HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай шет мемлекеттердің президенттерінен және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр.
Ресей Президенті Владимир Путин Мемлекет басшысын және Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, бейбітшілік және бақ-береке тіледі.
«Қазақстан экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және басқа да салаларда таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізді, халықаралық істерде маңызды рөл ойнайды. Мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастар табысты дамып келеді», – делінген жеделхатта.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин жеделхатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформаға белсене кіріскенін атап өтіп, қыркүйек айындағы Қазақстанға мемлекеттік сапары мазмұнды әрі жемісті болғанын жеткізді.
«Екіжақты қарым-қатынастың дамуына назар аудара отырып, мен Сізбен бірге Қытай және Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға әзірмін», – деп жазылған жеделхатта.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Мемлекет басшысын ұлттық мерекемізбен құттықтай келе, достас әрі бауырлас Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел ретінде Түркия өткен 30 жыл ішінде Қазақстанның барлық салада қол жеткізген жетістіктеріне куә болып келе жатқанын айтқан.
«Ортақ тіл, мәдениет және тарихи байланыстардан нәр алып, «Кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне жеткен қарым-қатынасымыз бен ынтымақтастығымызды екі елдің мүддесіне сай одан әрі дамытуға және тереңдетуге ниеттіміз», – деп жазылған жеделхатта.
Франция Президенті Эммануэль Макрон екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толған осынау айрықша кезеңде екіжақты диалогтың қарқынды дамып келе жатқанына қуанышты екені жазылған.
«Біз Сіз жүргізіп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды айрықша қызығушылықпен бақылап отырамыз, Франция олардың жүзеге асырылуын әрқашан қолдауға әзір екеніне сенім білдіргім келеді», – деп жазылған жеделхатта.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон жеделхатында өзара сыйластық пен сенімнің берік тарихи дәстүріне негізделген қазақ-тәжік қарым-қатынасы жан-жақты дамып келе жатқанына ризашылығын білдірген.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түрікменстанның Милли Генгеші Халқ Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов құттықтау жеделхаттарында түрікмен-қазақ стратегиялық серіктестігі екі ел халқының игілігі үшін қарқынды дами беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан халқын және Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен құттықтады.
«Осынау айрықша күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның барша азаматы сын-қатерге төтеп беріп, Тұрақты даму мақсаттарына жету жолындағы прогресті жеделдетініне және әлемнің барлық халқының игілігі үшін әділетті әрі бейбіт әлемді құрудан тыс қалмайтынына сенім білдіреді», – деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы.
Сонымен қатар Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсух, Австрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Португалия Президенті Марселу Ребелу де Соуза, Сербия Президенті Александр Вучич, Сингапур Президенті Халима Якоб, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха өздерінің құттықтау жеделхаттарын жолдаған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп жатыр.
Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, Орталық Азияның бейбітшілікке, тұрақтылыққа және өркендеуге бағытталған жолындағы еліміздің отыз жылдық көшбасшылығын ерекше атап өтті.
«Біздің қауіпсіздік, энергетика және экономика мәселелері жөніндегі екіжақты ауқымды ынтымақтастығымыз, сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды табанды түрде қолдайтынымыз қарым-қатынастарымыздың болашағына инвестиция салуға деген өзара ұмтылысты және оның ортақ мақсаттарға жетудегі әлеуетін көрсетеді. Бұл ұстаным біздің кеңейтілген стратегиялық серіктестігімізге толық сай келеді», – деп жазылған Джо Байденнің құттықтауында.
Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишель 1990 жылдың қазан айында қабылданған Егемендік туралы декларацияда мемлекеттілікке, аумақтық тұтастыққа, бөлінбеушілікке және шекараның мызғымастығына қатысты негізгі қағидаттар бекітілгенін айтты.
«Декларация 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауға жол ашты. Бұл декларация бүгінде барлық бейбітсүйгіш ел қорғайтын халықаралық тәртіптің іргелі құндылықтары мен қағидаттарының ережелеріне негізделген», – делінген Шарль Мишельдің жеделхатында.
Сонымен қатар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына құттықтауын жолдап, еліміздің тұрақты дамуына бағытталған жүйелі және ауқымды реформалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтті.
«Біздің тату көршіміз Қазақстан барлық салада биік шыңдарды бағындырып келеді. Сіздің аймақтық және жаһандық маңызы бар бастамаларыңыздың халықаралық аренада белсенді түрде қолдау табуы – еліңіздің әлемдік қауымдастықта лайықты беделге ие екенінің айқын дәлелі. Бірлескен күш-жігер мен жоғары деңгейдегі тұрақты диалогтың арқасында елдеріміз арасындағы тату көршілік және достық қарым-қатынастардың стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынас деңгейіне көтерілгеніне өте қуаныштымыз», – деп жазды Өзбекстан Президенті.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз құттықтауында Республика күні мерекесін қайта жаңғырту бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған институционалдық реформалар үдерісіндегі маңызды қадам деп бағалайды.
«Сіздің дана әрі прогресшіл басшылығыңызбен бұл реформалар қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуға түрткі болып, достас Қазақстанды өркендетуге бағытталған биік мақсаттарға жетуге қызмет ететініне кәміл сенемін», – деп жазған Садыр Жапаров.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев құттықтауында Әзербайжан Қазақстанның қарқынды дамуына, бауырлас елдің жетістіктері мен табыстарына тілектес екенін атап өтті.
«Әзербайжан-қазақ қарым-қатынасының бүгінгі жоғары деңгейі ортақ тарихымен, моральді және мәдени құндылықтарымен өзара тығыз байланысты бауырлас халықтарымыздың ерік-жігерін айқын көрсетеді. Қазіргі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікке негізделген жан-жақты қарым-қатынастарды нығайту жолында бірлескен күш-жігерді жалғастыра беретінімізге сенімдімін, – делінген құттықтау хатта.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко Егемендік туралы декларацияны Қазақстан үшін маңызды оқиға әрі тәуелсіздік алу жолындағы алғашқы қадам деп атады.
«Қазіргі таңда Сіздің еліңіз бейбіт сыртқы саясат қағидатын ұстанады, өзара түсіністік пен тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға жан-жақты атсалысады. Астананың мазмұнды бастамалары халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, адамзат баласына ортақ жаһандық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады», – деп жазған Александр Лукашенко.
Сонымен қатар құттықтау жеделхаттарын Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Татарстан Президенті Рустам Минниханов, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазаде жолдады.
Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп жатыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!