Бұл жолғы саяси жүріс те өз «сценариімен» өтті. Әлгі Қызылорда облысынан ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына өткен сайлауды айтамыз. Бұған дейінгі осы басылымда жарияланған «Үмітті үшеу» тақырыбындағы мақалада айтылғандай, додаға «допуск» алғандардан «адымы» алға бастап тұрғаны – «сүйкімі» бары бұрынғы облыстық мәслихаттың төрағасы Наурызбай Байқадамов екені анық еді. Үмітті үшеудің ішіндегі «үкілісі» сөзсіз Сейтқалиұлы болатынын меңзеп, «Ол кезінде мәжіліс сайлауында бақ сынап көрген, былтырғы сенат сайлауына да қатысуға ниет қылып, кейіннен өз кандидатурасын алып тастаған болатын. Енді қос қарсыласына қарағанда, оның «мысы» басып тұрғанын жасырудың реті жоқ. Демек, Сейтқалиұлының сенатор болуға мүмкіндігі жоғары» деп «құмалақ» ашқан едік. Кешегі бейсенбіде өткен сайлауда сол «болжамымыз» шындыққа айналды.
Сонымен, Сенат депутатын таңдаушылар – мәслихаттардың депутаттары болып табылатын республика азаматтары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Сайлау таңдаушылардың бірлескен отырысында өткізілді. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, Қызылорда облысы бойынша таңдаушылар тізіміне енген 152 мәслихат депутатының (облыстық, қалалық, аудандық. – авт.) 147-сі қатысып, өз таңдауын жасады. Нәтижесінде үміткерлердің ішінде қатысушылардан Наурызбай Байқадамов 116 дауыс (78,9%) жинап, басымдыққа ие болды. Ал, Алмасбек Есмаханов – 17, Абайбек Жүнісов 12 дауыс алды. Бір адам «бәріне қарсы», бір бюллетень жарамсыз болған.
Бізде әрбір саяси істің едел-жедел болғаны биліктің өзіне тиімді тәрізді. Мұның өзі бәрінің де алдын ала «сценариі жазылып» қоятынын бағамдатса керек. Сайлау болған күні ертеңіне-ақ облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІІІ сессиясы өтіп, онда сенатор атанған Наурызбай Байқадамовтың мәслихат депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды.
Облыс әкімі Н.Нәлібаев оны жаңа қызметімен құттықтап, сәттілік тіледі. «Өңірде атқарылған ауқымды іс-шаралардың әркез басынан табылып, облыстық мәслихаттың төрағасы ретінде халық қалаулыларын мақсатты жұмыстарға жұмылдыра білген Наурызбай Сейтқалиұлының еңбегін ерекше атап өту қажет. Наурызбай Сейтқалиұлы тарих ғылымдарының кандидаты ретінде ғылым саласында нәтижелі еңбек етіп, әр жылдары ауқымды әрі күрделі сала облыстық білім басқармасының басшысы, облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихаттың хатшысы, төрағасы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы қызметінде нәтижелі жұмыстар жүргізді. Облыстық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы ретінде жұмыстарды жоғары деңгейде үйлестіріп, ел мүддесі жолында адал қызмет еткен Наурызбай Сейтқалиұлына Сыр өңірі халқының және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін», – деді аймақ басшысы.
Иә, Наурызбай Байқадамовты бұрын университетте ғалым ретінде жақсы білетін едік, бертін келе мемлекеттік қызметке «топ» ете түсті. «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қызылорда облыстық мәслихатының 6-шы, 7-ші, 8-шақырылымында мәслихат хатшысы және өзге де жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Қызмет барысында өңірдің идеологиялық бағыттағы маңызды жұмыстарына атсалысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Ресми мәліметтер осылай сөйлейді. Ал, қарапайым халық енді төрағалықтан сенаторлыққа барған азаматтан жігерлілік күтіп, күлбілтеленбей, билікке де бейілді бола бермей, турасын айтып, жауапкершілік жүгін адал атқарғанын қалайды.
Қызығы сол, осы сессияда облыстық мәслихаттың төрағасы да сайланды. Әрине, бұл орынның «егесінің» кім болатыны да күні бұрын ел ішінде айтылып жүрген. «Халық айтса, қалт айтпайды». Солай болып шықты. Яғни, сессияда аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов қалыптасқан бос орынға (өкілеттігі тоқтаған депутаттың орнына. – авт) 2023 жылдың 19 наурызынан бастап «AMANAT» партиясы облыстық филиалының партиялық тізіміне бірінші болып тіркелген Мұрат Тілеуімбетовтың жаңа депутат ретінде тіркелгенін хабарлады. Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес ашық дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшiлiк дауысымен Мұрат Жолкелдіұлы Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы болып сайланды. «Осы кезге дейін Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарып келген Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы өздеріңіздің қолдауларыңызбен қызметін Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жалғастыратын болады. Мұрат Жолкелдіұлы – 15 жылға жуық мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшы. Мұрат Жолкелдіұлына осы кезге дейін атқарған қызметіне алғыс білдіріп, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы болып сайлануымен құттықтаймын! Қазіргі әлемде болып жатқан дағдарыс пен елде қалыптасқан қиын кезеңде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстарды депутаттық корпуспен әрі қарай жандандырып, жүйелі түрде жүргізеді деп сенеміз. Алдағы уақытта бірлесіп атқарар жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деді облыс әкімі.
Иә, Мұрат Тілеуімбетовтың да мемлекеттік қызметке келгені кеше ғана, оған дейін оны кәсіпкер ретінде танып білдік. Одан кейін қала әкімінің орынбасары болғанын көрдік, бірқатар басқарманы басқарды, соңғы қызметі – Жаңақорған ауданының әкімі. Бұл ауданды 2 жылдан аса басқарды, қандай аты мен заты қалды, оны сол елдің азаматтары жақсы біледі. Енді тәңір тілеуін беріп, әкімдіктен төрағалыққа келген Жолкелдіұлының жаңа қызметтегі жолы қалай болады, оны уақыт көрсетеді. Бастысы, азаматтарға сенім артылған екен, сол сенімге селкеу түсірмей, адал қызмет еткені керек.
Айтпақшы, енді жұртты «Жаңақорған ауданының әкімі кім болады екен?» деген сауал мазалап жүр. Ол сұрақтың да жауабын бірер күнде білетін боламыз.
Н.КЕНЖЕТАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!