HALYQLINE.KZ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, туындаған мәселелерді шешудің жолдарын түсіндіруді және қарастыруды тапсырған болатын.
Осы ретте, бүгін аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатов Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Қоғалы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында аудан басшысы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын және алдағы уақытта ауылдарды дамытуға арналған жоспары туралы тұрғындарды ақпараттандырды. Келелі кездесуге ауыл тұрғындары, ауылдың абыз ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары, зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, аумақтары бойынша ауылдық округтерге жауапты аудандық мәслихат депутаттары мен тиісті мекеме басшылары қатысты.
Ауыл тұрғындары тарапынан аяқ су, көше жарығы, ескірген электр сымдарын ауыстыру, көшелерді жөндеу жұмыстары, мәдениет үйін салу, интернет байланысының сапасы, жаңадан жедел жәрдем көлігін алып беру және басқа да ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудан әкімі әрбір көтерілген мәселе жан-жақты қаралып, сала мамандарымен бірлесе отырып, шешу бағытында тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.Аудан басшысының әрі қарай кездесуі кестеге сәйкес 17 тамыз күні Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл ауылдық округтерінде жалғасатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!