Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды, – делінген хабарламада.
Нұрымбет Аманұлы 1970 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы № 172 орта мектепте оқытушы ретінде бастаған. Әр жылдары мемлекеттік қызмет, соның ішінде кеден органдарында жауапты басшылық қызметтерде болған.
2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сыртқы инвестиция көздерін жоспарлау бөлімі басшысы, аталған министрдің кеңесшісі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі миграция комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет етті.
2012-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Ұлан ауданының және Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
2021 жылдың ақпан айынан 2022 жылдың маусым айына дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі лауазымында еңбек етті.
2022 жылдың 24 маусымынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды.
2023 жылдың 8 қыркүйегінде ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
***
Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.
Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына екі кандидат – ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен ШҚО Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновты ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттар Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасын қолдады, оған 148 депутаттың 104-і дауыс берді, Арман Бекбосыновты 41 депутат жақтады.
Сондай-ақ, облыс активімен кездесуде Олжас Бектенов Ермек Көшербаевқа нәтижелі жұмысы мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысына шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тартылғаны атап өтілді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыста инфрақұқрылымдық және әлеуметтік жаңа нысандар іске қосылды.
Жаңа әкімді таныстырған Премьер-министр Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысы басшылығы алдына қойған міндеттерге тоқталды. Іске асыру халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, өңір экономикасының дамуына серпін беретін перспективалы бағыттар айқындалды. Басым жобалар қатарына шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, цифрлық шешімдерді енгізу жатады. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Табиғи демалыс аймақтары мен тарихи-мәдени орындарды дамыту арқылы туристік әлеуетті ашуға ерекше назар аударылды. Бұқтырма су қоймасы арқылы еліміздегі ең ірі көпірдің ашылуы, Қатонқарағай және Зайсан курорттық аймақтарында әуежайлардың салынуы сала мен жалпы экономиканың дамуына қосымша серпін береді.
Басым міндеттер қатарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, өнеркәсіпте заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдер қолдану және басқа да мәселелер белгіленген.
Дереккөз: inbusiness.kz
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!