Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сол жағалауды дамыту жобасы жалғасады

20.04.2020, 11:28 1062

HALYQLINE.KZ –| Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдарияның сол жағалауындағы әлеуметтік-мәдени және білім беру саласындағы нысандармен танысты. Солардың қатарында, «Болашақ» университетінің жаңа оқу корпусы, «Жастар ресурстық орталығы» және сол жағалауды «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік магистралімен байланыстыратын жаңа көпір болды.

2017-2019 жылдар аралығында сол жағалауда мемлекеттік бюджет және жеке инвесторлардың есебінен көпқабатты 48 тұрғын үй, «Жастар ресурстық орталығы», Қазақ орталық атқару комитетінің музейі, «Болашақ» университетінің оқу корпусы, 700 орындық жеке мектеп және 320 орындық балабақша бой көтерді.

«Болашақ» университетінің 12 қабатты ғимаратында «Болашақ-Стартап» инновациялық идеяларды іске асыру орталығы, коворкинг орталығы, ғылыми-зерттеу институты, ғарыштық ғылыми-зерттеу жұмыстары зертханасы, агробиотехнологиялардың ғылыми зертханасы, әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығы, телестудия, дизайн және хореография студиялары, жастар театры жұмыс істейді.

«Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Досманбетов пен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова

Жастар ресурстық орталығында IT-park, фитнес зал, кітапхана, коворкинг бөлмесі және антикафе жұмыс істейді. Мұнда студенттер мен оқушылар ақпараттық технологиялардың қыр-сырына үңіліп, білімдерін арттыра алады. 3D студия және роботтандырылған техниканы меңгеруге де мүмкіндік қарастырылған.

Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков

Сонымен қатар, облыс әкіміне сол жағалауда салынатын әлеуметтік-мәдени және білім беру нысандар туралы мәлімет берілді. Жобаға сәйкес, 300 орындық көпбейінді аурухана емханасымен, 300 орындық физика-математика мектебі, драма театр, 900 орындық орта мектеп, неке сарайы және бизнес орталық бой көтереді.

Сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлер

Қазіргі уақытта көпқабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тағы 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады деп күтілуде.

Мұнан соң облыс әкімі Шіркейлі каналы арқылы өтетін, сол жағалау мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізін байланыстыратын көпір құрылысымен танысты.

Көпірмен танысу

Төрт жолақты көпірдің ұзындығы – 102,8, ені – 21 метр. Құрылыс жұмыстары республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда, республикадан қаралған қаражат толық игерілген.

«Облыста қаржыландыруды қажет ететін жобалар көп. Ағымдағы жобалар, атап айтқанда осы көпір құрылысы дер кезінде аяқталуы керек. Біз тұрғындардың, әсіресе аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын ойлауымыз қажет. Сондықтан, қаржыны бөлер алдында, бүгінгі жағдайға икемделген жобаға басымдық береміз», – деді облыс әкімі.

Г.Әбдіқалықова нысандарды аралау соңында сол жағалауды дамыту жобасы жалғасатынын айтты.

«Әсіресе, тұрғын үй құрылысы сапалы жүргізіліп, мерзімінде аяқталуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: