Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СПОРТ пен МӘДЕНИЕТТІҢ БІР БАСҚАРМАҒА БІРІККЕНІ ДҰРЫС ПА?

14.07.2022, 12:40 456

Ел ішінде «ҚР Мәдениет және спорт министрлігі екіге бөлінуі тиіс» деген мәселе жиі-жиі көтеріліп жүр. Сол саланы басқарған кейбір басшылардың жұмысына байланысты осылай айтылған болуы керек. Еске салайық, 2014 жылы сол кездегі президент Н.Назарбаевтың шешімімен спорт және мәдениет министрліктері бірігіп, бір ведомстваға айналған еді. Қос министрлікті біріктірген тұста оның  басшысы ретінде экс-мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тағайындалды. Одан кейін  Ақтоты Райымқұлова тізгінді ұстады, қазір Дәурен  Абаев  басшылық  қызметте  отыр. Бір ғана мысал, Токио Олимпиадасында көрсеткен нәтижеміз өте төмен саналды. Сол уақытта осы тақырыпта дүмпу көп болды. Десе де, мәдениет, спорт, тағысын тағы деп бас-басына бір-бір министрлік аша бергеннен қайыр жоқ секілді. Ең бастысы, салаға жаны ашитын, оны бүге-шігесіне дейін білетін мықты  менеджер  басшы  керек.

Осыған дейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік аппаратты оңтайлы және тиімді ету мақсатында бағыттас басқармаларды  біріктіретінін  мәлімдеген  еді.

– Өздеріңіз білесіздер, өңірде 24 облыстық басқарма жұмыс істейді. Енді, соның 8-і қысқарып, облыс әкім­дігінің құрылымында 16 басқарма қалатын болады. Қабыл­данған шешім қызметтердің қайталануын жою­ға, жалпы жұмыс мөлшерінің тепе-тең реттелуін қамтамасыз етуге және басшылық құрамды оңтайландыру есебінен әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкін­дік береді. Дәл осылай қала және аудан әкімдіктерінің де құрылымын өзгерту қажет, – деген еді облыс әкімі.

Сонымен 24 басқарманың 8-і қысқарып, облыс әкімдігінің құрылымында 16 басқарма қалғаны көпшілікке мәлім. Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірігіп, басшылыққа Руслан Рүстемұлы келген еді.

– Облыста мәдениет пен спорт саласының бірігіп, бір басқармаға айналғанына көзқарасым түзу. Тәжірибе жасаудан қорықпауымыз керек, неде болса, бұл өз тиімділігін, нәтижесін көрсетуі керек. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Руслан Рүстемұлына өңірдің өнер саласын өркендету, спорт саласын жоғары жетістіктерге жетелеу, мәдени-рухани өмірін дамыту жолында мол тәжірибесі мен білімін аямай, құрылымы қайта жасақталған жаңа басқарманың жұмысын жандандыратынына үлкен сенім білдірді. Жалпы, бәрі басшылыққа байланысты ғой. Басшы мықты менеджер болуы шарт. Ал, біз жаңа басшының бойынан оны таба аламыз деген ойдамыз, – дейді  журналист  Әділжан  Үмбет.

Дегенмен, бұл шешім басшылық құрамды қыс­қарту арқылы  әкімшілік  шығындарды азайтуға көп мүмкіндік береді. Шынын айту керек, қазақстандықтардың  арасында  «бізде өзге елдермен  салыс­тырғанда  депу­таттар көп, басшылар көп» дейтін арыз-шағымдар көп кездеседі. Сондықтан, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың шешімі қызметтердің қайталануын  жою­ға,  жалпы  жұмыс  мөлшерінің      тепе-тең  реттелуін  қамтамасыз етуге ықпалы зор. Қалай  десек  те, бәріне  уақыт  төреші.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: