Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен актив отырысы өтті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Ротация жүргізу қағидаларының 17-тармағына сәйкес Дәрмағанбетов Әнуарбек Шәкіратұлы ротация тәртібімен аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Аудан әкімі А.Ибраимов жаңадан тағайындалған аудан әкімінің орынбасарын аудан активімен таныстырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
«Әнуарбек Шәкіратұлы, аудан әкімінің орынбасары ретінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдеріне жетекшілік ететін боласыз. Оның ішінде макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша құрылыс жұмыстары көлемінің орындалуы, «Жасыл Даму» АҚ-ның Жалағаш кентінде қоқыс сұрыптау кешенін орнату жобасын іске асыру, ауданға инвестиция тарту, ашылған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін арттыру міндеттері жүктеледі. Ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан жолдар мен теміржол вокзалы бойынша жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Өзіңіздің мемлекеттік қызметтегі, оның ішінде басқарушы лауазымдарда жинақтаған тәжірибеңіздің арқасында жұмысыңызды кәсіби деңгейде атқарады деп сенім білдіреміз», — деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Әнуарбек Шәкіратұлы 1982 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Мұнай-газ кәсіпшілігінің машиналары мен жабдықтары», Қарағанды экономикалық университетін «Экономика», сондай-ақ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Арал қаласы әкімі аппаратында маман болып бастаған. 2008-2017 жылдар аралығында Арал қаласы әкімі аппаратында жетекші маман, Арал аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры, Арал ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыстары бөлімінің бас инспекторы, ақпараттық технологияларды дамыту және мемлекеттік қызметтердің мониторингі бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы қызметтерін атқарған.
2017–2019 жылдары Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқарды.
2019 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!