Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлау саяси спектакль ме?

11.09.2025, 11:00 466

Сайлау – халықтың өз болашағына қатысты шешім

қабылдайтын басты құралы.  Ол әділ әрі ашық өтуге тиіс.

Егер халық сенбесе, мемлекет әлсірейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Қоғамның даму жолын айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі – халықтың билікке ықпалы. Сол ықпалдың басты тетігі – сайлау. Бірақ бізде әр сайлау науқаны әділдікке емес, дайын сценарийге көбірек ұқсап бара жатқаны жасырын емес. Сондай-ақ, сайлау демократияның мерекесі емес, биліктің легитимділігін сақтап қалу рәсіміне айналғандай. Ал, әлемдік тәжірибеде сайлау – демократияның айнасы, биліктің әділдігін өлшейтін ең қатал таразы. Демек, бұл – демократияның нағыз сыналатын сәті. Халық өз таңдауын ашық білдіреді, ал билік соған бағынуға міндетті. Ал бізде ше? Кандидаттар тең дәрежеде бақ сынай ма? Әлде билікке ыңғайлы «саяси статистердің» тізімі ғана ұсыныла ма? Бұл сұрақ – әр сайлау сайын халықтың көкейін тесіп тұрған ең үлкен күдік. Егер саяси аренада шынайы бәсеке болмаса, сайлау демократияның сынағы емес, биліктің ойынына айналары анық. Бүгінгі мақаламызда осы саяси спектакльдің сыни тұстарын  саралап  көрмекпіз.

ӘЛЕУМЕТТІК  ӘДІЛЕТТІЛІК  ҚАЙДА?

Сайлау науқаны басталса болды, билік пен кандидаттардың уәде жаудыратын әдеті бар. «Жұмыссыздықты жоямыз, ауылды гүлдендіреміз, жастарға жағдай жасаймыз, мұғалім мен дәрігердің жалақысын көтереміз» деп, мінберде жарыса сөйлейді. Бірақ сайлау өткен соң, сол уәделер­дің көбі құмға сіңген судай жоғалады. Шын мәнінде, сайлау билікке келу­дің ғана жолы емес, халық алдындағы әлеу­меттік жауапкершілік анты болуы тиіс. Бірақ бізде бұл жүйе көп жағдайда жұмыс істемейді. Уәде берген адам орындамаса, ешқандай жауапқа тартылмайды. Қоғам алдындағы міндетін атқармаған кандидат та, депутат та өз орынтағында отыра береді. Мұндай жағдайда сайлау халы­қтың мүддесін емес, биліктің ың­ғайын ғана қорғап  тұрған  рәсімге  айналады.

Ендігі, әлеуметтік әділеттілік қайда? Бұл сұрақты бүгінгі халық күнде қояды. Себебі қарапайым халықтың тұрмысы жақсармаса, экономикалық теңсіздік тереңдеп бара жатса, бай мен кедейдің арасы ашылып кетсе, сайлауда айтылған уәденің бәрі құрғақ сөз, бос ұраннан әрі аспайды. Оның үстіне, әлеуметтік әділеттіліксіз саяси әділеттілік те болмайды. Егер халықтың тұрмысы төмендеп, әділетсіздікке толы қоғам қалыптасса, ол сайлау кезіндегі сенімге де әсер етері анық.

Әлеуметтік  әділеттілік – биліктің  халық  алдындағы  басты  парызы. Ол болмаса, сайлау – спектакль, ал халық декора­ция  ғана.

Қазақстандағы, яғни біздегі сайлау – қоғамды екіге жарып тұрған ең өзекті тақырыптардың бірі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, халықтың басым бөлігі дауыс беруге қатысады, алайда бұл көрсеткіш ел ішінде шынайы сенім тудырып отыр ма, міне, мәселе осында. Көптеген азамат үшін сайлау – өзгерістің құралы емес, биліктің алдын ала ойластырған сценарийін заңдастыру тәсіліне айналғандай көрінеді. Ал кейбіреулер үшін керісінше, ол саяси жүйені реформалаудың жалғыз мүмкіндігі  болып  отыр.

САЙЛАУ. СЕНІМ. СЕЛҚОСТЫҚ

Осы қарама-қайшылықтардың ортасында оппозицияның үнін есту ерекше маңызды. Өйткені билікті қолдайтын пікірлер БАҚ арқылы жиі айтылады, ал сынайтын көзқарас көп жағдайда көлеңкеде қалады. Оппозициялық саясаткерлердің сөзі – қоғамдағы сенім дағдарысын түсіну үшін қажет айна іспетті. Олар сайлау жүйесіндегі әділетсіздікті ашық айтып ғана қоймай, кейбір оң өзгерістердің де бар екенін жоққа шығармайды. Бұл турасында Қазалы аудандық оппо­зициялық кеңесінің мүшесі, белсенді қайраткер Асқар Тәжмәдинұлы толы­ғырақ  тарқатсын.

– Қазақстандағы сайлау туралы айт­қанда, біз әрқашан бір шындықтың айналасында жүреміз, халықтың сенімі әлсіз. Бұл сенімсіздіктің себебі айқын, ол – сайлау процесінің толық ашық болмауы. Көп жағдайда біз үміткерлердің тең мүмкіндігін көрмейміз, ал ақпарат құралдарының басым бөлігі билікке тәуелді. Нәтижесінде халық «дауысым еленбейді» деген ойға келеді. Сенімсіздік өскен жерде саяси мә­дениет  дамымайды.

