Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ШЕТЕЛДЕГІ БАЙЛЫҒЫ мен ШАЙЛЫҒЫ

16.06.2022, 12:40 375

Қазақстанда қылмыстық жолмен табылатын қаржы да, олардың елден шығып, шетел асып кетіп жатқандары да аз болған жоқ. Бүгін­де елдегі бірнеше шенеунік пен басқа да тұлғалар осындай заңсыз тапқан табыстарының арқасында өзге жұртта үріп ішіп, шайқап төгіп жүр. Алайда өз елінде «ұлтан» болғаннан гөрі, әлгіндей оңай олжамен бөгде елде «сұлтан» болып жүргендердің жолы кесіліп, заңсыз ақшаларының елге қайтып жатқаны жөнінде дерек жоққа тән. Елдің заң-зәкөніне пысқырмайтыны бар, сырттай сотталғаны бар, қазақстандық «қашқындардың» есімдері елге әйгілене де бермейді. Әйтсе де, кешегі «қаңтар қасіретінен» кейінгі Жаңа Қазақстан жолындағы жарқын жұмыстар кімнің кім екенін көрсетіп, мемлекет басшысы да қатаң талап­тарымен көріне бастады. Ақпан айында Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөнінде тапсырма берген еді.

«Бұл – билік пен қоғамның әлеуметтік-экономикалық аспектілерді, мемлекеттік саясат, ұлттық бірегейлік, жастарды тәрбиелеу сияқты мәселелерді қозғайтын ортақ міндеті. Үкіметке екі ай мерзім ішінде шетелге заңсыз әкетілген қаржы мен онда сатып алынған активтерді елге қайтару  жөнінде ұсыныстар беру міндеті жүктеледі», – деген еді президент. Соның алдында ғана мәжілісмен М.Раманқұлов соңғы 25 жылда елімізден шетелдік оффшорларға шамаммен 140-160 миллирад доллар шығарылғанын айтқан  болатын.

Хош, президент тапсырды, сең қозғалды. Кеше ғана жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінде шетелде қазақстандық шенеу­ніктер мен басқа да тұлғаларға тиесі­лі 666 жылжымайтын мүлік нысанының анықталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл тура­лы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді. Айта кетейік, жалпыға бірдей декларациялау­дың бірінші кезеңіне мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары кіреді. Бұдан бөлек, «Сайлау туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тура­лы», «Банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы» және «Бағалы қағаздар  нарығы  туралы»  ҚР  заңдары бо­йынша декларация тапсыруға міндетті адамдар да – осы  санатта.

Жүйеге кірген алғашқы жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларация тап­сы­рылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі  бойынша  мұны  497  мың  адам  жаса­ған. Олардың  494-і шет  мемлекеттегі 666  жылжымайтын  мүлік нысанын көрсеткен. Нысанд­ардың ең  көп саны Ресейде – 436. Сондай-ақ, қазақстандық шенеуніктердің БАӘ-де – 44, Түркияда – 38,  Испанияда – 24,  Англия мен Болгарияда – 20, Өзбекстанда – 12,  Грузияда – 9, Қырғызстанда 8 жылжымай­тын мүлік нысаны бар. Ал, Украинада Қазақ­стан азаматтарына тиесілі 6 жылжымайтын мүлік  болса, Әзірбайжан, Қытай және Чехияда – 5, Германия, Кипр, АҚШ және Таиландта 4  нысан  көрсетіліпті.

Комитет нақтылағандай, шетелде жылжымайтын мүлкі мен автокөлігі бар қазақстандықтар олар үшін өз елінің бюджетіне салық төлемейді.  Осы  ғой  енді!

Енді не істеу керек? Әрине, ел үкіметіне әбжіл­дік керек. Сарапшылар дәл қазір Қазақ­стан үшін ақшаны елге қайтарудың сәті түсіп тұрғанын, Үкімет ендігі жерде қаржыны қайтарудың жолын ғана емес, оны жұмсау тетіктерін де мықтап ойлануы керек екенін айтады.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: