Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздігіміз тұрақтап қонған бақ болсын!

14.12.2023, 11:20 543

Тәуелсіз елдің ауасын жұтқанымызға биыл 32 жыл болды. Аяққа нық тұрып, халықаралық аренада өз орнымызды қалыптастырып, шекарамызды шегендедік. Ішкі жау, сыртқы жаумен шайқасып, тұтастығымызды сақтап қалу жолында қанша ерлеріміз жер жастанды. Бүгінде ғасырлар бойы аңсап қол жеткізген Тәуелсіздік тұрақтап қалуы үшін де бар күш-жігерімізді салуымыз керек.

Ел егемендігінің маңызы айрықша. Бұл – бір ғана адамның емес, бүтіндей бір ұлттың салтанаты. Жеке адамның өзі қалағандай өмірге қол жеткізуі үшін өмірінің жартысы кетуі мүмкін. Ұлттың бодандық қамалын бұзып жарып, «бостандық» аралының жеріне табан тигізуі үшін жүздеген жыл мен ғайып болған ғасырларды уақыт, жүйрік, жұтып жібереді. 

Тас болып қалған денем де,

Кеткесін ылғи мұз бүркіп.

Көз ілсем болды төбемнен

Тұрғандай төніп жүз бүркіт.

Көргім кеп аспан әлемін

Қараймын сыртқа асылып.

Көрсетпейді олар, әдейі,

Күнді де менен жасырып.

Ақын Сағи Жиенбаевтың «Еркіндік» деген өлеңінің осы жолдарынан біздің қазақ халқының Тәуелсіздікке жету жолындағы ішкі үрейі мен сыртқы күштердің сұрқия саясатын жазбай тану қиын емес. Айталық, осы бір қасиетті ұғым біздің басымызға бақ құсы болып қонам дегенше талай зұлматты, індетті, нәубетті бастан кешірдік. Бірақ бізді құрдым құдығынан алып шығуға ниетті азаматтарымыз алға сүйреді. Тоз-тоз болып орыстың отарында жүрген кезде де, Алаш арыстарының орыстардың өзін оқытып жіберетін шамасы болатын. Олардың білімге құштарлығы мен рухани бостандығы – ұлт азаттығының қайнар көзі, бастау бұлағы. 1986 жылы үш күн қатарынан болған Желтоқсан көтерілісіне де сол арда азаматтардың қазақты қайраған жалынды сөздерінің өз әсерін тигізгені анық.

1991 жыл. Тарихты парақтасаңыз, осы кезге дейінгі уақыт аралығында қазақ­тың жазы қыстай, қысы мұздай болып көрінді. 1991 жылдан ке­йін ата-бабамыз салып кеткен сүрлеу жолдың ізімен жүруге мүмкіндік алдық. Оған дейін салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздан ажырап, біреудің босағасында жүрген жетім баланың жалтақ күйін кешкеніміз жасырын емес. Былтыр Тәуелсіздік жаршысы болған Желтоқсан оқиғасына отыз жеті жыл толды. Желтоқсанға қатысқандарға қомақты сыйлық пен лайықты марапаттаулар болғанымен, бұл ұлт тарихына жазыл­ған жараны жаза алмайды. Оның үстіне, Желтоқсан оқиғасының жыл сайын Тәуелсіздік күнінің тасасында қалып қоя беретіні тағы бар. Билік те дәл сол ызғарлы оқиға қайтадан болатындай көрініп, бүгінге дейін қорқынышын баса алмай әлек. Оған еліміздің Тәуелсіз ел болып жарияланғанына ширек ғасыр­дан асса да, ұлт көсегесін көгертетін әрекеттердің шикілігі себеп. Бір шапқан қасқырдың екінші рет шабатыны секілді бір көтерілген қазақтың екінші рет көтерілмеуіне де ешкім ке­пілдік  бере  алмайды.

Десе де, біз Тәуелсіздікпен бірге жаңа өмір жолын бастадық. Талай сынақты бастан өткердік. Егер біз азат ел болмасақ, бүгінгідей «Жаңа Қазақстан» деп ұрандатып жүрер ме едік?! Егемендіктен кейін Қазақстанның жеткен жетістігі де молайды. Себебі өз ұлтының, өз Отаны­ның атын шығарып, абыройын асыр­ғысы келетін ұлт мақтаныштары арта түсті. Ал біреудің терезесінен телмірген уақытта, кімнің көңілі жайлау болсын?! «Қыруар ақша шашты, бар байлығымызды шетелдіктер шапанының етегі­мен сыпыруда» деген сындардың өзі осы азаттықтың арқасында айтылып жатқан жоқ па?! Біле білсеңіздер, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында («Жиырмасыншы жылдар журналис­тикасы». Н.Омашев – авт.) еліміздің батыс өңірінде зауыттарға жүз жұмысшы алатын болса, оның, мейлінше, жүзі де орыс болған. Бірақ басында қағаз жүзінде 50 қазақ деп жазыла береді. Кейбір жерлерде орыс болмай қалса, 10-15 қазақты жұмысқа алып, екі-үш күннен кейін орнына орыс табылса, қазақты шетке ысырып тастай салған. Бұнымен ұлтараздықты қоздырғымыз келіп отыр­ған жоқ, тек жұмыстың ауыр­лығы мен жеңілдігін талдайтын бүгінде жұмыстың табылуы оңай болмаған заманмен салыстырғымыз келіп отыр. Сондай-ақ, Тәуелсіздікті дәріптеудің еш сөкеттігі жоқ. Тіпті, Құдайға күн сайын Тәуелсіздік үшін тәубе десең де, артық емес. Одан қалды, психологиядағы айырбас теориясы бойынша, егер біз өзіміздің баға жетпес құндылығымызға құрмет көрсетуді арттыратын болсақ, оның да ғұмыры баянды болатыны сөзсіз.

Бір бос банкіге шаянды салып, оның аузын екі күн жауып қойыңыз. Ол бірнеше сағат бойы, құтыдан шығуға тырысады. Әрекетінің сәтсіздігінен соң, бастапқы ойынан бас тартады. Екі күннен кейін банкінің аузын ашсаң да, ол бостандыққа шығуға ұмтылмайды. Өйткені ол сол жағдайда берілді. Бұл – қазіргі бизнес-тренерлердің шеңберден шығуды көрсетудегі басты мысалдарының бірі. Сол сияқты бізге де «Тәуелсіздік алдық, болды» емес, енді еліміздің әрі қарай құлаштап дамуы үшін түрлі тосқауылға қарамай, өркендегеніміз керек. Тәуелсіздікті тағдырдың тәтті сыйы ретінде қабылдап, Қазақ елінің мықтылығын өзгелерге мойындату жолында заманның жаңа тенденцияларын сынап емес, байқап көруден бастағанымыз абзал. Сол кезде ғана ертегідей «ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешетін» біз боламыз.

НАМАЗШАМ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: