Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қармақшы ауданында кадрлық өзгерістер таныстырылды

12.12.2025, 1:35 58

Қармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында актив отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Жандос Еркінбек, Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Мади Сарпеков, құқық қорғау органдары, бөлім, мекеме басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Отырыста Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының бұйрығымен Қармақшы ауданының прокуроры лауазымына Нұрбек Келсімұлы Қаратаев тағайындалды.

Нұрбек Келсімұлы 1985 жылы 22 шілдеде Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Прокуратура органдарындағы қызметін 2009 жылы Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі ретінде бастаған. Әр жылдары облыстық прокуратураның түрлі жауапты лауазымдарын атқарып, 2022 жылдан 2025 жылдың 9 желтоқсанына дейін Шиелі ауданының прокуроры қызметін атқарды.
Жиын барысында аудан басшылығы жаңа прокурорды құттықтап, құқық қорғау саласының дамуына бағытталған қызметінде табыс тіледі.

Сондай-ақ актив отырысында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков сөз алып, Нұрбек Келсімұлына жаңа қызметіне және ауданның құқықтық тәртібін нығайту жолындағы жұмысына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар Қармақшы ауданының бұрынғы прокуроры Мейрамбек Жаңбырбайұлының атқарған қызметіне жоғары баға беріліп, оның кәсіби біліктілігі мен ауданның заң жүйесін қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесі атап өтілді. Аудан жұртшылығы атынан алғыс білдіріліп, облыстың және ауданның ең жоғары марапаты — Құрмет грамотасы табысталды.

Жиын соңында Мейрамбек Жаңбырбайұлы сөз сөйлеп, бірлескен жұмысы үшін аудан халқына өз ризашылығын білдірді.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: