапшылар «нәтижені есеп берумен емес, өзгерген өмірмен өлшеу керек» деген талапты алға тартады. Бұл талапты қисынды деуге болады, себебі құрылтайдың қоғамдық заңдылығы дәл осы жерде қалыптасады. 

V құрылтай тарихи астана Қызылорда қаласында өтеді. Не күтеміз?

Ұлттық құрылтай Қызылордада өтеді дегенді естігенде, мәндетті түрде мына екі тақырып қозғалады деген ой келді. Оның бірі – Арал теңізі болса, екіншісі – Сырдың экологиялық әлеуеті. Қызылордада талқылануы мүмкін бағыттар осы. Дегенмен, тарихи сана, ұлттық келісім, мәдени саясат, жастар тәрбиесі бағытында да айтылар дүние аз болмайды деген ойдамыз. Мұнда саяси реформалардың жалғасы, Парламенттің рөлі, мемлекеттік аппараттың есептілігі, заңнамалық жаңарту мәселелері да қозғалады деген сенім бар. 

Ұлттық құрылтай кеңесші орган мәртебесінде қала береді, бұл оның табиғаты, саяси әсері. Ал әсер институттың қоғамды сендіре алу қабілетіне, көтерген ұсыныстың мемлекеттік шешімге айналу жылдамдығына, ең бастысы өмірде көрінетін нәтижеге тәуелді. Соңғы төрт отырыс бір нәрсені байқатты, ол – құрылтай қоғамдық күн тәртібін қалыптастыруға, кей мәселелерді «рұқсат етілген» саяси талқы деңгейіне шығаруға, кей ұсынысты заңнамаға дейін жеткізуге қауқарлы. Солай бола тұра, күдікпен қарайтындар да болғаны бастаған істі соңына жейін жеткізуге ықпал етеді. Өйткені, билік даму жолында өзін дәлелдеу принципін  ұстанса, қазіргідей мәселелер мен жалған уәделер азаяды. Қызылордадағы бесінші құрылтайдың мәні де осы жерде. Бұған дейін айтылған ұсыныстардың ендігі тағдырын қоғам тек тыңдап қоймай, нәтижесін де көруі керек. Демек, Қызылорда отырысы құрылтайдың жаңа деңгейіне бастау болар деген үмітіміз жоқ емес. Сол талап орындалса, құрылтайдың беделі артады. Орындалмаса, қоғамның күдігі күшейе берері хақ. Бесінші құрылтайдан күтеріміз осы, ал қалғаны бос әңгіме. 

Коллаж автордікі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: