Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ниеттес, тілектес болған, септескен ұжымға, достарға және әріптестерге алғыс айтамын! – Дархан Қыдырәлі

02.09.2023, 14:16 335

HALYQLINE.KZ

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне келгеніме тура бір жыл болған екен. Сондықтан әуелі сенім білдіріп, елге қызмет етуге мүмкіндік берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамын.

Президент министрлікке елімізде жасалып жатқан түбегейлі реформалар аясында бірнеше салалық заңды қабылдауды тапсырған еді. Соның бірі – “Онлайн платформа және интернет жарнама туралы” заңды Парламентпен бірге дайындап, оған Президент қол қойды. “Масс медиа туралы” заң жобасы Мәжіліске енді. Бұл құжат медиа саласындағы негізгі мәселелерді шешеді деп ойлаймын. Бұған қоса, “Ақпараттық доктрина” мен “Мемлекеттік жастар саясаты туралы” заң қабылданды. Министрлік әзірлеген “Қоғамдық бақылау туралы”, “Қоғамдық бірлестіктер туралы”, “Ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша”, “Онлайн петиция” заң жобалары Парламентте талқыланып жатыр.

Сондай-ақ министрлік бірнеше концептуалды жобаларды жүзеге асырды.Қазақстандық қоғамдық даму институты жанынан Media Lab ашып, біліктілікті арттыру курстары, семинарлар, тренингтер ұйымдастырылды. Салалық бестеллерлер аударылды, орталық және өңірдегі мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларын алғаш рет IVLP бағдарламасы бойынша АҚШ-қа тәжірибе алмасуға жібердік.

Халықаралық қатынастарды да жүйелі түрде дамытуға тырыстық. Meta, TikTok, Google, Mail.Ru Group, LinkedIn, Netflix, Apple компанияларымен келіссөз жүргізіп, тығыз қарым-қатынас орнаттық. Нәтижесінде алғаш рет Мета компаниясының Instagram, Whatsapp, Facebook, Messenger-дің Қазақстан бойынша ресми өкілдері айқындалды. Сондай-ақ TikTok корпорациясының Астана мен Алматыда өкілдігі ашылды. Facebook пен TikTok-тің интерфейсін қазақшалау бойынша келісімдер жасалды.

Мемлекеттік тілдің БАҚ-тағы үлесі арта түсті. Мысалы, мемлекеттік медиадағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 83 пайызды құрады. Әлемге белгілі “Tiji”, “Nickelodeon” арналарының мультфильмдері қазақ тіліндегі контентін көбейтті.

Министрліктің бастамасымен 2 ақпан Ұлттық басылым күні болып бекіді. “Қазақ” газетінің бірінші нөмірі шыққан күнді күнтізбеге енгізуіміздің өзіндік маңызы зор. Оған қоса “Өңірлік мерзімді басылымдардың форумын” алғаш ұйымдастырып, Астанада әр аймақтан келген аудан, облыстық газет басшыларының басын қосып, оқу, тәжірибе алмасу, талқылау жиыны өтті. Осы орайда біраз өңірге барып, жұртшылыққа жақын болуға тырыстық. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы болатын.Сонымен қатар алғаш рет “Аналар күні” және “Әкелер күнін” бекіттік. Бұл да дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттайтын белгілі бір дата болады деп сенемін.

Астанада Орталық Азия медиа форумын алғаш рет өткіздік. Оған бұрынғы президенттер, медиа саланы басқаратын жетекшілер, Пулицер сыйлығының иегерлері секілді майталман мамандар жиналып, Орталық Азияда ортақ медиа платформа құру, медиа трендтер төңірегінде тәжірибе мен ақпарат алмасу секілді маңызды мәселелер мен ойлар айтылды.Сол секілді Мемлекет басшысы қатысқан Орталық Азия волонтерлер форумы, отандық сериалдар мен деректі фильмдерді дамытуға арналған “Nauryz” ұлттық бәйгесін жоғары дәрежеде өткіздік. Келесі аптада Алматыда алғаш рет New Media Forum-ын өткізуді жоспарлаған едік. Мұның бәрі Президент айтқан креативті индустрия мен жаңа медианы дамытуға тың серпін береді деп ойлаймын. Айта кету керек, аталған бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасалды.

Жалпы, елімізде жүргізіліп жатқан түбегейлі реформалар аясында азаматтық қоғам, дін, этносаралық қатынастар және жастар бойынша да салаға өзгеріс әкелетін іс-шаралар жасадық. Оның бәрін бір посттың аясында айтып шығу мүмкін емес.

Бүгін министр ретіндегі қызметімді аяқтай отырып, сенім білдіріп, осы қызметке тағайындаған Мемлекет басшысына тағы да алғыс айтамын.

Президенттің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен мәдениет саласын біріктіргені дұрыс шешім болды деп есептеймін. Бұл креативті индустрия және шығармашылықты дамытуға жасалған оң қадам деп ойлаймын.

Ендеше салаға басшылыққа Аида Ғалымқызына сәттілік тілеймін!

Ниеттес, тілектес болған, септескен ұжымға, достарға және әріптестерге алғыс айтамын!

Дархан Қыдырәлі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: