Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария: Серпіліс пен сілкініс

25.07.2025, 16:35 423

                 

Сырдария ауданы – Сыр деген «самұрықтың» оң қанаты секілді. Аймақ іргесінде жатқан ауданның тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы бәрі-бәрі тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Ашығын айтайық, аудан орталығынан бөлек ауылдарының өзі кейбір аудандарға үлгі боларлық деңгейде.

«Сырт көз – сыншы» демей ме, бұл – біздің сыртқы көзқарасымыз. Бір ғана Бесарық ауылының өзі республикаға белгілі. Облысқа келген әрбір делегат мұнда соқпай кетпейді. Ал, Нағи Ілиясов ауылы еңбек пен руханияттың алтын қазығындай үлгі көрсетіп тұр. Көп ауылдан жастар көшіп жатса, бұл ауылға керісінше жастар легі ағылып жатыр. Міне, жетістік деп осыны айт.

Бюджеттің бүйірі

Әлқисса, жұма күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, журналистер сауалдарына жауап берді.

– Ел дамуында жетістікке жетудің бірден-бір жолы – экономиканың тұрақты өсімі. Биылға аудан бюджеті 10,4 млрд теңгеге бекітіліп, есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 12,7 млрд теңгеге жетіп отыр. Нақтырақ айтқанда, бюджетіміз 20,9 пайызға ұлғайды. Ауданның кіріс жоспары 7,8 пайызға артты. Негізгі капиталға 38,6 млрд теңге инвестиция тартылды, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.

Сырдария ауданында серпінді істер байқалады. Кәсіпкерлік саласы қарқынды  жүзеге асып, шағын және орта бизнесті дамыту ісі ілгерілеп келеді.

Аудан әкімінің айтуынша, бірінші жартыжылдықта аудандағы өнеркәсіп өнім көлемі 50,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,8 пайызға орындалды. Саланың басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің көлемі 7,9 млрд теңге болып, 27,4 пайызға өсті. Есепті мерзімде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 2714 кәсіпкер тіркеліп, нақты жұмыс істеп тұрғаны 2658 бірлікті құрайды. Жыл басынан бері аудан кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағдарламалар аясында 4,1 млрд теңгеге несие және грант қаражаты табысталды.

Агросаланың адымы

Ал, өңір экономикасының негізгі секторы саналатын ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артқан. Биыл аудан диқандары 33 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, негізгі өнім күріш  дақылы 19 950 гектарға егілді.

Қай кезде де қоғамның басты мәселесі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы жылы аудан көлемінде 175 гектар қосымша жер дайындалып, 780 отбасы бақша дақылдарын егуге мүмкіндік алды. Оның ішінде, Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Шіркейлі, Асқар Тоқмағамбетов елді мекендерінде жастар бригадалары белсенділік танытып отыр.

Сырдариядағы серпінді істің бірі – кәсіпкерлік саласы қарқынды іске асуда. Кәсіпкерлікті дамыту мен өнеркәсіп өндірісін ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі айтарлықтай артып, шағын және орта бизнес белсенділігі жоғарылағаны байқалады. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылай қолдаудың нәтижесінде қалыптасуда.

– Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға нақты тапсырмалар жүктеді. Біз ауданымызда осы бағытта жүйелі жұмыстарды жүргізудеміз. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 49 млрд теңгеге жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106 пайызға орындалды. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 2600-ден астам кәсіпкер тіркеліп, оның 2550-ге жуығы нақты жұмыс істеуде. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлер 6,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 23 пайыздық өсімге қол жеткізді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жыл басынан бері 75 жоба бойынша 3,7 млрд теңге көлемінде несие және грант қаражаты берілді. Бұл қаржы жаңа жобаларды іске асыруға және кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған негізгі бағыттар жүйелі түрде дамып келеді. Оған мемлекет басшысының бастамасы мен облыс әкімінің іс-қимыл жоспары дәлел. Аудан аумағында жалпы ұзындығы
263,3 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 44 шақырымы – республикалық, 111,6 шақырымы – облыстық және 107,7 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар.Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 99 пайызды құрайды.

Баспасөз мәслихатында аудан көлеміне қатысты жолдар жайы да кеңінен атап өтілді.

– Ауданға қарасты кент және елді мекендерде жалпы ұзындығы 238,3 шақырымды құрайтын 227 көше бар. Бүгінгі күні ішкі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 82 пайызды құрайды. Есепті кезеңде аудан бойынша жол саласына қатысты 5 жобаға 1 млрд теңге қаржы бөлініп, аудандық маңызы бар «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының қалған 10,2 шақырымы толығымен жөнделді. Ең бастысы, жол құрылысының сапалы әрі тиянақтиы жүргізілуі қатаң бақыланды. Өйткені жол әрбіріміздің өмірімізбен тығыз байланысты. Осы мақсаттағы жұмыстар жыл көлемінде жалғасын таба бермек, – деді аудан әкімі.

                    Басты мақсат – халықтың жұмыспен қамтылуы

Осылай деген аудан әкімі жұмыссыздықты азайту және халықты жұмыспен қамту бағытындағы іс-шаралар белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанына тоқталып өтті. Биыл ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрақты еңбекке орналасуы қамтамасыз етілуде.

– Халықтың жұмыспен қамтылуы – біздің ең басты мақсатымыз. Биылғы жылы өңірлік жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 1293 жаңа жұмыс орны ашылды. Ұлттық жобалар бойынша 13 жоба іске қосылып, 105 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әр 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу мақсатында аудан көлемінде 186 жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта жұмыспен қамтуды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді. Жұмыссыздық деңгейін төмендету – экономикалық тұрақтылық пен тұрғындардың өмір сапасын арттырудың негізгі шарты. Аудандағы жаңа жұмыс орындары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және ауданның дамуына оң әсерін тигізуде. Алдағы уақытта да жұмыспен қамтуды кеңейту бағытындағы іс-шаралар жалғасатын болады,-деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.

Сөз соңы

Жергілікті тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау жұмыстарын жіпке тізгендей баяндап берген аудан басшысы әрбір істің тиянақты атқарылуы өз бақылауында екенін жеткізді. Оның ішінде «көгілдір отынмен» толыққанды қамтылу жайы, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі мен білім беру ұйымының жұмысы жайлы да атап өтті.

– Жоспарланған жұмыстарды іске асыруға үлкен қолдаулар жасалуда. Елдің тыныштығы мен береке-бірлігінің арқасында алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарыла береді, – деді Берік Сәрсенбаев қорытынды сөзінде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: