Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тазалыққа талпынған шиеліліктер

01.03.2023, 15:35 189

HALYQLINE.KZ Бүгін аудан әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен «Көрікті менің – Шиелім» атты көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау тақырыбында семинар-жиыны өтті.

Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, аудан ардагерлері, дербес бөлім басшылары, ірі шаруа қожалық төрағалары мен аудан тазалығына бей-жай қарамайтын аудан азаматтары қатысты.Аудан әкімі Шиелі жұртын алғыс айту күнімен құттықтап, тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына мемлекет басшысы мен аймақ басшысының ерекше ықылас танытып отырғанын, бұл бағытта Шиелі ауданында да биыл көптеген жобалар қолға алынып, іске асырылатынын жеткізді.

– Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында: «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатындығын және бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді» деп өңір басшыларына ағаш отырғызуды ұйымдастыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы жыл басындағы тұрғындар алдындағы кездесуде «Биылғы жылы тұрғындардың көгалдандыру шараларына белсенді қатысуын ынталандыру мақсатында бағалы жүлделер тағайындалып, «Үлгілі ауыл», «Үлгілі көше», «Үлгілі аула», «Үлгілі тұрғын үй» арнайы конкурстарын өткізетін боламыз» – деген болатын.

Сондықтан аталған ауқымды бастамадан біздің Шиелі ауданы да шет қалмай, тазалық тақырыбын басты ұстаным етіп, аудан аумағын таза ұстауға, жасыл желекке орап, көркейтуге бар күшімізде жұмсаймыз. Дегенмен мұнымен шектеліп қалмай, сүйікті ауданымызды жалпы халық болып бірге таза ұстасақ, бұл іске әрбір тұрғын жанашырлықпен атсалысса деген ниетіміз бар. Болашағымыз баянды, ұрпағымыз салауатты, келешегіміз кемел болсын десек, үй-іші отбасынан бастап, аймағымызды гүлдендіруге, абаттандыруға, көркейтуге атсалысайық!, – деді аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы.

Мұнан соң, аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов және аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаев сөз алып, тазалық жұмыстарының барысын және де қоршаған ортаны ластаған азаматтарға қолданылатын заң шараларымен таныстырды.

Мәселен полиция бөлімінің бастығы Д.Беркімбаевтың айтуынша, жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны үшін барлығы 145 азаматқа әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, оларға жалпы сомасы 1 млн 543 мың 875 теңге айыппұл салынған. Мұнан бөлек, жасыл желектерді бүлдіру, қалалар мен елдімекендерді көріктендіру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік кодекстің 505-бабымен 195 азаматқа әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, ескерту берілген. Аталған деректердің 50 пайызы бейнебақылау камераларының көмегімен анықталған көрінеді. Дегенмен полиция бөлімінің бастығы аталған шаралардың өзгенің қалтасын қағуға емес, ең алдымен аудан тұрғындарын тазалыққа үйрету үшін жасалып отырғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, семинарда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет, кәсіпкер, VII шақырылым депутаты Насыр Мырзабековтер сөз алып, барша аудан жұртшылығын игі бастаманы қолдап, бірге атсалысуға шақырды. Келесі кезекте, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжолов сөз алып, аймақта қолға алынған «Үлгілі елді мекен» конкурсының шарттары мен жүлде қорын таныстырды.

Мәселен, конкурс талаптарына сәйкес «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша I орын алған кентке 1) қалдық тасымалдаушы «МАЗ» жүк көлігі; 2) Арнайы жол тазалағыш; 3) «КАМАЗ» көліктері; II орынға 1) Су шашатын көлік; 2) Қалдық тасымалдаушы «МАЗ» жүк көлігі; Жол тазалағыш тракторы көліктері; III орынға 1) Ассенизатор машинасы; 2) жол тазалағыш трактор көлігі берілмек.Ал, «Үлгілі ауыл» номинациясында жеңімпаз атанған ауылдық округтерге I орынға 1) жер қазушы трактор; 2) жүк тасымалдау көлігі; II орынға 1) Жер қазушы трактор 2) Тіркеме; III орынға тіркеме жүлде ретінде берілмек.Содан соң Ғабит Аманжолов Шиелі ауданы бойынша ұйымдастырылатын «Үлгілі ауыл», «Үлгілі көше», «Үздік мекеме», «Үздік кәсіпорын», «Үздік кәсіпкерлік нысан» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» конкурстарының ережесін де таныстырып өтуді жөн санады. Айта кетейік, аталған байқауларды ұйымдастырудағы негізгі мақсат елдің тазалыққа деген ынта-жігерін ояту болып отыр.

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: