Қазір 3 жастағы балалардың көбі дұрыс сөйлей алмайды, бірақ планшеттен сүйікті мультфильмін оңай таба алады. Біз гаджеттердің арасында өмір сүріп үйреніп қалдық, алайда олардың бала миына қалай әсер ететінін ұмытып барамыз. Бала тамақты тауысып қоюы үшін, оны киіндіріп жатқанда жыламас үшін немесе кезекте тұрғанда баланы тыныштандыру үшін оған телефоннан мультфильм қосып беруіңіз мүмкін. Бір күнде болған барлық жағдайды еске түсірсеңіз, кейде экран алдындағы уақыт бір сағаттан асып кетеді. Мысалы, 1 жасқа толмаған бала үшін бұл уақыт өте қауіпті, өйткені ол бала дамуын бұзады.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ойынша, 1 жасқа толмаған балаларға кез келген экранды мүлдем қарауға болмайды. Балалар өз өмірінің алғашқы жылында жоғары қарқынмен дамиды, тіпті, аз экрандық уақыттың өзі оның дамуына қауіп төндіреді. Көзге шамадан тыс күш түскен кезде бас миының қанмен қамтамасыз етілуі бұзылады. Ал 2 жас пен 4 жас аралығындағы балалардың экрандық уақыты күніне 1 сағаттан аспауы керек. Бұл жерде баланың экрандық уақытты қалай алып жатқаны маңызды емес: ол мультфильм қарауы, планшетте ойын ойнауы немесе теледидар жай фон ретінде қосулы тұруы мүмкін.
Көпшілік үйде теледидарды ешкім қарамаса да, ол күні бойы фон ретінде қосулы тұрады. Ата-ана ол балаға ешқандай зиянын келтірмейді деп ойлайды. Олар баланың жөнді теледидарға қарап отырмағанын айтады. Алайда қарапайым фонның өзі де экрандық уақыт болып саналады. Дәрігерлердің пікірінше, фондық шулар – балаларда сөйлеу дамуының кешігуінің негізгі себептерінің бірі. Көпшілік невролог-дәрігерлердің ойынша, бала тілінің кеш шығуының екі негізгі себебі бар. Біріншісі – ми ишемиясы, яғни, оттек жетіспеуі. Екіншісі – фондық шулар. Оларға барлық алаңдатушы факторлар жатады: теледидар, ұялы телефон, планшет, радио, тіпті, қаланың өте қатты шулары.
Экрандар миға есірткі секілді әсер ететіні ешкімге құпия емес. Экрандарға қарау кезінде ләззат гормоны бөлінеді, сондықтан да ми оны қайта-қайта сұрай береді. Ашық түстер, жиі жылтылдайтын суреттер, жылжымалы эффекттер, интерактивті элементтер және түрлі өткір дыбыстар миға күшті ынталандырушы әсер береді. Бала оған қараған кезде «теледидар қосылды – ми сөндірілді» эффектісі іске қосылады.
Ата-ананың балаға бере алатын ең құнды нәрсесі – уақыт. Баламен бірге ойнау, онымен әңгімелесу, оған назар аудару, сүйіспеншілік пен қамқорлық сыйлау – баланың дұрыс әрі толыққанды дамуына қажетті негіз. Оны ешбір мультфильмдер мен гаджеттер алмастыра алмайды.
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!