HALYQLINE.KZ Сыр елін басқарған бірінші басшылар өздерінің қарым-қабілетіне сәйкес аймақтың өсіп-өркендеуіне үлесін қосты. Ал, С.Шаухамановтың орны бөлек. Себебі, өтпелі кезеңде, яғни Кеңес дәуірінен бұрын болмаған, бәрімізге түсініксіз нарықтық экономикаға өту кезеңінде ел басқарудың қиындығы мол, қайшылықтары шаш етектен еді. С.Шаухаманов және оның командасы осы сындарлы сәттен басқа өңірлермен салыстырғанда, елді аса күйзелтпей, халықтың бірлігін, кадрлардың тұрақтылығын, азаматтардың амандығын, жұрттың салт-дәстүрін сақтай отырып алып шықты деп толық айта аламыз.
Себебі осы өңірдің тумасы, халықтың ортасынан шыққан облыстың жағдайымен етене таныс, ел басқарудың барлық сатысынан өткен ұлтжанды азамат кадр таңдауда өңірдің тепетеңдігін сақтай отырып, көп қателік жіберген жоқ. Соның арқасында еліне сыйлы, халқына қадірлі болды. Кез келген ортада, елді мекендерде, аудандарда, ұжымдарда халықпен етене араласып, туындаған мәселелерді жеріне жеткізе білді, түсіндіре білді. Елді сөзіне сендіре алды, ізіне ерте алды. Соның айғағындай зейнетке шыққаннан кеиінде елінің бетіне тура қарап, обылыстық ардагерлер кеңесін сексеннің сеңгіріне шыққанша басқарды. Сәкәңнің беделінің арқасында ардагерлер ұйымының мертебесі өсіп, абыройы асып, республика ардагерлер ұйымы үлгі тұтатан дәрежеге жетті. Сондықтан облыстың бірінші әкімінің, алғашқы бірінші орынбасары есебінде Сәкеңмен бес жыл бірге түсінісіп, сыйласып, бірлесіп жұмыс істегенімді мақтан тұтамын. Шаухамановтың шекпенінен шыққан кадрлардың барлығы дерлік Сәкеңнің, елдің сенімін ақтады деп айта аламын. Сәкеңнің бүгінгі облыс орталығында ашылған тұғыртасы құтты болсын! Адам – мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын оның ісі. Ендеше, Сыр елінің дарабоз, абыз ақсақалының мәңгілік ғұмыры өзі өлгенше сүйіп өткен халқына құтты болсын!
Құрметпен, Нәжмадин Түрікбенұлы Мұсабаев,
Қазақстанның Құрметті құрылысшысы,
Қазақстан Республикасының балық шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткері,
Қызылорада қаласының, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының «Құрметті азаматы»,
«Ерен еңбегі үшін» медальінің, «Құрмет» Орденінің иегері,
Республикалық Жалаңтөс Баһадүр қорының президенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!