ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары талқыланды.
Жиынға селекторлық режимде қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысына суармалы суды үнемдеу жұмыстары туралы баяндады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын қолдаймыз. Су тапшылығына байланысты биыл күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға немесе 5 мың гектарға қысқарады. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы құрылымдарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Егістікті әртараптандыруға басымдық беріліп, атыздар лазерлік тегістелуде. Бүгінде күріш алқаптарының 55 пайызы тегістелген, осы жылы бұл көрсеткішті 68 пайызға жеткіземіз. Тәжірибе көрсеткендей, лазерлік тегістелген жерде суды 15 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, күріштің қысқа мерзімде пісіп-жетілетін, өнімділігі жоғары жаңа сорттары өндіріске енгізілуде. Қазір Украина ғалымдарымен бірлесіп, «Виконт», «Премиум», «Маршал» сорттары жергілікті ауа райына бейімделіп, аудандастырылуда. Өткен жылы Ресейдің «Яхонт», «Патриот» жаңа сорттары тәжірибе ретінде 71 гектар жерге егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Бұл сорттардың өнімділігі қолданыстағы сорттарға қарағанда 10 центнерге жоғары, вегетациялық кезеңі 10-15 күнге қысқа, суды 20 пайызға дейін аз қажет етеді», – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы облыстағы егістік жердің 60 пайызын суландыратын «Сол жаға» магистралды каналына суды бөлу және есепке алуды автоматтандыру жұмыстары басталғанын айтты. Бүгінде австралиялық «Rubicon Water» компаниясының тәжірибесін енгізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Жаңа технологиялар көкөніс, бақша, картоп, малазықтық және жүгері дақылдарын егуге де пайдаланылуда. Бұл бағытта биылдан бастап 5 жоба жүзеге асырылмақ. Жобалар толық қуатына жеткенде 9 мың гектарды қамтиды. Шиелі ауданында қытайлық «Бо Ян» компаниясымен бірлесіп, 3 мың гектарға тамшылатып суару әдісімен жүгері өсіру жобасы басталды. 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын қолдануды 50 мың гектарға дейін ұлғайту межеленген.
Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тапсырма берді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларына «Қазсушар» мекемесінің Қызылорда филиалымен бірлесіп, Су саласын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары жобасына облыстың су шаруашылығы мәселелерін енгізуді салалық министрлікпен пысықтау тапсырылды. Сондай-ақ, биылдан бастап Қазақстан Республикасы төрағалық ететін Халықаралық Аралды Құтқару қоры атқарушы комитетінің отырысын өңірде өткізу ұсынылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету, жаңа өндірістерді дамытудың, жұмыс орындарын ашудың тиімді жолдарын қарастыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!