Қазақ қоғамында «сайлау» мен «алдау» тіркесі көп жерлерде қатар жүріп, синонимдік баламаны беретін болғандай. Осы жылғы партиялық тізім бойынша мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау барысында да халық пікірі екіге бөлінген еді. Бірі сайлау науқанына белсене атсалысуды жөн көрсе, бірі сайлаудың әділдігіне күмәнмен қарап, «менің дауысым ешнәрсені шешпейді» дегенге басты. Әлемдік саясат сахнасындағы ала-құла «қойылымдардың» уақытысына тура келген біздің сайлау қаншалықты әділ өтетінін бағамдамақ болып, қаладағы бірқатар сайлау учаскесін араладық. Нәтижесінде, біз аралаған сайлау учаскелерінде анық заңбұзушылықтар болып, кейбіреулері карантин деген желеумен БАҚ өкілдерін кіргізуден бас тартты. Осы тұрғыда, сайлау күні басымыздан кешкен қилы оқиғаларды оқырманға ұсынуды жөн санадық.
Сайлау кезіндегі күн райының кенеттен жылып, айналасына жайма-шуақ жылулық шашқанын ырымдап, жақсыға баладық. Мұндай күні сайлау учаскелерін аралау бізге де қолайлы болды. Қолымызға қажетті құжаттар тигесін бірден сайлау учаскелеріне аттандық. Алдымен №184 сайлау учаскесіне ат басын тіредік. Таң шапағымен сайлау барысы қалыпты өтіп жатты. Келушілер қарасы да жетерлік. Қажетті құжаттарды алып болған соң, байқаушыларға жол тарттық. Оларға жақындап, «тәуелсіз байқаушылар бар ма?» деген сұраққа барлығы бір ауыздан «жоқ» деп жауап берді. Дегенмен, байқаушылардың қарасы көп болғаннан кейін, сайлауға байқаушыларын жіберген тәуелсіз қоғамдық бірлестіктердің атын атап, түсін түстей бастадық. Таныс сөзді естігеннен бе, білмеймін, әйтеуір әлгі байқаушылар аяқ астынан «тәуелсізге» айналып шыға келді. Солардың бірі «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінен келген байқаушыны тауып, бір-екі сауал қойғанбыз. Алайда әлгі кісі қымсынып, сұрақтарға жауап бере алмай тарылып қалды. Кейіннен байқаушылардың көп бөлігі сол сайлау учаскесін ұйымдастырған №43 орта мектептің мұғалімдері екенін анықтадық.
Сайлауды бағамдау барысында бірнеше сайлау учаскесін араладық. Барлығында бірдей осы тектес түсініспеушіліктер болып жатты. Мысалы, №206 сайлау учаскесінде «Nur Otan» партиясынан келген байқаушы БАҚ-тың тәуелсіз бақылаушылармен сөйлесуіне қарсылығын білдіріп, бізді шығарып жіберуін сұрады. Сайлау күнінің бірінші бөлігі осылайша қалыпты аяқталды. Дегенмен, бұл дауыл алдындағы ысқырық жел болып шыққандай. Түс ауа күннің суытуымен қатар сайлау жұмыстары да мазасыздана бастады. Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжiнде орналасқан №207 сайлау учаскесін толықтай құқықбұзушылық жайлағандай көрінді. Өзін Орынбай Қуанышбаев деп таныстырған учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы БАҚ өкілдеріне байқаушылармен сұхбаттасуына рұқсат бермей, «Бұл – менің меншігім, мұнда менің ғана айтуыммен қимылдайсыңдар» деп дүрсе қоя берді. Басында «заңмен рұқсат етілмейді» деп «шырылдаған» төрағаны облыстық сайлау комиссиясының мамандарымен байланыстырып, толықтай рұқсат екенін дәлелдеген болатынбыз. Алайда «Бұл – менің жеке меншігім» деп, дес бермеген төраға байқаушыларға БАҚ өкілдерімен байланысуға тыйым салды.
– Бұл жерде, №207 сайлау учаскесінде мен ғана рұқсат беремін. Керек ақпарат болса, менің өзімнен алыңыз. Байқаушылар сізге кез келген ақпарат беретін болса, оларды шығарып жіберемін. Байқаушыларды бақылау – менің міндетім. Олар «слишком» көп қозғалып кетті. Ақпарат керек болса, менен ала бер. Байқаушылардың мен белгілеп берген шекарасы бар. Содан шығуына рұқсат бермеймін. Бұл ісім заңға қайшы екенін білемін. Заң рұқсат етсе де, мен рұқсат етпеймін, – деді №207 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Орынбай Жантөреұлы.
Бірнеше уақыт арпалыстан кейін, төраға орнын тастап, бос тұрған кабинеттің біріне кіріп, ғайып болғаны сол-ақ, сол жердегі комиссия мүшелері құқық қорғау органдарын шақыртып, «акт толтырамын» деп қорқытуға көшті. Алайда полицейлер де заң алдындағы қауқарсыздығын көрсетіп, кабинетінен шықпай, керісінше бізді көріп, қайта «тығылып» қалды. Артынша облыстық сайлау комиссиясы біздің сауалымызды растап, учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының әрекеті заңға қайшы екенін мойындады. Ал байқаушылардың көбі сол мекеменің қызметкерлері болған соң, «төраға рұқсатынсыз артық қимылдамаймыз» деп кесіп айтып, төрағаның учаске ішіндегі «монархиясына» көз жұма қараудан басқа амалы қалмады.
Одан соң, №209 сайлау учаскесіне бардық. Учаскеге тиесілі 1396 адамның 20-30 пайызы келіп, өз дауысын беріп үлгеріпті. Төрт адам үйінен дауыс берген екен. Бұл учаскеде де толық ақпаратты ұсынып болған соң, байқаушылармен сөйлесуге мүмкіндік бермей, сайлау учаскесінен шығарып жіберді. Бұл әрекеттерін «құжаттарың тексеріс жұмыстарын жүргізуге жарамсыз» деген сылтаумен ақтап алды. Осылайша, сайлау барысында БАҚ туралы заңның күші жойылып, жоққа айналғандай күй кештік.
Сапарымызды №200 сайлау учаскесінде жалғастырдық. Азаннан бері болған бақылаудан жалғыз ешқандай шағым болмаған сайлау учаскесі осы болды. Байқаушылардың саны да, сапасы да көңіл толтырады. Сайлау комиссиясы да БАҚ өкілдері дегенде төбе шаштары тік тұрмай, байсалды қарсы алды. Ондағы жағдайдың қалыптылығына көңіліміз толып, №199 учаскеге аяқ бастық. Кіргеннен-ақ салқын кеуілдің ызғары сезілгендей болған учаскеде келмей жатып, БАҚ-тан «құтылатын» құжаттарын алдымызға тастады. Біз де өз құжатымызбен таныстырып, сайлау барысын білуге рұқсат сұраған едік. Алайда онымызды құптамай, «біздегі байқаушылар саны өте көп. Карантин ережесіне сай сізді кіргізе алмаймын» деп жауап қатты. Өзін Алтынкүл Төлегенова деп таныстырған учаскелік сайлау комиссиясының хатшысынан ең құрғында байқаушылармен пікірлесіп кетуді сұрағанымызда, өзінің «дайындап қойған» бір-екі байқаушысымен ғана тілдесуге рұқсат берді. Қалғанына түбегейлі тыйым салып, бізбен тезірек қоштасуға асықты.
Міне, бір күндік сайлаудағы көзбен көріп, құлақпен естігеніміз – осылар. Бұл күні біз барған сайлау учаскелерінің көп бөлігінде БАҚ өкілдеріне қатаң қысым қолданылды. Заңмен сүйретіліп шыққандарға шарасыздық танытып, амалсыздан байқаушыларға шүйлікті. Айтпақшы, №203 сайлау учаскесінде байқаушы болып отырған бір ағамыз бізбен сөйлесуден бас тартты. Онысын «жоғарыдағылар солай деп айтқан» деп түсіндірді. Жұрт айтатын, БАҚ жұмысына кедергі келтіруші жоғарыдағылардың кім екені қызықтырып еді.
Жер-жаһанды жалынымен шарпыған түрлі саяси оқиғалар ешкімге де оңай тиіп жатпағаны түсінікті. Осы тұрғыда, пандемиямен жағаласып өткен сайлау барысында да «аңқитып» кететін ағаттықты болдырмау үшін барынша тырыстық. Өз позициямызды соңына дейін берік ұстадық. Алайда кей жерлерде заңның шарасыздығына көзіміз жетіп қайттық. Біз бағамдаған сайлау барысы осылай болды. Аралаған он шақты учаскені көріп қайтып, сайлаудың әділдігі мен жалғандығына шешім шығару мүмкін емес. Сондықтан, оқырманның талғам таразысына қалдырдық.
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!