Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Сыр жастары» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының сол жағалауынан салынған 60 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін салтанатты табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі Серік Қожаниязов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, ардагерлер, «Дәнекер» ЖШС басшысы Әбдімәжит Жансақалов, жауапты сала басшылары және тұрғындар қатысты.
Облыс әкімі жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтап, аймақтың құрылыс саласындағы жаңалықтарға тоқталды.
– Жастарымызды сапалы біліммен, жұмыспен және баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып саналады. Жас отбасылар үшін ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Осыны ексеріп, 2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет несиелендіру жолымен «Сыр жастары» бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданған болатын. «Отбасы банк» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру үшін облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді.
«Сыр жастары» – аймақ жастарын баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар халқымызда. Бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» АҚ 500 млн теңге қаржы бөлді. Бүгінгі қоныстой – осы бірлескен жұмыстың жемісі.
Мемлекетіміздің тұрғындарға жасаған қамқорлығы мен ұсынған мүмкіндіктерінің арқасында әр азамат өз шаңырағының иесі атануда. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғын қоныстой тойлады.
Халықтың жайлы тұрмысына оң әсер ететін бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 350-дей пәтер аудандарға тиесілі. Жыл басынан бері 402 отбасы баспана бақытына кенелді. Бүгін 60 жас отбасының қуанышын еселейміз. Жақын күндері Тасбөгет кентінен 150 пәтер халық игілігіне беріледі. Бұл – әлеуметтің әл-ауқатын арттырудағы мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі. Баршаңызға жаңа қоныс құтты болсын! – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында әсем де зәулім үйлерді салған «Дәнекер» құрылыс компаниясының қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бүгін пәтер кілтін алғандар қатарында ұстаздар, медицина, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері, журналистер және өзге де сала мамандары бар.
Қызылордадағы құрылыс қарқыны, әсіресе әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы осы саланың жұмысына соны серпін бермек. Мәселен, 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты жаңа оқу жылында табысталады. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 10 мектеп пайдалануға беріледі. Тағы 11 мектептің құрылысы басталады. Облыс орталығында балалар мен жасөспірімдерді шығармашылыққа баулитын «Шығармашылық академиясының», екі ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептерінің, Қызылорда қаласында үстел теннисі орталығының және орталық стадионның құрылысы жүруде. Халықаралық стандарттарға сай келетін жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен қолға алынған 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы да, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен бой көтерген 650 орындық музыкалық колледж ғимараты да жуық арада халық игілігіне айналмақ. Барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін «Руханият» орталықтары салынуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!