Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Танысыңыздар: Сыр елінің талантты актері Нұрлыбек Төлеген

07.02.2024, 9:25 266

HALYQLINE.KZ

Астанадағы Жастар театрының талантты жас актері Нұлыбек Абдрасулұлы Төлеген Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде 1987 жылдың 18 шілдесінде кәсіби актерлар отбасында дүниеге келді. Әкесі Абдрасул мен анасы Ұлжан Ахметовтер Алматы қаласын М.Әуезов атындағы қазақтың академиялық драма театры жанындағы студияны бітіріп, Қызылорда қаласындағы Нартай Бекжанов атындағы облыстық драма театрында еңбек жолын бастап, осы театрда бір-біріне партнер болып, талай рольді сомдаған. Осы тұста «Алма ағашынан алысқа түспейді» деген мақал еріксіз еске түсті.

Нұрлыбек мектепте оқып жүргеннен қазақтың қара сөзін көркем тілмен жеткізуде қатарына қарағанда көзге түсті. Сол кезде өтіп тұратын апталық, түрлі тақырыптағы дебаттарға, алтын күз, т.б. сайыстарда жүлделі орын алып, КВН командасының жетекшісі болды. 2005 жылы Жанқожа батыр атындағы №70 мектепті бітірісімен Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түсті. Нұрлыбектің ұстаздардан жолы болды, бастауышта білікті мұғалім Күміскүл Ерімбетова болса, жоғары сыныпта қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстазы, «қазақты түсіну үшін алдымен Абайды оқыңдар» және әр сөзінде «Абай дара, Абай дана қазақта» деуден шаршамаған ұстазы Несібелі Пірімбетова апайы болды. Академиядағы ұстазы ҚР-на еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Нұрқанат Жақыпбаев тобында болып, актер болудың қиыншылығын игеруге бар ынта-жігерін салып оқуын қадағалады. Академиядағы екінші кураторы халық артисі, «Тамашаның тарланы» атанған Құдайберген Сұлтанбаев болды. Бір сәйкестігі: сонау совет заманында театр студиясында оқыған әке-шешесі Абдрасул мен Ұлжанға да Құдайберген ұстазы дәріс беріпті. Нұрлыбек Төлеген екінші курстан бастап барлық пәнді «үздік» бағаға үлгергесін, Президенттік шәкіртақыға ілінді. Осы деңгейді академияны бітіргенше ұстап жүріп, Өнер академиясын «музыкалық театр актері» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді (фото). Сондай-ақ, осы екінші курстан бастап Академия студентерінің президенті болып, Алматыдағы ЖОО орындарының құрылтайына қатысып жүріп, ұлы ақын Мұхтар Шахановпен етене араласып кетті.

2010 жылы Астанада Жастар театрын ұйымдастырып ашуды мәдениет министрі Нұрқанат Жақыпбаевқа тапсырды. Белгілі ұстаз республиканың әр жерінен талантты жастарды шақыра бастады, солардың ішінде дипломды қорғағалы жүрген, өзінің шәкірті Нұрлыбек Төлеген де болды. Жастар театрының бас режиссері міндетін мойнына алған ұстазы Нұрқанат Жақыпбаев жоғарғы жаққа жас маман актерлердің баспана мәселесін де қоя білді. Нәтижесінде 2019 жылы Нұрлыбекке үш бөлмелі пәтер кілті берілді. Қазақтың «үй болмай, күй болмайды» дегендей, күйбңң тірліктен құтылып, пәтерлі болған жас актерлер алаңсыз театр жұмысымен айналысуы өз нәтижесін берді. Жастар театры қазір республикадағы жетекші театрлардың алдыңғы қатарынан көрінуде, бірыңғай талантты жас актерлер театрының әр қойылымы Астана тұрғындары мен қала қонақтары үшін қуаныш сыйлауда. Сол жас талантты актерлердің алдыңғы қатарында мен мұғалім болған мектептің түлегі Нұрлыбек Төлеген де бар. Театрда талантты актерлер топтасқан, оны Нұрлыбек сомдаған рольдерден білуге болады. Классика болып табылатын «Ревизорда» (трагифарс) – Добчинский, «Асауға тұсауда» (комедия) – Гортензио, «Қыз Жібекте» (мюзикл) – Шеге, «Айман-Шолпан» (музыкалық комедия) – Көтібар, «Золушка» (ертегі) – Ханзада мен Падэтруа, «Ветсайд оқиғасында» (мюзикл) – Бернардо мен Чино, «Тырау-тырау тырналарда» (драма) – Баттал, «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…»-та (сахналық повесть) – Сұлтан, «Диляфруздың төрт күйеуінде» (комедия) – Смағұл, «Жер мен көктің арасында» (мелодрама) – Боб, даяшы, дәрігер, «Үй таңдаған лақта» (ертегі) – Қасқыр, «Ұр тоқпақ!»-та (ертегі) – Қазыбай, «Алтын балапанда» (ертегі) – Қасқыр, «Алғашқы махаббатта» (комедия) – Қанат, «Ақыл патшалығында» (ертегі) – Бүркіт, «Нартәуекелде» (драмалық дастан) – Ботахан, т.б. рольдерде ойнап жүр. Сондай-ақ, «Бір келіншек» киносына да түсті.

Нұрлыбек Төлеген – ең алдымен театр актері, Астанадағы Жастар театры шетелге гастрольге шығып, театр фестивалдеріне қатысып тұрады. Атап айтқанда, «Асауға тұсау» комедиясын Грузия мен Түркияда қойып, жүлделі орындар алса, Ресей мен Татарстанда қойып, бас жүлделерге ие болды. «Қыз Жібек» мюзиклін Түркия мен Оңтүстік Кореяда да қойып, арнайы номинацияға ие болып қайтты. Дарынды әрі талантты жерлес актеріміздің еңбегі бағаланып жүр. Мәдениет министірінің «Алғыс хатымен» (фото), ҚР Президенті Жарлығымен «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталса. «Қыз Жібек» мюзиклін қойған Жастар театры «Елорда жұлдызы» атты арнайы Кубокпен қоса «Диплом» алды (фото). Тағдырын театрмен байланыстырған Төлеген Абдрасулұлы – үлгілі отбасының басшысы, келіншегі Перизат Ақбергенқызы Астанадағы өнер институтын бітірген музыка маманы, қазір коммерциямен айналысады. Үлкені Ержүрек 5-сынып, Ермұқаны 1-сыныпта оқушысы болса, Несібе мен Нейла балабақшаға барып жүр. Сыр елінен шыққан театр және кино актері Нұрлыбек Төлегеннің болашағы әлі алда дей келе, театрдағы актер әріптестері күнделікті еркелетіп атайтын есімі Нұрангоға шығармашылығың шарықтай берсін дейміз.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: