Қала әкімі Асылбек Шаменов пен қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев Тасбөгет кентінде болып, тұрғындарға кенттің жаңа әкімін таныстырды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізге сала кетсек, 10 желтоқсан күні Тасбөгет кенті әкімінің сайлауы өткен болатын. Сайлауға өзін-өзі төрт кандидат ұсынды, оның 1-еуі мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты кандидаттықтан алынды. Округ бойынша 18763 сайлаушының 14744-і өз таңдауын жасады. Сайлау қорытындысына сәйкес, Тыныштықбай Айдын Маратұлы 10 099 (68,58 пайыз) дауыс жинап, Тасбөгет кентінің әкімі болып сайланды.
Айдын Маратұлы 1993 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жоғары білімді.
Еңбек жолын 2017 жылы Қызылорда қаласы әкімі аппаратының статисті ретінде бастаған.
2017-2022 жылдары қала әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және құқық қорғау органдарымен байланыс бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы;
2022–2023 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы;
2023 жылдың ақпан айынан бастап Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қызылорда облысы әкімдігінің іс басқармасы» КММ директоры қызметін атқарып келді.
Жиында қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймұрзаев жаңадан сайланған әкімге куәлік табыстады. Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы кент әкіміне мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және елді мекенді дамытуды, халықпен кеңесіп жұмыс істеуді тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!