Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын тағайындау жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Айта кететін мәселе, 2004 жылдан бастап Парламент сайлауы Конституциялық мерзімінде тағайындалып отыр.
Бұл аспект еліміздегі қоғамдық-саяси процестердің болжамдылық деңгейін арттырары сөзсіз.
Сонымен бірге, Ұлттық Кеңес аясындағы Ел Президенті Қ.Тоқаев ұсынған саяси реформалардың бірінші пакеті өзінің жемісін беретіндігі анық.
Бұл іс-шаралардың аясында, барлық деңгейдегі мәслихаттардың қатары 30 пайыздық квотаның аясында жастар және ханымдармен толықтырылдатындығы белгілі.
«Nur Otan» партиясы өткізген праймериздің қорытындыларына сүйенсек, жастар мен ханымдардың саны мәслихаттарда 50 пайыздан асатындығы көрініп тұр.
Осы аспект аудан, облыс деңгейінде жастардың саны көбейіп, аймақтық дәрежеде қоғамдық-саяси процесте жаңа леп пайда болатындығын көрсетіп отыр.
Бізде «саяси реформалар тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүруі тиіс» деген жаңсақ пікір бар.
Ал негізінде, саяси реформалар аймақтарда жүруі тиіс.
Ол үшін жергілікті мәслихаттар жаңарып тұруы керек, сол органдарға принципті позициясы бар, әкімдерге өзінің ойын ашық айта алатын, қоғамдық күш-жігері мол азаматтар мен азаматшалар келуі тиіс.
Сол кезде, бүкіл елде эволюциялық дамуға сәйкес жаңа күштер келіп, еліміздің аймақтарында әлеуметтік трансформация жүреді.
Осы процеске алғышарт жасалып отыр.
Сонымен бірге, Мәжілістің өзінде «парламенттік оппозицияның» жұмысын дамыту үшін көптеген мәселе қарастырылған.
Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады.
Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.
Бұдан бөлек, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.
Осы аталған аспектілер еліміздің саяси процестерін эволюциялық түрде, бірте-бірте өзгертуге фундамент жасайды.
Біз тұрақсыз әлемде, турбулентті заманда елімізде тұрақтылықты сақтап отырған елміз. Демократиялық процестер керек, дегенмен, ол процесс еліміздің тұтастығы мен ынтымақтастығына залалын тигізбеуі тиіс.
Сондықтан, бұл сайлау халқымыздың ынтымағы мен бірлігін арттыра отырып, елімізде саяси плюрализмді дамытуға алғышарт болады деп сенеміз.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ерлан САИРОВ.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!