Экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша Қызылорда облысында оң динамика қалыптасып, 10 ай ішінде өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан көрінді. Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша Сыр өңірі республикада төртінші орында. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Аймақ басшысы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобалар туралы баяндады.
«Жақында облысымызға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, жоғары бағасын берді. Биылғы 10 айда өңдеу өнеркәсібі 24,2 пайыз, ауыл шаруашылығы 2,6 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі 21,2 пайыз, тұрғын үй 16,7 пайыз, сауда 4,3 пайыз, көлік және қоймалау көлемі 8,8 пайыз, негізгі капиталға тартылған инвестиция 27,7 пайыз артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 34,6 пайыз өсті», – деді облыс әкімі.
Жыл басынан бері аймақ бюджеті 57 пайыз ұлғайып, 609 млрд теңгеге жетті, ал облыстың даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артты.
Мұнай қорының сарқылуынан соңғы жылдары өнеркәсіп өндірісінің көлемі төмендеп келгені белгілі. 2012 жылы аймақта 11 млн тонна мұнай өндірілсе, биыл 3,5 млн тонна мұнай өндіру күтілуде. Аймақ басшысы өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, инновациялық жобалар жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Өнеркәсіптің басқа да өндірістерін дамытуды қолға алдық. Нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінде оң серпін қалыптасты. Өсім 1,3 пайыз. Облыста алдағы 6 жылда құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылмақ, 9000-ға жуық жұмыс орны ашылады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Биылдың өзінде аймақта құны 14,1 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылып, өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30 пайызға ұлғайды.
Бизнесті қолдау, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін арттыру бойынша да жетістіктер бар.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,3 пайыз артып, 70 977-ге жетті.
Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 42 млрд. теңге тартылып, 3,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Оның 24 млрд. теңгесі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бөлінді. Мемлекеттік қолдау тетігіне қаралған қаржы өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыз артық. Қолдау шаралары нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 15,8 пайыз өсіп, 124 376 жұмыс орны ашылды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының бөлшек салықты енгізу және салықтық ынталандыру шарасын қабылдау тапсырмасын республика көлемінде алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысы орындады.
«Биыл облыста 35 мың кәсіпкердің мүддесі қамтылған бөлшек салықтың пайыздық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайызбен 2,3 млрд теңге жеңілдетілген несие табысталды. Оның ішінде, өндірістік жобаларға басымдық берілді», – деді өз баяндамасында Нұрлыбек Нәлібаев.
Осылайша, жыл қорытындысымен шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 2022 жылмен салыстырғанда 2,4 пайыз артып, 21,5 пайызға жетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!