Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Солтүстік Арал теңізі қалпына келіп жатыр (Видео)

12.02.2025, 12:00 68

Біздің еліміздің, өңіріміздің ғана емес, адамзаттың алаңдаушылығын туғызған Арал мәселесі күн тәртібінен түспейді. Өткен жылдың қазанынан осы жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 миллиард текше метр су жіберілді. Бұл жоспарланған көлемнен 100 миллион текше метрге артық. Орталық Азия елдерімен қол жеткізген келісімдерінің нәтижесінде алдағы наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға жіберілген судың жалпы көлемі 1,6 млрд текше метрге жетпек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек», – деген болатын.

Мемлекет басшысының қолдауымен мемлекетаралық келісімдердің арқасында соңғы 2 жылда Арал теңізіндегі су көлемі4 млрд. текше метрге дейін артты (2022 жылы – 18,5 млрд. текше метр, 2024 жылы – 22,3 млрд. текше метр, САТ көлемі – 27 млрд. текше метр). Бұл балық шаруашылығының дамуына, экологиялық ахуалдың жақсаруына оң септігін тигізуде.

Солтүстік Арал теңізінің ауданы да ұлғаюда. Бүгінде 3065 шаршы шақырымға жетті. Бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға артық және судың минералдануын азайтуға, балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті.
«Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру» жобасы аяқталуға жақын. Бүгінде «Тәуір» қорғаныс бөгетін, Қарашалаң көлі мен Сырдария өзені арасындағы екі учаскедегі бөгеттерді, «Қарашалаң-1» каналын және оның бас құрылысын реконструкциялау аяқталды. Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізін Үлкен Аралдан бөлетін Көкарал бөгетін қайта жаңартуды аяқтау жоспарланған. Жоба Солтүстік Аралдың сақталуына және судың тұздылығын төмендетуге ықпал етеді.

Сыр елінде су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану арқылы дақылдардан мол өнім алынып келеді. Былтыр аймақта жарты миллион тоннаға жуық күріш (гектарына 58 центнерден, 496,4 мың тонна) өндірілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: