Қызылорда қаласында облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Оған өңірдегі тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, осы салаға жетекшілік ететін сала мамандары мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Халқының 96 пайыздан астамы қазақ ұлты болғанымен, өкінішке қарай әртүрлі тарихи және саяси жағдайға байланысты тіл мәселесі Сыр елінде де баршылық. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмахановтың айтуынша, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға биылғы жылы облыстық бюджеттен 19 миллион теңге қаржы бөлініп, қазіргі кезде үш әлеуметтік жоба қолға алынған. Атап айтқанда, «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру», «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің лингвистикалық базасын қалыптастыру» және кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында «Тіл туралы» Заңның және тілдік нормалардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында «Korneki» әлеуметтік жобалары іске асырылуда.
– Сыр өңірінен бастау алған ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі атауларының жинағын әзірлеуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Қызылорда қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында, Алматы қаласындағы Төрегелді Шарманов атындағы Тағам мәселелері институтында болып, тағам атауларына ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінде зерттеу жұмыстарының қорытындысымен ет, сүт, теңіз өнімдерінен, ұн, дәнді дақыл, тағы басқаларынан дайындалатын тағам атауларының анықтамалығы әзірленіп, жинақталуда. 18 бағыт бойынша әзірленген жинақ республикалық терминология комиссиясында бекітілгеннен кейін, еліміздің барлық кәсіпкерлеріне, қолжетімді әлеуметтік желілер мен интернет ресурстар арқылы таратылады. Бүгінге дейін осы жоба аясында облыс орталығындағы 20 тамақтану орнының ас мәзірі мемлекеттік тілге аударылғанын ерекше атап өткім келеді.
Ал, «Korneki» жобасы аясында Қызылорда қаласының орталығындағы 30 көшенің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында «Körneki» телеграм бот іске қосылып, сілтемесі 100 мыңнан астам жазылушысы бар 5 әлеуметтік желіде жарнама посты жарияланды. Бүгінде аталған аталған жоба аясында 515 кәсіпкерлік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 142 кемшілік анықталды. Зерделеу нәтижесімен көрнекі ақпараттарында тіл туралы заңнамалардың бұзылуы анықталған кәсіпкерлік нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларға анықталған кемшілікті жою туралы хатпен бірге «Тіл туралы» Заңы және ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінен үзінділер келтірілген әдістемеліктер таратылды. Жоба аясында 124 кәсіпкерлік нысанның жарнамасы мемлекеттік тілге аударылды, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Рауан Кенжеханұлы өз кезегінде ұйымның жұмысын жандандыруға білек сыбана кірісетінін, бұл жұмысқа қоғам болып атсалу қажеттігіне тоқталды.
– «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің статусы еліміздегі көптеген қоғамдық қорлармен бірдей. Бірақ, бізде көптеген адам ресурсы бар. Осы мүмкіндікті пайдаланумыз керек. Барлық тіл жанашырларының жоспарын, ұсыныс-пікірін тыңдауға әрқашан дайынмын. Қазақ тілін бірге дамытуға атсалысайық, – деді бірлестік президенті.
Дөңгелек үстел барысында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық қоры бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат, аталған бірлестіктің Қызылорда облыстық филиалының Басқарма төралқасының мүшесі Қазбай Құдайбергенов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Болат Боранбай және т.б. тіл жанашырлары мемлекеттік тілдің даму бағытындағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Елімізде мемлекеттік тілді дамыту бағытында «Емле.kz», «Құжат.kz», «Сөздікқор.kz», «Терминком.kz», «Атау.kz», «Тілмедиа», «Бала тілі», «Тілқұрал» сайттары жұмыс жасауда. Сонымен қатар Kaspi.kz, Krisha.kz, Kolesa.kz, InDrive сияқты мобильді қосымшалардың интерфейсіне мемлекеттік тіл енгізілген. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап Қазақстандағы ең танымал іздеу жүйелерінің бірі 2GIS (Ту ГИС) карталар мен ұйымдар туралы деректерді мемлекеттік тілде ұсына бастады. Өз кезегінде ел тұрғындары аталған қызмет түрлерін қазақ тілінде пайдаланса, қанеки.
Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!