Дегенмен, сайлау жүйесінде ішінара оң өзгерістер де жоқ емес. Соңғы жылдары азаматтық бақылаушылардың кө­беюін, кейбір округтерде ашықтықтың артуын байқадық. Жастардың да сайлау­ға қызығушыл­ығы артты, бұл – болашаққа үміт сыйлайтын белгі. Бірақ бұл үміт жүйелі өзгерістерге ұласуы үшін билік те, қоғам да бірдей жауапты. Әділдікке апарар жолды бақылаушылар ғана емес, әрбір сайлаушы  қорғауы  тиіс.

Менің ойымша, біз үшін басты мәселе – сайлауды шынайы саяси бәсекеге айнал­дыру. Егер оппозиция мен билік тең жағдайда тартысқа түспесе, сайлау ешқашан демократияның айнасы бола алмай­ды. Ал әділдік бар жерде ғана халық  сенімі  қалыптасады. Бізге керегі осы: әділдік  пен  сенім. Сонда ғана сайлау рәсім емес, елдің еркін білдіретін шынайы алаңға айналады, — дейді  ол.

САЙЛАУ  МӘДЕНИЕТІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР

Саяси спектакльдің сыни тұстарын тарқатып  болсақ,  ендігі  мәселе – нау­қан  барысындағы  әділетсіздіктің тағы бір түріне тоқталайық. Яғни, сайлау бары­сындағы біршама бүлік не былықтардың ашық айтылуына жасалатын кедергі­лер­дің  бірі – осы БАҚ-қа  бұғау  салу.

Егер сайлау әділ болса, онда әр кандидат  тең  жағдайда бақ сынауы керек. Бірақ Қазақстандағы саяси алаңда тәуел­сіз кандидаттарға шектеу көп, оппозиция­лық күштерге қысым жасалады, БАҚ еркіндігі де тар. Мұны халықаралық ұйымдар да ашық айтқан. ЕҚЫҰ-ның (OSCE) 2022 жылғы президенттік сайлау жөніндегі есебінде: азаматтардың саяси өмірге қатысу құқығы шектелген, бақылаушыларға кедергілер қойылған, есеп беру процесі ашық болмағаны, көптеген процедуралық қателіктер тіркелгені жазыл­ған.

Бұл тек сыртқы ұйымдардың пікірі ғана емес. Әлеуметтік желілерде де халық өз наразылығын жасырмайды. Мәселен, белсенділер мен тәуелсіз блогерлер сайлауды «саяси спектакль» деп атап, дауыс санау барысының әділетсіздігіне жиі тоқталады.

Сайлау тақырыбы төңірегінде қоғамда түрлі көзқарас бар. Бірі сайлауды билік пен халық арасындағы сенім тетігі деп бағаласа, кейбірі оны формалды рәсім ғана көреді. Ал саясаткерлердің пікірі бұл мәселенің салмағын одан сайын айқындай түседі. Біз осы орайда саясаттанушы, phd доктор Алмагүл Амантайдан пікір сұраған  едік.

– Шын мәнінде, әділ сайлау – билікке де тиімді. Себебі, әділ жолмен келген үкіметтің халық алдындағы моральдық құқығы да, саяси беделі де мықты болады. Ал формалды сайлау арқылы келген билік қанша тұрақты көрінгенімен, іштей әлсіз болады. Өйткені оның артында халықтың нақты қолдауы  емес, тек статистика ғана қалады.

Сайлау мәдениетінің қалыптасуы үшін үш негізгі шарт қажет. Біріншіден, тәуел­сіз бақылаушыларға толық мүмкіндік беру керек. Бақылаушысы жоқ сайлау – қараң­ғы бөлмеде өткен емтихан сияқты, оның нәтижесіне ешкім сенбейді. Екіншіден, сая­си баламаға тең жағдай жасалуы тиіс. Тәуелсіз партиялардың тіркелуін қиын­дату немесе оппозициялық кандидат­тарға қысым көрсету – демократияға емес, автори­таризмге тән қадам­дар. Үшіншіден, бұқаралық ақпарат құрал­дарының еркіндігі қамтамасыз етілуі керек. Егер халық тек бір жақты үгітті ғана еститін болса, ол әділ таңдау жасай алмайды, — дейді  А.Аман­тай.

 Сондай-ақ, саясаттанушының сөзінше, сайлау – халықтың тағдырын айқындайтын басты мүмкіндік. Ол халықтың еркін білдіру құралы ретінде сақталса ғана, біз шын мәнінде демократиялық мемлекет құрамыз. Әйтпесе, сайлау формалды сипат алып, халықтың үні жоғалады. Сенімсіз сайлау – мемлекеттің ең үлкен әлсіздігі. Сондықтан бүгінгі Қазақ­стан үшін ең өзекті реформа – сайлау жүйесін реформалау. Бұл мәселе кейінге қалдыруға болмайтын тарихи міндет деп түйіндеді.

Қорыта келе,  сайлау – халық пен биліктің арасындағы сенімнің айнасы. Егер сол сенімге сызат түссе, сонымен қатар, әділдік пен ашықтыққа негізделмесе, қоғамда сенім дағдарысы тереңдеп, демократия мәнін жоғалтады. Шынайы саяси бәсекесіз сайлау – бос рәсім ғана. Ал сенімсіз мемлекет ешқашан мықты болмайды. Ендеше, әділ сайлау – уақыт талабы емес, ел болашағының  кепілі  болмақ.

П.ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: