HALYQLINE.KZ Пандемияның шектеулеріне қарамастан Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық даму сатысында бірқатар салаларда өсім бар. Атап айтқанда, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 543,0 млрд теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде, өнеркәсіп өндірісінде өсім өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 5,3%-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде қызмет көрсетудің 13,6%-ға және өңдеу өнеркәсібінің 12,6%-ға арту есебінен қамтамасыз етілді.
Мұнан бөлек, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру 2,6 есеге, өзге де бейметалл минералдық өнімдерді өндіру 2 есеге, тамақ өнімдерін өндіру 12,5%-ға, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату 48,4%-ға, жиһаз өндіру 20,6%-ға, химия өнеркәсібінің өнімдерін өндіру 8,8%-ға, кокс және мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 3,3%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарды өндіру 6,4%-ға артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 12,6%-ға қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібі саласында 123,8 млрд теңге өнім өндірілді.
Кез келген аймақтың даму қарқынын сипаттайтын ең маңызды көрсеткіштерінің бірі – инвестицияны тарту. Сыр өңірінде ағымдағы жылдың 9 айында өңір экономикасына 186,4 млрд теңге инвестиция салынды. Инвестиция көлемінің өсуі Data Center ғимаратының құрылысы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тұрғын үйлердің құрылысы, жолдар, сумен жабдықтау, Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлердің құрылысы және жаңғырту, Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылыс-монтаждау жұмыстары есебінен қамтамасыз етілді.
Қаңтар-қыркүйек айларында 63,1 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүзеге асырылған. Оның ішінде, жыл басынан бері 502,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, құрылыс көлемі 2020 жылдың тиісті кезеңіне 103,5%-ды құрады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 119,9 млрд теңгені, немесе 2020 жылдың сәйкес кезеңіне 102,3% құрады. 9 ай ішінде өңірде жалпы есеппен тірі салмақта 26,9 мың тонна мал және құс еті, 66,7 мың тонна сүт, 5,7 млн.дана жұмыртқа өндірілді. 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аталған көрсеткіш тиісінше 102,4%, 102,3% және 103,1%-ды құрады.
Сондай-ақ, аймақ үшін маңыздылығы басым мәселелердің бірі – облыс тұрғындарын, оның ішінде жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Осы орайда облыс бойынша тұрақты түрде ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларын атап өткен жөн. Айта кетейік, 2021 жылдың ІІ тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады. Ал, биылғы жылдың 1 қазанына 25 033 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 12 372-сі – тұрақты жұмыс орындары.
Өңір экономикасының тұрақту дамуына ықпал ететін тағы бір сала – шағын және орта кәсіпкерлік. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,6%-ға артып, 50 596 бірлікті құрады. Көрсеткіштің өсу қарқынына бизнеске бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары әсер етті. Жалпы алғанда, ағымдағы жылы бизнесті дамытуға шамамен 23,8 млрд теңге бағытталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!