Бүгінгі қоғамда ақпараттың көптігі білімнің көбеюін емес, сананың тозуын туғызуда. Әлем бұрын-соңды мұндай жылдамдықпен өзгермеген. Бір сәтте мың жаңалық, мың пікір, мың көзқарас. Бірақ сол көптің арасынан ақиқатты ажырататын сана бар ма? Қазіргі адам бәрін біледі, бірақ аз түсінеді. Естиді, бірақ тыңдамайды. Көріп жүр, бірақ сезінбейді.
Біз – ой тереңдігін жылдам әсерге айырбастаған ұрпақпыз. Кешегі дана сөздің орнын бүгінгі даңғаза пікір басты. Ақпараттың ағымы сана түбіндегі тыныштықты шайып, адамның рухани өзегін бос қалдырды. Адам ақылмен емес, алгоритммен ойлап, жүрекпен емес, желідегі трендпен өмір сүруді үйреніп алды.
Бір кездері адамзат «білім – күш» деп сенді. Қазір «ақпарат – билік» деген ұстаным үстем. Бірақ ақпарат – бағыт емес, бағытсыз қозғалысқа айналуда. Жылдам тарайды, десе де, терең тамыр жаймайды. Білім мен парасат уақыттың сүзгісінен өтсе, ақпарат секундтың ырғағына бағынады. Сондықтан бүгінгі адам толығып бара жатқандай көрінгенімен, ішінен босап барады. Бұл, нәтижесінде, сана сергелдеңінің айқын көрінісі. Жердің құнарын жел шайғандай, адамның ақылын ақпарат шайған шақтамыз. Ойлау мәдениетінің орнын пікір айту жылдамдығы басты. Ал шындыққа жетудің жолы – көп білу емес, сабырмен түсіну екенін ұмытып барамыз. Бұл мақаламызда бүгінде белең алған виртуалды бедел мен сана сергелдеңін сараламақпыз.
АҚПАРАТ КӨП, АҚЫЛ АЗ ДӘУІРДІҢ АЙНАСЫ
Қазір білім іздеу емес, «көру», «есту», «жариялау» дәуірі. Бірақ адамның рухы визуал емес, мәнге мұқтаж. Қазіргі қоғам ақпараттың теңізінде жүзіп жүрген жолаушы секілді. Күн сайын бізге мыңдаған хабарлама, жаңалық, бейне, жарнама мен пікірлер ағылып келеді. Зерттеулерге сүйенсек, бүгінгі адам миы тәулігіне 1980 жылдағы адам бір жылда көрмеген көлемде ақпарат қабылдайды. Бір ғана телефон экраны арқылы әлемнің барлық түкпірінен жаңалық оқимыз, пікір көреміз, эмоция жұтамыз. Бірақ осы ақпарат көптігі ойдың тереңдігін азайтып, сезімнің сапасын жұқартып барады.
Адам миының табиғи сүзгі жүйесі бар десек, ол маңыздыны мәнсізден, ақиқатты жалғаннан ажыратуға тиіс. Алайда шектен тыс мәлімет осы сүзгінің қуатын әлсіретті. Ақпаратты өңдеу жылдамдығы артқан сайын, сапалы ойлау баяулайды. Бұл – парадокс, бірақ шындық. Біз бәрін білеміз деп ойлаймыз, шындығында ештеңені толық түсінбейміз.
Осыдан барып, қоғамда «жылдам тұтыну психологиясы» пайда болды. Адам бұрын бір мәселені саралап, ойланып, салыстырып барып шешім қабылдайтын. Қазір біз секунд ішінде реакция береміз, сол сәттің эмоциясына сүйеніп пікір айтамыз. Терең ойды шыдамсыздық жеңді. Біз енді ойлануға емес, жауап беруге асығамыз.
Көңілге алғаш ұнаған, көзге бірінші түскен ақпарат біз үшін «ақиқатқа» айналып барады. Осылайша, талдау қабілетіміз әлсіреп, сезіміміз үстірт, пайымымыз әлжуаз күйге түседі. Бұл – ақылдың әлсіреуі, яғни сана эрозиясының бастау бұлағы. Сана сергелдеңі дәл осылай басталады: адам көп білемін деп сенеді, бірақ сол білімнің тамыры жоқ, салдары жоқ, жүйесі жоқ. Бүгінгі дәуірдің қайшылығы да – осы. Ақпаратқа қолжетімділік артқан сайын, түсініктің тереңдігі кеміп барады. Көп білу – кемелдік емес, ал көп көру – көрегендік емес. Ақиқат – ақпараттың көптігінде емес, сүзгіден өткен санада.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ЕРКІНДІК ПЕ, ЕРМЕК ПЕ?
Әлеуметтік желілер – ХХІ ғасырдың ең қуатты әрі қауіпті құралы. Бір қарағанда, ол адамзат тарихындағы ең үлкен еркіндік алаңы секілді көрінеді. Онда әркім өз ойын ашық айта алады, пікірін бөліседі, өз шындығын жария етеді. Бірақ дәл осы шындықтардың арасында шын мәніндегі ақиқатты табу барған сайын қиындап барады.
Желі кеңістігі – шексіз дауыстардың аренасы. Онда бір сәттік эмоцияның да, терең ойдың да «салмағы» бірдей. Бірі айғаймен, бірі ақылмен сөйлейді, бірақ көптің құлағы айғайға бейім екенін жасыра алмаймыз. Сөйтіп қоғам ойлы сөзге емес, даңғазаға еліктейтін күйге түсуде.
Бүгінде пікір айту – білімнің емес, көңіл күйдің нәтижесі. Адам өз ойын дәлелдеуге емес, өз эмоциясын көрсетуге ұмтылады. Әркім өзін «сарапшы» санап, білгенін емес, көргенін тарататын болды. Ақпараттың жылдамдығы артқан сайын, ақылдың салмағы жеңілдеп, «көрген – сенген» дәуірі қалыптасты. Қоғам енді шынайы ой иелерін емес, шу шығарғандарды тыңдайды. Кім қатты айғайласа, соның дауысы басым. Тиісінше, бұл – рухани құндылықтардың ауысуының белгісі ғана емес, қоғамдық ойлау мәдениетінің құлдырауының көрінісі.
ВИРТУАЛДЫ БЕДЕЛ немесе ЦИФРЛЫҚ «МЕН» СИНДРОМЫ
Қазіргі қоғамда адамды танытатын – еңбегі емес, парақшасы, білімі емес, беделі, ал беделдің өлшемі – виртуалды ықпал. Бұрын абырой жылдар бойы қалыптасатын рухани биік болса, бүгінде ол бір жазбамен, бір бейнемен, бір трендпен жасалады. Осылайша, өмірдің сахнасы экранға көшті, ал адамдардың көбі өз рөлін шынайы өмірде емес, виртуалды кеңістікте ойнай бастады.
Виртуалды бедел – жаңа дәуірдің айнасы ғана емес, оның алдамшы жарығы десек, артық емес-ті. Онда бәрі мінсіз, бәрі сәтті, бәрі бақытты көрінеді. Бірақ сол мінсіз кадрлардың артында шаршаған сана, жасырынып тұрған жалғыздық, мойындалуға деген ашкөздік жатыр. Бүгінде адамдар шын болмысын емес, көрсеткісі келген бейнесімен өмір сүріп жүр.
Біреуге ұнау, көптің назарында болу заманауи адамның басты мотивациясына айналды. Ал бұл ұмтылыс бір сәттік танымалдық сыйлағанымен, ішкі мәнді босатады дейді әлеуметтанушы Әділет Күнесбай. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде қалыптасқан «виртуалды бедел феномені» қоғамның құндылық жүйесін түбегейлі өзгертті.
– Қазіргі заманда біз «ақпараттық шамадан тыс жүктеме» (information overload) деп аталатын әлеуметтік синдроммен бетпе-бет келдік. Бұл – тек технологиялық емес, сонымен қатар мәдени-психологиялық дағдарыс. Ақпарат ағынының жылдамдығы адам санасының бейімделу қабілетінен әлдеқайда жоғары. Нәтижесінде, тұлғаның когнитивтік тұрақтылығы бұзылады, яғни адам ақпаратты талдау, салыстыру, және сыни тұрғыда қабылдау қабілетінен айырыла бастайды. Бұл да – сана эрозиясының тікелей әлеуметтік көрінісі.
Біз қазір ақпаратқа бай, бірақ мағынаға кедей қоғамға айналдық. Әлеуметтік кеңістіктегі деректердің көптігі адамның интеллектуалды селективтілігін әлсіретіп, рухани тұтастықты ыдыратуда. Сондықтан сана эрозиясына қарсы күрестің ең тиімді жолы – ақпараттық иммунитет қалыптастыру, яғни тұлғаның ой сүзгісін, ақпаратты талдау қабілетін дамытуды жүйелі түрде қолдау, — дейді әлеуметтанушы Әділет Күнесбай.
Шынайы өмір мен виртуалды бейненің арасындағы айырмашылық ұлғайған сайын, психологиялық диссонанс тереңдей түседі. Адам өз өмірін емес, өз образының көлеңкесін қуып жүреді. Осылайша санада «жалған мен» синдромы қалыптасады, адам кім екенін ұмытып, кім болғысы келетінін ғана біледі. Психологтың пайымдауынша, виртуалды әсер адамның когнитивтік және эмоциялық жүйесін бұзып, сана тұрақтылығын әлсіретеді.
– Әлеуметтік желі мен виртуалды бедел адамның өзін-өзі бағалау мен эмоциялық тұрақтылығының негізгі сыртқы факторына айналды. Уақыт өте тұлға цифрлық нарциссизмді дамытып, лайк пен пікірге тәуелді болып, өз ішкі ресурстарына сенімін жоғалтады. Сонымен бірге, эмоциялық интеллекті әлсіреп, әлеуметтік когнитивтік қабілеті төмендейді. Нәтижесінде сана эрозиясы адамды ішкі жалғыздыққа, психологиялық дезадаптацияға және когнитивтік шаршауға жетелейді, — дейді маман.
Қорытындылай келе, ақпараттың толассыз тасқындаған тұсында тек тұтынушы боп тіршілік ететін болсақ, заманауи ақпарат майданының құрбаны болғанымыз. Сана сергелдеңі дегеніміз де – осы.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!