Тәтті түбірдің ащы дәмі болады. Әлгі қант өндірілетін қант қызылшасын егіп, маңдай терін төгіп, ала жаздай еткен еңбектің жемісі ащы термен келетінін айтамыз. Бір жағынан, кейде осы тәтті түбірдің билік басындағыларға ащы сабақ болып тиіп жататыны тағы бар. Оған мысалды әріден іздеудің қажеті шамалы. Кеше ғана премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қызметінен босатылды. Елде тауар бағасы қымбаттап, қант тапшылығы болып жатқан тұста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұндай қадамға жайдан-жай бармағаны анық.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттары баға бағынбай барады, әсіресе қант үшін «таластың» талайын әлеуметтік желіден де, көзбен де көрдік. Қарапайым халықтың көргенін төрде отырған Тоқаевтың да көрмеуі мүмкін емес. Өзі көрмесе де, жанындағылар «істің қиюы кетіп» тұрғанын жеткізуі де мүмкін ғой. Содан болар, 14 шілдеде үкімет отырысында елдегі азық-түлік бағасына жауапты Сұлтанов президенттен сөз естіді. Бірақ, ең болмаса қанттың да мәселесі сол күйі шешілген жоқ. Сұлтановпен бірге әріптесі ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те қатаң сөгіс алған еді. Міне, араға ай салып, Тоқаев Сұлтановты қызметінен алды. Айтқандай, сол жиында президент ақжағалыларға сөгіс жариялағанда «үкімет бағаны тұрақтандыру үшін дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттап кетті. Кейбір тауарлардың, соның ішінде қанттың дүкен сөрелерінен жоғалып кеткенін» сынға алған.
Апта басында мемлекет басшысының жарлығымен Серік Жұманғарин премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрінің міндеттерін атқарушы болып тағайындалды. Ол бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы қызметінен босатылды. Енді Серік Мақашұлы қаншалықты бағаны тұрақтандырып, президенттің де, халықтың да көңілін таба алады? Оны уақыт көрсетеді. Әрине, оған «бағаны ойнатып» отырған азуы алты қарыс алпауыттармен «алысу» да оңай тимейтіні анық. Импортқа тәуелді еліміздің ішкі нарығын отандық өнімдермен қамту да 30 жыл бойы сол күйі арман болып келе жатқан дүние екені сөзсіз. Импорт дегеннен шығады-ау, бір ғана қант бойынша Қазақстан шетелге тәуелді. Нарықтағы қанттың 90 пайызы импортталады. Елге қанттың 70 пайызы көрші Ресейден келеді екен. Украинаға басып кірген Ресейге Батыс елдері санкция салғаннан кейін Мәскеу азық-түліктің кейбір түрін, соның ішінде қантты экспортқа шығаруды шектеген. Қазақстанның бірқатар аймағында қант бағасы күрт өсіп, сауда орындары тұтынушыға қантты шектеп сата бастады. Қазақстан кондитерлері шикізат бағасы өсіп кеткендіктен тығырыққа тірелгенін айтып шағынған. Енді бір күнде түйткілді мәселенің тігісін жатқызу жаңа министрдің іскерлігіне келіп тіреледі.
Айтпақшы, қызметтен кеткен Бақыт Сұлтановтың қайда барғаны белгісіз. Өзі айтқандай, «қантпен шай ішпейтін» ол үйінде «шайды балмен ішіп» жатқан болар. Ал, биліктегілер бетбақтырмаған бағаға базына айтып, тәттіге тоймай, ашқұрсақ жүрген жұрт жаппай ереуілдеген «қаңтар қасіретінен» ащы сабақ алса игі еді…
Н.АҚПАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!