Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік күні қарсаңында тұрғындарға пәтер кілті табысталды

14.12.2020, 13:00 1291

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мереке қарсаңында Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 40 пәтерлі екі үйдің кілтін тұрғындарға табыстады. Пәтер иелерін жаңа қонысымен құттықтап, құрылыс саласындағы аймақтың жетістіктерін атап өтті.

– Қазақстан тәуелсіздік жылдарында толымды табыстарға қол жеткізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосып келеді. Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биылғы жылы облыста барлық қаржыландыру көздерінен 1 946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қызылорда қаласында жыл басынан бері 580 пәтерді құрайтын 15 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы бір мақтанышпен айтатын жаңалығымыз жыл аяғына дейін қаламызда 680 пәтерді құрайтын 14 арендалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қабылданады. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 1 741 пәтерлік 38 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан 725 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйдің 14-і ағымдағы жылы табысталмақ. 2021 жылы СПМК-70 тұрғын ауданы бойынша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек, – деді Г.Әбдіқалықова.

Облыс орталығындағы №3 қалалық емхананың мейірбикесі Айжан Ізтілеуова бүгін баспанаға қол жеткізгендердің бірі. Ол жайлы үй табыстаған аймақ басшысы мен құрлысшыларға алғысын жеткізді.

– Әр адам жайлы баспана, жақсы жұмысы болғанын қалайды. Мен бүгін пәтер кілтін алып, үлкен қуанышқа кенеліп отырмын. Осындай қуаныштың себепшісі болған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен өзге де азаматтарға алғысымды айтамын. Бұл күнге біз Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз деп ойлаймын. Сондықтан баршаңызды мерекемен құттықтаймын, – деді А.Ізтілеуова.

Шара соңында ардагер Шахизат Төребаев қоныс той иелерін құттықтап, ақ батасын берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: