Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шәменов жұмыс істей ме, қызмет ауыстыра ма?

31.03.2023, 17:40 440

Осы аптада қала әкімі Асылбек Шәменов тұрғындармен кездесуін бастады. Кент пен ауылдық округтерді аралап, өткір мәселелерді талқылады. Бірін басты назарға алам десе, енді бірін уақыттың еншісінде деп қысқа қайырды. Өйткені мәселені шешу үшін үлкен жұмыс пен уақыттың қажеттілігі түсінікті. Ал, бізде әкімдердің тұрақтап тұруы қиындау. Сондықтан әкім қызметін атқаруға белгілі бір уақыт аралығын белгілеген жөн. Жақын арада халықпен жүздескен Асылбек Шәменов жұмыс істей ме, әлде қызмет ауыстыра ма? Оның үстіне, облыстың билік мінберінде біршама орын бос тұр. Яки көп ұзамай ауыс-түйістің болары хақ. Алайда халықпен кездесуде шаһар басшысының жұмысқа деген ынтасы зор екенін байқауға болады. Мұның дәлелін кездесуде болған көріністермен сөзімізді сабақтасақ.

Көз алдында жанған үйіне көмектесе алмаған

Асылбек Шәменов сәрсенбідегі сапарын Қызылөзек ауылдық округінен бастады. Бұл қала іргесіндегі ауылға мемлекеттің үздік бағдарламасының бірі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Нәтижесінде 2 көшеге асфальт және 4 көшеге малта тас төселеді. Қызылөзектіктердің несібесіне орай, 173,8 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. ​Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қаралған 4,5 миллион теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылады. «Қожақ» автомобиль көпірі де алдағы күндері жөндеу көреді. Оның жоба-сметалық құжаттарына 5,2 миллион теңге қаражат бөлініпті. Ауылдың тұрғындары балаларға спорттық-ойын алаңдары керек деп айтты. Бұл да жақын арада салынбақ екен. Сондай-ақ, электр желілерін қайта жаңғырту үшін 6 миллион теңгеге жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Жалпы, ауылдық округте әкімнің баяндамасына қарап, жақсы серпіліс болғалы тұр деуге болады. Дегенмен, 3,5 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың айтары мен сұрауы таусылмады.

Мәселен, көпір мен канал мәселесі өзекті. Оқушылардың қатынауы көпті алаңдатып отыр. Ауыл арасынан өтетін канал әбігерге салып тұр. Тіпті мұның кесірінен ажал құшқандар да аз емес екен.

– Халықтың көп жүретін, пайдаланатын ортасы болғаннан кейін қолға алу керек. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл енді бұрын қалай жасалған? – деп қала әкімі.

– Кезінде асармен салынған. Үйлеріне жақын болғаннан кейін жергілікті тұрғындар өздері жасаған. Одан кейін біршама рет жөндедік. Сынса да қалпына келтіріп тұрамыз. Құжаттарын қарап көрейік. Заңға сәйкес келсе, үнемделген қаржы ма, басқасы ма қарап көреміз, – деді ауылдық округтің әкімі Сәкен Нысанұлы

Айта кету керек, қызылөзектіктер жақында өткен сайлауға қатысты пікірлерін де білдірді. Айтуларынша, сайлау әділ өтпеген сыңайлы. Комиссия мүшелерін өзгерту керек деген сын айтты. Сондай-ақ, жолдың мәселесі бір бөлек. Жаңбыр жауса, батпақтан көз ашпайтын халық темір тұлпар түгілі жаяу жүргіншілер жүре алмайтынын жеткізді. Мұнымен мәселе тоқтамады. Ауылда қараусыз қалған супермаркет маскүнемнен бастап, жасөспірімдердің шағын ортасына айналған. Осыны бақылауға алатын тірі жан жоқ екен. Және ауылда өрт сөндірушілер жоқ. Тілсіз жаудың кесірінен жақын арада бір тұрғынның үйі өртенген. Көз алдында жанған үйіне көмектесе алмаған жан ауылда мұндай жайт тағы қайталанбаса екен деп қала әкіміне өтініш айтты.

Саяжайдың статусы өзгере ме?

Қала әкімінің кезекті тұрғындармен жүздесуі Талсуатта жалғасты. Мұнда да «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде атқарылатын жұмыс көп. Соның бірі республикалық бюджеттен бөлінген 65,2 миллион теңгеге 8 көшені жөндемекші. Және жергілікті бюджеттен қаралған 2,1 миллион теңгеге ауылдағы 7-ші көшеге жарық бағаналары орнатылады. Өткен жылы іргетасы қаланған 150 орындық ауылдық клуб мамыр айында ашылады екен. Десе де, ауыл ақсақалдары немерелерінің ебіне қарап, спорттық кешеннің ашылуын сұрады. Ауылдың балалары да спортқа машық, қызығушылығы ешкімнен кем емес екенін жеткізді. Бұған қоса, ауылдың үлкендері кезінде ақсақалдарды шипажайға жіберетін, қазір бұл үрдіс тоқтап қалды деп қынжылды. Қала әкімі көп кездесуде осы мәселе айтылып жүргенін алға тартып, алдағы уақытта тиісті шаралар қолға алынатынын мәлімдеді.

Енді Талсуатқа қатысы жоқ, дегенмен мәселесі өткір «Ягодка» саяжайы тұрғындарының пікірін айтсақ. Бұл саяжайдың 20 жылға жуық төрағасы болған Виктор Бойкот біраз мәселені тізбектеді. Осы уақыт аралығында әрбір әкімнің есігін қағып, мәселесін айтып, уәдесін алған. Уәде орындалмаған. Әкім орнында жоқ.

– Бізде 2000-нан аса үй бар. Мұнда әртүрлі ерекшеліктері бар адамдар мекендейді. Көбінің жағдайы мәз емес. Бұған қоса, ауызсу, газ, жарық жоқ. Кешкі уақытта көшеміз тас қараңғы. Бізді тыңдауға ешкім келмейді. Тіпті «елсіз аралда» тұрып жатқан сияқтымыз. Шыны керек, біздің мәселеміз статус өзгермей шешілмейді. Сондықтан саяжайды ауылдық округ қылып өзгертуге мұрындық қылсаңыз, – деді «Ягодка» саяжайының тұрғыны Виктор Бойкот.

Ал, талсуаттықтар қоғамдық көліктің келгеніне алғысын білдірді. Десе де, автобустар аялдамаға тоқтамай, бірден қалаға қарай кетеді деп шағымдарын айтты. Сондай-ақ ауызсу мен жарықтың жайы мәз емес. Электрик мамандардың жоқтығы мен аздығы тұрғындарға қиын болып тұр. Себебі жарық істен шықса, оны жөндейтін маман жоқ екен. Бұған қоса, азық-түліктің қымбаттауы халықты толғандырып отыр. Өткен жылы күзге дейін жұмыс істеген әлеуметтік дүкен халыққа көп көмегін тигізген. Бүгінде кәсіпкер денсаулығына байланысты дүкенді жапқан. Ауылдық округ әкімінің сөзінше, оның орнына басқа кәсіпкер іздестірілуде. Бірақ заң талаптары бойынша қиындықтар туып тұр екен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: