Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Усаин Медет жаңа қызметке тағайындалды

04.01.2024, 8:55 263

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте таныстырылған кадрлық өзгерістердің бірі – Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымын атқарып келген Ысмағұлов Болатбек Әбдулхайысұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Басқарма басшысының уақытша міндетін атқару орынбасары Усаин Медетке жүктелді.

«Мемлекет басшысы жүктеген және Үкімет бекіткен көрсеткіштерге қол жеткізу жолында ауқымды міндеттер бар. Халықты электр энергиясымен, ауызсу және «көгілдір отынмен» қамту, жылу беру қызметінің үздіксіз жұмысына бағытталған тиісті шараларды атқару кезек күттірмейді. Облыс халқының 98,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуіміз қажет. 2023 жылы 12 ауылдық елді мекенді газдандырып, нәтижесінде газбен қамту деңгейі 75 пайызға жетті. Орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін 240 мегаваттық жылу-электр орталығының құрылысы басталуда. Ендігі кезекте, компания өкілдерімен бірлесіп, құрылыс жұмыстарының кестеге сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету керек. Медет Усаинұлы осы уақытқа дейін мол тәжірибе жинады. Жылу-электр орталығын басқарды. Оны 500 млн теңге қарызбен қабылдап алып, 500 млн теңге пайдаға шығарды. Жаңа қызметте өңірдегі коммуналдық саланы дамытуға аянбай еңбек етеді деп сенім білдіреміз», – деді аймақ басшысы.

Басшының міндетін атқарушыға жылу маусымын жоғары деңгейде өткізу, әсіресе қатты және сұйық отын қорының жеткілікті көлемде болуын, коммуналдық сала қызметінің ешбір іркіліссіз жүргізілуін үйлестіру тапсырылды. Сондай-ақ қазандықтар мен жылу желілерінің, тұтынушылардың жылу қондырғыларының пайдаланылуы мен техникалық жай-күйін қатаң бақылауға алу, елді мекендерді ауызсумен, электр энергиясымен және газбен қамтамасыз ету, магистральдық құбырлардағы апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу міндеттері жүктелді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: