Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихи таңдау һәм жаңа Конституция

19.03.2026, 9:20 67

Кешегі жексенбіде елімізде республикалық референдум өтіп, оның нақты қорытындысы ресми түрде жарияланды. Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы саны 12 482 613 адамды  құрады. Соның 9 127 192-сі дауыс беруге қатысып, қатысу көрсеткіші 73,12 пайыз болды. Референдумға шығарылған мәселенің оң шешімін 7 954 667 азамат, яғни дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызы қолдады. Теріс шешімді жақтап 898 099 адам дауыс берсе, 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылды. Осыған байланысты Орталық референдум комиссиясы «Сіз жоба­сы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақ­па­рат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабыл­дайсыз ба?» деген сұрақ бойынша рефе­рендум өтті деп есептелетінін, сондай-ақ жаңа Конституция қабылданды деп танылатынын хабарлады. Бұл жолғы таңдау жекелеген баптарға өзгеріс енгізу туралы емес, мемлекет құрылымын, билік тармақтары арақатынасын және президент институтының орнын жаңаша айқындауға бағытталған тұтас конституция­лық үлгі жайында болды. Алғашында парламенттік реформа ретінде көтерілген мәселе уақыт өте келе кең ауқымды конституциялық қайта қарауға ұласып, 2026 жылғы қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия әзірлеген жаңа жоба жалпыхалықтық дауысқа шығарылды. Ақырында бұл бастама 2026 жылғы 11 ақпанда референдум өткізу туралы жарлықпен  ресми  рәсімделді.

Дегенмен, ел тағдырын айқындайтын ірі мәселелерді халық талқысына салу қазақ қоғамы үшін мүлде тосын ұғым емес. Арғы тарихқа көз салсақ, Қазақ хандығы дәуірінде мемлекет болашағына қатысты түйін­ді түйткілдер құрылтайларда, хан кеңестерінде, билер мен игі жақсылар қатысқан алқалы жиындарда қаралып отырған. Әрине, ол бүгінгі құқықтық сипат­тағы референдум емес. Бірақ жұрт тағдырына қатыс­ты ірі шешімдерді көпшілік алдында таразылап, ортақ мә­мілеге келу дәстүрі сол кезеңдерден бастау алғаны анық. Тәуелсіз Қазақстан тұсында бұл үрдіс заманауи саяси-құқықтық мазмұнға ие болып, республикалық референдум мемлекеттік шешім қабылдаудың ресми тетігіне айналды. Сол себепті биыл 15 наурыздағы дауыс беруді бір күндік саяси науқан ретінде ғана бағалау жеткіліксіз. Мұны тарихи дәстүр, билік бастамасы және қоғам алдына қойылған жаңа конституциялық таңдау тоғысқан күрделі кезең десек артық емес. Алайда ауқымды саяси науқанның көлеңкелі қырлары да болды. Дауыс беру күні журналистер жұмысына қатысты кедергі жасалып, ұстап әкету мен қысым көрсету туралы ақпарат тарады. Бұл жайттар науқанның ашықтығы мен сенімділігіне байланысты күдік ұялатқанын да айта өткен жөн. Дегенмен, ол туралы  сәл  кейінірек.

Өңірлік белсенділікке назар аударып көрейік. Кешкі 20:00-дегі алдын ала мәлімет бойынша ең жоғары қатысу Қызылорда облысында – 93,4 пайыз, ал ең төмен көрсеткіш Алматы қала­сында – 33,43 пайыз болған. Шығыс Қазақстан облысында 86,42 пайыз, Түркістан облысында 84,03 пайыз, Шымкентте 75,82 пайыз, Павлодар облысында 75,51 пайыз қатысу тіркелді. Астана 60,36 пайызбен орта­дан төмендеу көрінді. Осыдан кеп, өңірлерде әкімшілік және қоғамдық жұмылдыру деңгейі әлдеқайда жоғары, ал ірі қала­ларда, әсіресе Алматыда саяси скепсис пен дистанция айқынырақ  байқалды.

Қазақстанда тәуелсіздік ал­ғалы бері бірнеше референдум өтті, ал конституциялық сипаттағы ірі жалпыхалықтық нау­қанның ішінде 1995 жылғы Ата заңды қабылдау референдумы мен 2022 жылғы түзетулер ре­ферендумы  ерекше аталады. 2026 жылғы дауыс беру­дің айыр­масы – бұрынғы құжатқа өзгеріс енгізу емес, жаңа конститу­циялық конфигурацияны бекі­туге ұмтылысында. Сол себепті бұл науқанның салмағы да жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 нау­рыз күні дауыс берген соң бұл күнді «еліміздің дамуы мен келе­шегі үшін ерекше маңызды күн» деп атады. Ресми түсіндіру желісі бойынша жаңа Конституция Қазақстанды жаңғыртуға, мемлекеттік инс­титуттарды бейім­деуге және бо­ла­шаққа  бағытталған  басқару  үлгісін  орнықтыруға тиіс.

Алайда ресми баяндау мен тәуелсіз бағалаулардың арасында елеулі алшақтық бар. Associated Press халықаралық ақпарат агенттігі бұл референ­дум президент Тоқаевтың билігін күшейтетін өзгерістерді бекітуі мүмкін екенін жазды. Енді дауыс берудің нәтижесінде жаңа модель қос палаталы парламентті бір палаталы жүйе­ге көшіреді, президент ықпалын­дағы жаңа Халық кеңесін құруды қарастырады және вице-президент қызметін қайта енгізеді. AP тілдескен сарапшы Марио Бикарски мұндай өтпелі кезең демократияны күшейтуі екі­талай екенін, өйткені президенттік өкілеттіктердің ауқымы кеңейетінін айтты. Ал Карнеги орталығының сарапшысы Темур Умаров жаңа Конституция президенттік мерзімдерді қайта санауға құқықтық саңылау ту­ғызуы мүмкін деген пікір білдірді. Бұл пікірдің бәрі рефе­рендумның саяси мәні тек реформадан емес, билікті қайта шоғырландыру ықтималынан да ізделіп  отырғанын  көрсетеді.

ODIHR-дың 25 ақпанда жария­ланған құжаты да бұл кү­мәндерді жұмсартпайды. Онда бірқатар сұхбаттасушы ұсынған өзгерістер 2022 жылғы реформалардың кейбір қырын әлсіретуі мүмкін деп бағалаған. Сонымен бірге құжатта жобаны әзірлеу барысының ашықтығы жеткі­ліксіз болғаны, инклюзивті талқылау шектеулі өткені және сайлаушыға мұндай ауқымды мәтінмен саналы түрде танысып шығуға уақыт тым аз берілгені атап өтілген. Бір сөзбен айтқанда, болары болса да, санадағы сауалға жауап алынбадының кері. Зерттеу порталдарының мәліметіне қарағанда, науқанның ашықтығы азайып, қашық қарау әрекеті артқанын байқаймыз.

Қоғам бұл референдумды бірдей қабылдаған жоқ. Қолдағандар оны елдегі тұрақтылықты сақтай отырып, басқару жүйе­сін жаңа кезеңге бейімдеудің жолы деп түсінді. Ресми ақпарат алаңында да осы ұстаным көбірек айтылды. Қазіргі күрделі жағдайда мемлекетке икемді, тез әрекет ететін басқару тетігі қажет деген пікір алға шықты. Ал күмәнмен қарағандар мәселені басқа қырынан қойды. Олардың айтуынша, қоғам 2022 жылдан бері әділеттілікке, ашықтыққа, есеп беретін билікке және шынайы саяси бәсекеге сұраныс білдіріп келеді. Сондықтан жаңа Конституция жобасы осы үміттердің бәріне нақты жауап бере ме деген сауал туындайтыны заңды. Human Rights Watch халықаралық ұйымы да осыған назар аударып, 16 ақпанда жариялаған мәлімдемесінде ұсынылған жоба атқарушы биліктің ықпалын күшейтіп, тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін әлсіретуі  мүмкін  екенін  ескертті.

Референдум төңірегіндегі ең өзекті мәселелердің бірі сөз еркіндігі мен журналистердің жұмыс жағдайына қатысты болды. Билік бұл науқанның ашық өткенін көрсетуге тырысты. Мәселен, шетелдік журналис­терге аккредитация беріліп, ресми мәлімет бойынша референдумды жариялау үшін 31 елден тілшілер тіркелген. Алайда осы көріністің көлеңкелі тұсын да тілге тиек етсек. Ел ішіндегі тәуелсіз медиа өкілдері мен құқық қорғаушылар журналис­терге кедергі келтіру, қысым көрсету, кейбірін уақытша ұстап әкету сияқты жағдайлар бол­ғанын айтты. Азаттық бұл мәселеге арнайы тоқталып, референдум күні бірнеше журналистің жұмысына бөгет жасалғанын жазды. Legal Media Center ұйы­мының заңгері Гүлмира Біржанова редакциялық тапсырмасы мен аккредитациясы бар журналистің кәсіби қызметіне ешкімнің араласуға құқы жоқ екенін мәлімдеді. Сондықтан референдумның ашық өткені туралы ресми мәлімдемелермен қатар, ақпарат алаңындағы еркіндік деңгейіне қатысты күмәннің де болғанын ескер­меуге  болмайды.

Қысым референдум күні ғана шектелмеген. The Diplomat агенттігі ақпанда және наурыз басында бірнеше материал жариялап, журналистер мен редакциялардың референдумға қатысты қоғамдық пікір сұрағаны үшін айыппұлға тартылғанын, әлеуметтік желідегі аккаунт­тардың шектелгенін және цензуралық қысымның өскенін жазды. Соның ішінде Uralsk Weekly басы­лымына, Азаттық журналисі Мақпал Мұқанқызына қатыс­ты айыппұлдар аталды. Orda.kz те осындай істер болғанын, Мәдениет және ақпарат министрлігі оларды заң талаптарының бұзылуымен түсіндіргенін хабарлады. Қағаз жүзінде бәріне түсініктеме табылар. Бірақ референдум кезінде халықтың пікірін сұрағаны үшін журналистер жазаланса, онда ақпараттық ашықтық туралы әдемі сөздердің сәні де, салмағы да жоқ. Мұның референдумның ашықтығы мен сенімділігіне әсері қандай? Тікелей айтқанда, еркін ақпарат айналымы шектелген жерде ресми нәтиже заңды болуы мүмкін, бірақ қоғамдық легитимдігі жайлы пікірталас бәрібір жалғасады. Себебі ашық референдум тек бюллетень санаумен өлшенбейді, ол пікір алуандығының қор­ғалуы, қарсы көзқарастың естілуі, журналистің еркін жүруі, қоғамдық сауалнаманың қылмысқа айналмауы арқылы бағаланады. Сөз бостандығы мен журналистердің құқығын қорғайтын халықаралық ұйым Reporters Without Borders-тің Қазақстандағы медиаахуалға берген жалпы бағасы да осы сөзімізді қуаттайды. Ұйым ел медиа кеңістігін репрессивті рефор­малар  әбден  әлсіретке­нін, тәуелсіз редакциялар тым аз қалғанын  жазады.

Референдум науқанының бас­ты тізгіні президенттік би­ліктің қолында болды. Жаңа Конституцияны дайындау тура­лы бастама жоғарыдан көте­рі­ліп, арнайы комиссия құрылды, жоба жарияланды, ал оны қоғамға түсіндіру ісі негізінен ресми институттар мен мемлекеттік ақпарат алаңдары арқылы жүргізілді. Бұл жағынан алғанда, референдумды билік бастап, билік жүргізіп, билік қорытындылаған саяси үдеріс деуге болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы өзгерістердің негізгі саяси авторы ретінде алдыңғы қатарда тұрды. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да дауыс беріп, бастаманы қолдауы бұл науқанның билік сабақтастығы аясында өткенін аңғартты. Ал қарсы пікірдегі топтардың үні ресми ақпарат ағынының тасасында көмес­кілеу  естілді.

Сонымен, референдум қорытындысы ресми түрде жаңа Конституцияны қолдағанын көрсетті. Ендігі негізгі мәселе – осы шешімнің ел өміріне қандай өзгеріс әкелетіні. Егер жаңа нормалар мемлекеттік басқаруды ашық етіп, билік тармақтарының жауапкершілігін күшейтіп, азаматтардың құқығын қорғауды нақтырақ қамтамасыз етсе, бұл референдум шын мәнінде саяси бетбұрысқа айналуы мүмкін. Ал егер өзгерістер жоғары билік құрылымдарын қайта реттеумен ғана шектелсе, оның қарапайым халық өміріндегі әсері әлсіз сезіледі. Халық дауыс берді, енді сол таңдаудың шынайы  бағасын  уақыт  береді.

Е.ҚАЛИЕВ

P.S. Айтпақшы, бүрсігүні Мемлекет басшысы бұл сәтті ел тарихындағы айрықша маңызы бар оқиға ретінде бағалап, бүкіл халық атынан Ата заңға және Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми күшіне енеді, ал Конституция күні бұдан былай жыл сайын 15 наурызда ұлттық деңгейде аталып өтеді. Президент өз сөзінде «Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді!» деп атап өтті.

Коллажды жасаған автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: