Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиеліде 8 инвестициялық жоба іске қосылмақ

25.07.2024, 18:00 556

Шиелі – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы бір ізге түсіп, қарқынды дамыған ауданның бірі. Аудан бойынша биылғы жартыжылдыққа болжамдалған кіріс 6 млрд 824 млн теңге болса, оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі 3 млрд 329 млн теңге болып 129 пайызға орындалған. «Бұл қаражаттың барлығы халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартуға жұмсалуда» дейді аудан әкімі. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Жыл басынан бері аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік-экономикалық даму жолында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Экономикаға тікелей ықпал ететін барлық микроэкономикалық көрсеткіштерде де айтарлықтай өсім қалыптасты. Мәселен, жартыжылдықта өнеркәсіп өнімін өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 156,7 пайызға артқандығын көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібі 218,6 пайызға, ал инвестициялар тарту көлемі 154,1 пайызға орындалды. Сонымен қатар, 6 айдың қорытындысымен мемлекеттік бағдарламалар аясында 183 жобаға шағын несие беріліп, 254 жұмыс орны құрылды. Жалпы, жаңа жұмыс орындарын ашудың жылдық жоспары 2 959 болса, жартыжылдықта 1 618 жұмыс орны құрылып, 54,7 пайызға орындалды. Айта кету керек, 2024-2028 жылдар аралығында ауданда 16 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы жобалар толық іске қосылған кезде 1 308 жұмыс орны ашылады. Оның ішіндегі 8 жобаны биыл іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Шиелі кентінде салынатын спорт кешені мен Бестам ауылында 150 орындық клубтың құрылысына тиісті қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталған.

– Шиелі кентіндегі О.Байымбетов, Б.Дүйсенов көшелеріндегі 50 үйдің инфрақұрылымының құрылысына жергілікті бюджеттен 103 млн теңге бөлініп, ауыз су, жол, электр желілері тартылды. Аталған аумақта халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ерекше санаттағы азаматтарға аудан бойынша барлығы 123 тұрғын үй салынып, азаматтарға табысталатын болады. Одан бөлек, кенттегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба сметалық құжаттары жасақталуда, – деді Нұржан Ахатов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: