Қазақстанда бірнеше лауазымды қызмет атқарған Дәурен Абаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайтына жарияланды.
Дәурен Абаев 2023 жылдың наурыз айынан бері ТМД елдері бас хатшысының орынбасары қызметін атқарып келген.
2011-2016 жылдары Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы, кеңесшісі қызметін атқарған. Одан кейін ақпарат және коммуникация министрі болып тағайындалған Абаев, аталған қызметін Тоқаев тұсында да жалғастырған.
Ақпарат және коммуникция министрі болып тұрғанда азаматтар ойын орыс тілінде жеткізгені дұрыс деп санап, «Тәуелсіздігіміздің 26 жылы ішінде Үкіметте, Парламентте қазақ тілінде сөйлей бастауымыз керек. Бұл мемлекеттік тілді меңгерген деңгейіне байланысты. Қазақстанның кейбір азаматтары ойын орыс тілінде жеткізгісі келсе және жеткілікті түрде қазақ тілін білмесе олардың орыс тілінде сөйлегені дұрыс деп есептеймін. Тағы да қайталап айтамын, үкіметтің барлық мүшесі мен депутаттар қазақ тілін жақсы меңгерген», деген сөзімен есте қалған.
Ал 2021 жылы 19 тамызда Алматы полициясы дүкендер мен мемлекеттік мекемелердің «қазақ тілін қаншалықты білетінін» тексерген YouTube-арна авторы Қуат Ахметовке айыппұл салды. Бұл уақытта Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып жүрген Дәурен Абаев телеарнаға сұхбат беріп, еріктілерден құралған тіл патрульдерін айыптай сөйлеп, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен дүкен сатушыларынан қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен әрекетті «үңгірдегі ұлтшылдық» деп бағалаған.
Абаевтың «үңгірдегі ұлтшылдығы» әлеуметтік желі қолданушылардың наразылығын туғызып, оны тілімізді қорлады деп айыптады.
2022 жылы маусымда мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың үкімет отырысынан соң журналист Айнұр Коскинаның Бозжыра шатқалындағы құрылыс жобасы туралы сұхбатында оның сөзін бөліп, анайы әңгімеге емеурін жасай сөйлегені де қоғамда сынға ұшырады. Абаев бұл сұхбат ушығып бара жатқан соң ақтала сөйлеп, журналистен кешірім сұрауға мәжбүр болған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!