Бүгін Қармақшы ауданы активінің отырысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа аудан әкімін таныстырды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қармақшы аудандық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің өкімімен Қармақшы ауданының әкімі лауазымына Ерсұлтанов Әділбек Бөрібайұлы тағайындалды.
Ерсұлтанов Әділбек 1976 жылы 18 қаңтарда Қармақшы ауданында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттерін бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Қармақшы ауданында жұмысшы ретінде бастап, әр жылдары мемлекеттік қызметте жауапты қызметтер атқарған.1998-2009 жылдары Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде қызметкер, Қызылорда қаласы әкімі аппаратында маман, бөлім басшысы, Талсуат ауылдық округінің әкімі болған. 2009-2016 жылдары облыс әкімі аппаратында бөлім меңгерушісі, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.
2016-2019 жылдары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары болған.
2019 жылдың маусым айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!