Ресей мен Батыстың арасы ушығып, Украинада әне-міне соғыс басталады деген болжам айтылуда. Мәскеу ақылға қонымсыз талаптар қойып, Батысты ультиматуммен қорқытпақ болып еді, ол әдісі іске аспады. 10 қаңтарда өткен АҚШ-Ресей кездесуінде де,
12 қаңтарда өткен НАТО-Ресей кездесуінде де Кремльдің талаптары орындалмайтыны анық болды. Мәскеудің жоспары мен ойы іске аспады. Ендігі таңда Мәскеу өзі құрған қақпанға өзі түскендей.
Энтони Блинкен болса Мәскеудің енді екі ғана таңдауы қалғанын айтады. Ол – не соғыс, не дипломатия. Басқа жолы жоқ. Берлинде сөйлеген сөзін Энтони Блинкен жиналған қауымға алғыс айтумен бастады.
«Қайырлы күн жиналған қауым. Бүгін мен дәл осы жерде, Германияның ұлы тұлғаларымен және біздің одақтас, серіктес достарымызбен бас қосқанымызға аса қуаныштымын. Мен бүгін осы академияда сөз сөйлеу құқығына ие болғаныма қуаныштымын. Зигмар маған оның қысқаша тариыхын айтып, залдарын көрсетіп шықты.
Бұл – түрлі ғылыми зерттеуге тарихы толы, 300 жылдық керемет білім ордасы. Бұл академияда Альберт Эйнштейн білім берген, сондықтан менің бүгін астрофизика жайлы сөз сөйлемегенім дұрыс болар. Бүгін осында сөз алған әр институтқа алғыс айтқым келеді, оның ішінде «Анлант көпірі» ұйымы да бар. Мен «Атлант көпірімен» бірлесе қызмет етіп келе жатқаныма 20 жылдан астам уақыт болыпты. Мен Клионтонның кезінде Германияға келіп, осындағы әріптестеріммен бірлесе қызмет еткен едім», – деді.
Блинкен артынша өзінің негізгі сөзін бастады. Оның бұл сөзін Черчилльдің Фултондағы сөйлеген сөзімен салыстыруға болады. Черчилльдің 1946 жылы Фултондағы сөзі арқылы «қырғиқабақ соғысын» бастаған еді.
«Ресей Украинаға қарсы қоқан-лоққысын күшейтуде. Соңғы күндері оның агрессивті саясаты күшейіп, Украина шекарасында, сонымен бірге Беларусь аумағында әскери күш жинап жатқанына тағы да көз жеткіздік.
Ресей құрлықта ондаған жылдар бойы бейбітшілікті сақтайтын келісімдерден бірнеше рет бет бұрды. Ол НАТО-ға, Еуропа мен Солтүстік Америкада миллиардқа жуық адамды қорғайтын қорғаныс саласына және біздің барлығымыз қорғауға мүдделі дүниежүзілік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негізгі принциптеріне шабуылдарын жалғастыруда.
Екі дүниежүзілік соғыс пен қырғиқабақ соғыстан кейін қалыптасқан және бекітілген бұл принциптер бір елдің басқа елдің шекарасын күшпен өзгерту құқығын жоққа шығарады, басқа елдерге қандай саясат жүргізу керектігін және қандай шешімдер қабылдау керектігін, оның ішінде кіммен одақ құру керектігін айтуды да дұрыс деп санамайды. Ресей осы принциптерді өрескел бұзуда.
Егер біз Ресейдің бұл принциптерді жазасыз бұзуына жол берсек, біз бәріміз де дәл осы заманында екіге бөлінген Берлин қаласы сында жаңа лагерьдің пайда болуына ықпал етіп, әлемде бейбітшіліктің бұзылуына себепкер болмақпыз. Бұл сондай-ақ, әлемнің басқа елдеріне бұл принциптердің қажет еместігі туралы сигнал береді және бұл апатты нәтижелерге әкеледі.
Сондықтан АҚШ пен Еуропадағы одақтастары мен серіктестері Украинада болып жатқан оқиғаларға баса назар аударып отыр. Бұл екі ел арасындағы қақтығыс емес. Бұл Ресей мен НАТО-дан артық. Бұл жаһандық салдары бар дағдарыс және жаһандық назар мен әрекетті талап етеді. Осы жерде және бүгін, жылдам дамып жатқан оқиғалардың аясында мен мәселенің түбіне жеткім келеді», – деді Блинкен. Артынша ол тікелей мәселелерге көшті. Блинкен Ресей соғыстан кейінгі Еуропалық құрылымды жоққа шығарып, өзінің ықпалын арттыруды ойластырып отырғанын айтады. Ол: «Мәскеу дипломатияны іздеп отырған жоқ, біз оған мәселенің бірнеше шешілу жолын ұсындық, бірақ Кремль оны қабылдамады», – дейді.
«Бүгінгі күні қандай қауіп төніп тұрғанын, шын мәнінде кім зардап шегеді және кім жауапты екенін ашық қарастырайық. 1991 жылы миллиондаған украиндық сайлауға барып: «Украинаны енді диктаторлар басқармайды, ол өзін-өзі басқарады», деді. 2014 жылы Украина халқы демократиялық және еуропалық болашақ үшін өз таңдауын қорғауға шықты. Содан бері бұл халық Ресейдің Қырымды басып алуы мен Донбасстағы агрессиясының көлеңкесінде өмір сүріп келеді.
Украинаның шығысындағы соғыс Ресей мен оның жетекшілік ететін, дайындайтын, жеткізіп беретін және қаржыландыратын сенімді өкілдері ұйымдастырған соғыс 14 000-нан астам украиндықтың өмірін қиды. Мыңдаған адам жарақат алды. Барлық қалалар қиратылды. Бір жарым миллионға жуық украиндық үйлерін тастап, зорлық-зомбылықтан қашып кетті. Қырым мен Донбасста украиндарға қарсы қатаң репрессиялар жүргізілуде. Ресей украиндықтардың өз елінің ішінде еркін жылжуына жол бермей, оларды елдің қалған бөлігінен ажыратуда, бөліп тастауда. Мәскеу мен оның қолбасшылары жүздеген украиндық саяси тұтқынды темір тордың ар жағында ұстап отыр. Жүздеген отбасы жақындарының тірі немесе өлі екенін білмейді.
Гуманитарлық қажеттіліктер артып келеді. Үш миллионға жуық украиндық, оның ішінде бір миллион қарт пен жарты миллион бала азық-түлікке, баспанаға және басқа да көмекке мұқтаж. Тіпті соғыс жүріп жатқан аймақтардан шалғайда тұратын украиндықтар да зардап шегуде. Бұл – олардың елі, бұл – олардың жерлестері. Ресейдің жаулық әрекеттерінен Украинада ешкім де қауіпсіз емес. Мәскеу Украина басшылығын қорқыту және оның азаматтарына қысым көрсету үшін Украинаның демократиялық институттарын әлсіретуге, Украина саясаты мен сайлауына араласуға, энергиямен қамтамасыз ету мен саудаға кедергі келтіруге тырысып жатыр. Ол сенімсіздік тудыру үшін үгіт-насихат пен жалған ақпаратты пайдаланады және Украинаның маңызды инфрақұрылымына кибершабуылдар жасайды. Украинаны тұрақсыздандыру науқаны аяусыз жүргізілуде», – деді Блинкен. Ол осылайша Ресейдің қандай қылмыс жасап отырғанын ашық сандармен және жағдайды нақты сипаттаумен көрсетті.
«Президент Путиннің шынайы ниеті туралы көптеген қауесеттер мен болжамдар бар, бірақ оның шын бейнесін тану қиын емес. Бейнесін ол талай мәрте көрсетіп, бізге ниеті жайлы талай мәрте айтқан еді. Путин Украинаны егеменді ел деп санамағандықтан басып алудың негізін салып жатыр. Ол бұл туралы 2008 жылы президент Бушқа ашық айтты. Ол «Украина тіпті мемлекет емес», деген еді. Ал 2020 жылы ол: «Украиндар мен орыстар бір халық» деп мәлімдеме жасады. Бірнеше күн бұрын Ресей Сыртқы істер министрлігі 1654 жылы Украинаның Ресейге қосылғандығы жайлы твиттерде жазба жариялады. Бұл өте айқын сигналдар ғой.
Демек, Украинаның мүддесі өте айқын. Әңгіме тек ықтимал басып алу мен соғыс туралы емес, Украинаның егеменді мемлекет ретінде өмір сүруге құқығы бар-жоғы туралы. Бұл – Украинаның демократиялық ел болуға құқығы бар-жоғы туралы пікірталас», – дейді Блинкен.
«Украина соңы емес. 1990 және 1991 жылдары барлық кеңестік социалистік республикалар егеменді мемлекеттерге айналды. Солардың бірі – Грузия. Ресей ол жерге 2008 жылы басып кірді. Содан бері 13 жыл өтті, бірақ 300 мыңға жуық грузин әлі күнге дейін өз үйінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Тағы бір мысал – Молдова. Ресей сол жерде халықтың еркіне қарсы әскер мен қоймаларды орнатып, ұстап отыр. Ресей Украинаға шабуыл жасап, оккупацияланса, келесі кім болады? Әрине, Ресей көршілерін қуыршақ мемлекеттерге айналдыру, олардың қызметін бақылау, демократияның кез келген көріністерін басып тастау әрекеттерін күшейтеді. Егемендік пен өзін-өзі билеу принциптері қоқыс жәшігіне тасталғанда, біз ондаған жылдар бойы бірге қалыптастырған қағидаларымыз ыдырап, кейін жойылып бара жатқан әлемге ораламыз.
Қазір Ресей мәселе НАТО-да деп отыр. Бірақ бұл абсурд екені анық. НАТО Грузияға, НАТО Украинаға шабуыл жасаған жоқ. Шабуылды Ресей жасады. НАТО – Ресейге қарсы агрессивті ниеті жоқ қорғаныстық одақ. Керісінше, НАТО көптеген жылдар бойы Ресеймен байланыс орнатуға және өзара әрекеттесуге тырысты, бірақ, өкінішке қарай, Мәскеу бұл әрекеттерді жоққа шығарады. Мысалы, сенім орнату, консультациялар мен ынтымақтастықты арттыру мақсатын көздейтін НАТО-Ресей құрылтайшы актінде альянс Шығыс Еуропадағы әскери қуатын айтарлықтай қысқартуға уәде берді. Және ол мұны істеді», – дейді Энтони. Расымен посткеңестік елдерге шабуыл жасап, олардың берекесін қашырып отырған Ресей екенін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жақсы біледі.
Ресейдің орта қашықтыққа ұшатын зымырандарды шығармаймыз деген келісімді бұзып, жаңа зымырандар жасауы Еуропа елдеріне қауіпті екенін де айта кетті. «Мысалы, қазіргі таңда Ресейдің орта қашықтықтағы зымырандары Еуропа елдерінің кез келгеніне жетеді. Сонымен қатар Ресей Украина шекарасының маңына 100 мың әскер топтастырды, ал НАТО Шығыс Еуропада 5 мың ғана әскер орналастырған. Осының өзі Ресейдің шынайы пиғылын көрсетеді», – дейді Блинкен.
«1994 жылы Ресей, Америка Құрама Штаттары және Ұлыбритания Будапешт меморандумына қол қою арқылы «Украинаның тәуелсіздігін, егемендігін және қолданыстағы шекараларын құрметтеуге және бұл елге қарсы күш қолданудан аулақ болуға» уәде берді. Бұл міндеттемелер Украинаны Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мұраға қалған ядролық арсеналдан бас тартуға сендірді. Және бұл әлемдегі ең үлкен үшінші ядролық арсенал болған еді. Біз Қырым мен Донбасста тұратын адамдардан бұл міндеттемелерді кім бұзды деп сұрай аламыз», – деу арқылы, Блинкен агрессор Ресейдің қандай ел екенін нақты фактілермен ашып көрсетті.
Блинкен өз сөзін былай қорытындылады: «Ресейде басқа жол жоқ. Ол не дипломатияға жүгінеді, не соғысқа барады». Осылайша Батыс әлемі Мәскеудің қоқайына енді көнбейтінін анық көрсетуде.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
саясаттанушы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!