Қызылорда облысында кадрлық өзгеріс болды. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының жаңа басшысы таныстырылды. Бұл қызметке Ибадулла Сабит Ибадуллаұлы тағайындалды.
Сабит Ибадуллаұлы 1986 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Информатика», Қарағанды экономикалық университетінде «Экономика» мамандықтары бойынша білім алған. Педагогика ғылымдарының магистрі, техника ғылымдарының кандидаты, сондай-ақ «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша PhD докторы.
Еңбек жолында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде бағдарламашы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Әр жылдары облыс әкімдігі жанындағы ақпараттық технологиялар орталығын басқарды, облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөліміне жетекшілік етті. Ал 2025 жылдан бері облыстық полиция департаменті бастығының цифрландыру саласына жетекшілік ететін орынбасары қызметін атқарып келді.
Жиын барысында аймақ басшысы жаңа басшыға бірқатар нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі жүзеге асыру, инвестиция тарту тетіктерін жетілдіру, ақпараттандыру бағытындағы инвестициялық жобаларды әзірлеу және іске асыру тапсырылды. Сонымен бірге ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен оған қолжетімділікті арттыру міндеті қойылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!