Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғалым Тұрсынбаев жаңа қызметке тағайындалды

11.04.2023, 14:40 950

HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында 2022 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы қызметін атқарып келген Ғалым Тұрсынбаевты жаңа қызметке шығарып салды. Ғалым Сұлтанұлы ендігі қызметін квазимемлекеттік секторда, яғни «Қазақгаз Ұлттық Компаниясы» АҚ «ҚазТрансГазӨнімдері» еншілес компаниясы Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры лауазымында жалғастырмақ.

«Ғалым Сұлтанұлы – мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинаған, еңбек жолын Шымкент қаласында жылыжай комбинатының жұмысшысынан бастап жоғары басшылық лауазымға дейін іздену жолынан өткен, мемлекеттік кәсіби аппараттың қызметін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі. Бұған дейін еліміздің 6 облысында, оның ішінде Қызылорда облысында 3 рет Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне басшылық жасады. Жоғары білімімен, өз ісінің нағыз шебері ретінде кәсіби ортада мойындалған бірегей кадр», – деді облыс әкімі.

Мемлекеттік қызмет саласында атқарған еңбегі үшін Ғалым Тұрсынбаев Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.Жиында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов Ғалым Сұлтанұлын құттықтап, жаңа қызметте сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Ғалым Сұлтанұлы аймақтағы кадр әлеуетін кәсіби дамытумен қатар, облыс тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі дер кезінде көрсетілуіне бағытталған тың жобаларға дәнекер болды. 2012 жылы Сыр өңірінде алғаш рет құрылған «Сыр болашағы» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі бүгінге дейін жемісті еңбек етіп, құрамы жыл сайын жас мемлекеттік қызметшілермен толығуда. Ғалым Сұлтанұлының тікелей басшылығымен мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңбұзушылықтарды азайту үшін ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік органдар жұмысын бюрократиядан арылту туралы тапсырмасына сәйкес өңірде басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру және артық кедергілерден арылту мәселелері бойынша уәкілетті органдарға 57 ұсыныс беріліп, нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге бағытталған 10-нан аса нормативтік құқықтық акт қабылданды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес департамент бастамасымен «Басшылар байланыста» атты қоғамдық қабылдау жобасы сәтті жүзеге асырылды. Аймақтағы мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды шаралар атқарылды.

Департаментпен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы әкімдігі қызметінің тиімділігі жоғары бағаланып, меритократия және ұйымдастырушылық мәдениет бағыттары бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандырып, олардың қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Үздік ауыл әкімі», «Үздік мемлекеттік қызметші», «Бақытты отбасы» сынды түрлі форматтағы республикалық шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: