Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлау кезінде бәрі жақсы, жаман партия қайдан шығады?

24.12.2021, 11:35 492

HALYQLINE.KZ

Дәл солай, қыз кезінде бәрі жақсы болатындай көрінеді де, уақыт өте келе әйел байғұстың мінезі мен әдеті менмұндалап шыққанда, төбе шашымыз тік тұратын әдет қой. Қош, мәселе дәл осы қыздай болған партиялардың сайлауда жерде жұмақ орнататындай ант-су ішіп, кейін құбылып кететін әдеті қай-қайсымызды да мазалап бітті. Қазақта «жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деген өте ауыр сөз бар, осы жігіт мінез қайда қазір…

Турасын айтсақ, кешегі бір жыл бұрын атойлап шапқан сайлауда Парламент пен мәслихаттарға нөкерлерімен кірген басты үш партия – Nur Otan, Ақ Жол, Қазақстанның Халықтық партиясы кеуделеріне алтын жұлдыздарын тағына, былғары креслоларына томпиып отыра кетісті.

«Уәде – Құдайдың бір аты» деген имани қазақпыз ғой. Сол уәделер қалай орындалды бір жылда? Өзімше осыны топшылауға тырысайын, бәлкім, қате болар, бірақ бұл топшылауды жай пікір деп қабылдаңыздар.

«Бұл менің пікірім, әркімге ұнай беретін сұлу қыз емес қой» деген Асқар Жұмаділдаевша айтсам, бұл жай пікірім ғана.

Сонымен, идеологиялық тұрғыдан иттің етінен жек көретінім, кешегі экс-коммунист, бүгінгі Қазақстанның Халықтық партиясы өкілдерінің бірнеше орындалмаған уәдесіне тоқталайық. Естеріңізде болса, өткен апталарда банкіден мәжбүрлі түрде қарыз алып, бірақ мына қымбатшылықта қарызын өтеуге шамалары жетпей қалған оншақты ағайын Ұлттық банктің есігін күзетіп, кредиттерін амнистиялауды сұрап кетті. Дәл осы кредитті амнистиялауды экс-коммунистер былтыр сайлауда ұрандата отырып, қалай да болса, бұған қол жеткізбей қоймаймыз деп уәде берген еді.

Ал енді, қайда қалды осы уақытқа дейін олардың уәделері?

Неге кешегі халықтың қасына барып дайын электораттың назымен қосақталып Ұлттық банктің есігін теуіп кірмеді. Жақсы, ерінген шығар, ең құрығанда Парламентке банк төрағасын шақыруға болатын еді ғой, мейлі оған да ерінген шығар, болмаса арнайылап қызыл сиямен шимақтай отырып, депутаттық сауалды жолдауға болатын еді ғой. Неге үнсіз қалды осы уәдені орындамауда Алашқа қарсы Лениннің өгей ұрпақтары?!

Тағы да уәделерін еске түсірейік, зейнетақы жүйесін қайтару деген ұраны, сол баяғы. Зейнетақымен мәселе қазір қоғамда тіптен насырға шауып тұрған іс. Енді жасымызға қарай онсыз да осы жылғы мөлшерде зейнетақы қорындағы жиналған ақшаны алмақ түгіл, келер жылы одан да зоры мүлдем ала алмайтын ұсыныспен Үкімет шыққанда, ҚХП кеудесіндегі депутаттық төсбелгісін «мынадай ұсынысты өткізгенше, депутаттық ар-намысым бармайды» деп жұлып тастайтын сәті туған еді. Оны да жасамады бұл пәтшағарлар.

Арнайы комитеттерінде жаға жыртысып, жұмыртқа атысып та көрмеді. Бұлардың қасында нақты не істеу керектігін №27 үйдің есігінің алдында отырған баба Тася мен Ақылбай қарттың кемпірі Зәуреш апамыз жақсы көрсететін еді. Бір сөзбен айтқанда, үнсіз келісумен мұнда да 10 экс-коммунист жұмған ауыздарын ашпай отыр. Көкелері Косарев ақсақалдың жоқтығын қарасайшы, показал б Кускину мать дейін десең, мемлекеттен қаржы алып отырған фракция «бордақылаған бұқа» сияқты буған ауыздарын ашпай отыр.

Жақсы, қалған уәделері қайда қалды, мысалы, әрбір қазақстандыққа жеке тұрғын үй салуға 20 сотықтан бөлгізіп береміз дегені, немесе зейнетке шығу жасын төмендетеміз дегені. Бұларды әдейі естеріне түсіріп айтып отырмын, себебі, осыларға әлі де болса имандай сеніп дауыс берген пақырлардың ең болмағанда сенімдерін ақтасын деп. Әйтпесе, бұлардың жай мемлекеттік шенеуніктен еш жері артық болмай қалды.

Әрі қарай кетсек, Ақ Жол.

Халық партияны бизнестің партиясы, шағын және орта кәсіпкерлердің мүддесін, аракідік ұлттық тақырыптардың басын ғана шолып тұратын саяси күш иелері деп қабылдайды. Бұлардың да уәделері шаш етектен болды өткен жылы. Мысалы, Ұлттық банктің базалық пайызын 4-5%-ға дейін төмендету мәселесін көтерген еді. Ия саған, Ұлттық банк алды да елдің көзін төртеу етіп, екі рет шімірікпей 9,25%-дан 9,75%-ға бір-ақ көтеріп тастады. Ақжолдықтардың 12 депутаттық мандат иелері ләм-мим дей алмай қалды. Ең құрығанда беу деп қойсайшы, ол да жоқ, үнсіз жылы орындарында отырды да қойды.

Жақсы, түсіндік саяси духы жетпеген шығар делік. Ал енді өмір-бақи ауыздарынан түспей келе жатқан мына партиялық уәделері «шағын бизнес пен «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» халықты салықтан толығымен босатуды» айтайық.

Үкімет Мәжілістің бірінші оқылымында, еліміздің Салық кодексіне кәсіпкерлер үшін мобильдік төлемдерде салық төлетуді көздейтін түзетулерді ұсынғанда, бір ауыздан қолдап шыққаны, бұл – енді нонсенс. Бүкілотандық кәсіпкерлер наразылық танытып жатқанда, сауданың өмірін жеңілдетпек түгіл қиындата түсетін ұсынысты бизнестің жанашырлары қай беттерімен қолдап кеткені мүлдем ақылға симады.

Айтпақшы, ел Президенті Қ.Тоқаев Парламенттік оппозиция фракция өкілдерінің құқықтық кең мүмкіндіктерін пайдалануға бірқатар заңнаманың қабылдауына мұрындық болғанын білеміз. Президент айтты, Парламент мақұлдады. Бұл өте-мөте жақсы бастамалары көп мүмкіндіктер ғой, әсіресе парламенттік тыңдауларға бастамашылық ету, арнайы үкіметтік сағаттарының тақырыптарын айқындау, Парламенттің бірлескен отырыстарында сөз сөйлеу, балама заң жобаларын енгізу т.с.с. құқықтық құзыреттер белгіленген.

Есімізде болса, алдыңғы Парламенттің шақырымында осы ұсынысты қызғыштай дәл осы ақжолдықтар қуана қолдап, енді кірісеміз деп уәде берген еді. Кіріскені қайда, биыл бәріміз білеміз елде қуаңшылық пен жем-шөп, судың тапшылығы қатты сезілді. Мал ұстап, жанын баққан ауылдағы туғандар қысылып кетті. Жер-жерден бастама көтерген кәсіпкерлер, қарапайым жігіттер шөп орып, қиналған аймақтарға вагон-вагонымен жөнелтіп жатты. Биліктік Nur Otan партиясы да араласып, жергілікткі атқамінерлерді, әкімдіктерді ұйымдастырып шықты. Енді мынадай сұрақ, Ақ Жол партиясы дәл осы парламенттік құқықтарын пайдалана отырып аграрлық комитетте бектілгенін ескере отырып, ауыл шаруашылығының көкейкесті мәселелерін парламенттік тыңдауға неге бастамашылық етпеді? Сіздерге дауысын берген халық осыны күтті ғой…

Түсінем, қазақ қазақша сөйлеу керектігін, шала қазақ та, орыс та қазақша сөйлеу керектігін ең соңғы дәйек қалмағандай осыны қолдап жүргендеріңізді. Егер биліктің беті соңғы жылдары біраз бұрылып, осындай керемет мүмкіндіктерді берсе, неге соны қолданбасқа…

Неге кешегі сайлауда берген уәделерді орындамасқа…

Неге? Орындау керек!

Айтпақшы, Ақ Жолдың уәделерінің орындалмағаны туралы мынадан оңай байқадым, Қазақстанның Сарғыш кітабына сәйкес 2021 жылдың 3-тоқсанында отандық кәсіпкерлердің елдегі бизнес-ахуалға деген көзқарасы тіптен нашарлағаны және бизнесте мемлекеттік реттеудің теріс әсерінің артқанын атап өткен екен. Ал осыдан барып, топшылай беріңіздер, сыншыл қауым.

Nur Otan-ға келсек, бір анықталған дүние, бұл партияда жүйелі тірлік бар. Біраз сайттарын ақтара отырып, биліктік партия қанша мектеп салынғаны, қанша емхана пайдалануға берілгені, қандай медициналық жабдықтар сатып алынғаны, қандай жолдар жөнделгені және т.б. туралы үнемі есеп беріп отыратын әдеттері бар. Есепті беретін жай бір шенеунік емес, жергілікті аймақтың бірінші басшысы әкімінен басталады.

Сайлауда айтылған уәделердің арнайы саяси кеңестері, партиялық бақылаудың тұрақты жұмысы, сайлауалды уәделердің 216 жуық іске асырылған карталары, партияның қатарынан депутат болған әр деңгейдегі 2,7 мың кандидаттың жеке жауапкершілік рейтингілері таң қалдырды. Сайлауда айтылған уәделерді егжей-тегжей талдап, ортаға салып талқылайтын 14 республикалық және 1,7 мың аймақтық Қоғамдық кеңестердің ұйымдастырылуы өз алдына мониторингті айқын танытады. Яғни, тоқетері, биылғы жылдың өзінде «айтылған сөз – атылған оқ» дегендей, сөз жерде қалмай орындалуға кірісті.

Биліктік партияның қарқыны кешегіге емес, ертеңгісіне алаңдайтындай. Өйткені, қазір қоғам, халық сөз бергенге емес, сөзінде тұрғанға сенеді. Ал сөзінде тұрып, орындап шыққаны – әлбетте саяси өмірі өміршең партияның қылығы. Бұл дегеніміз – Nur Otan кешегі сайлаудағы берген уәдесіне алаңдап қана қоймай, келешектегі сайлау науқанына сақадай сай дайындығын биылғы жылдан бастап кеткенінің белгісі.

Бар түйгенім осы, мәселе – біреуді төмендетіп, біреуді асқақтату емес, барды бардай етіп, жоқты жоқтай етіп айту. Көзқарастарымыз әртүрлі болғанымен, қам жегеніміз – осы елдің қамы.

Айтпасаң, сөздің атасы өледі…

Мақсат  ЖАҚАУ,

аймақтанушы

Көрнекі  сурет

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: