Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Оған жауапты сала басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы осы уақытқа дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры лауазымын атқарған Жүнісов Ерұлан Бақтыбайұлын зейнет жасына жетуіне байланысты құрметті еңбек демалысына шығарып салып, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі мен Алғыс хат табыстады.
«Ерұлан Бақтыбайұлы өңіріміз арқылы өтетін республикалық маңызы бар автожолдардың сапасын жақсарту, логистикалық дәліздерді жетілдіру, жол апаттарын азайту бағытында нәтижелі жұмыс атқарды. Республикалық маңызы бар жол құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтауда уақытпен санаспай, күндіз-түні қызмет етті. Президентіміздің тапсырмасымен басталған «Қызылорда – Жезқазған» автожолы құрылысының өңірімізге тиесілі бөлігінің уақытылы пайдалануға берілуіне зор үлесін қосты.
Сізге зор алғысымыз бен ізгі ниетімізді білдіреміз. Деніңіз сау, әр күніңіз шаттыққа толы болсын!» – деді Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бұйрығымен акционерлік қоғамның Қызылорда облыстық филиалы директоры лауазымына тағайындалған Керімқұлов Жасұлан Махамбетұлын таныстырды.
«Әріптесіміз 1981 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ көлік және коммуникация академиясында «Автомобиль жолдары мен әуеайлақтар құрылысы» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында инженер ретінде бастаған.
2019-2020 жылдары Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры қызметін атқарған. Жеке секторда және мемлекеттік мекемелерде түрлі басшылық лауазымдарда болған.
Жасұлан Махамбетұлы аймағымыздағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін арттырып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолының Қызылорда-Ақтөбе бөлігін қайта жаңғырту жобасын сапалы іске асырып, мерзімінде пайдалануға беруді қамтамасыз етеді деп сенім артамыз», – деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, еңбек ардагері Өмірбек Шәменов сөз сөйледі. Ерұлан Бақтыбайұлын зейнет жасына жетуімен құттықтап, жаңа басшыға сәттілік тіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!