Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды

11.09.2025, 11:40 620

Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ,

ҚР  Президенті:

Жыл сайынғы дәстүрімен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айы басталар тұста Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Бұл жолы жолдау «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты тақырыпқа арналды. Президент маңызды мәселелерді жиынның соңғы жағына алып қалған секілді. Мысалы, бір палаталы Парламент құру туралы бастамасы көпшілікке майдай жаққандай көрінді. Ал спортсүйер қауым мемлекет басшысының футболды бизнес-индустрия ретінде дамыту, яғни футбол клубтарын жекешелендіру жайлы пікірін іліп әкетті.

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, инвестиция тарту және транзитті дамыту секілді маңызды жайттарға да тоқталды. Әсіресе, «Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ, нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі – ұят» деген сөзі өте өткір шықты.

Осылайша, біз президенттің кезекті жолдауындағы басты-басты жаңалықтарды тізбелегенді жөн санадық.

ЖАСАНДЫ  ИНТЕЛЛЕКТ  МИНИСТРЛІГІ  ҚҰРЫЛАДЫ

«Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр.

Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады» деген мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев осы жолдауында жасан­ды интеллект тақырыбына көп тоқталды.

Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Міне, негізгі тапсырманың  бірі  осы  болды.

– Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет.

Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек  қабылдаған  жөн.

Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға  тиіс.

Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары  деңгейіндегі  маман  басқаруы  керек.

Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек, — деді презид­ент.

ҚАЗІРГІ  КҮРДЕЛІ  АХУАЛ  КЕЗІНДЕ ИНВЕСТИЦИЯ  ТАРТУ – КЕЗЕК  КҮТТІРМЕЙТІН  МӘСЕЛЕ

Жолдау барысында президент Қасым-­Жомарт Тоқаев инвестиция тарту мәселесін де жиі қозғады. Ол дұрсы та. Оның сөзінше, Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамыта­мыз  десек, жұмысты жаңаша тәсілмен жүргізген  дұрыс.

– Бірінші мәселе, елімізге қомақты инвес­тиция тарту керек. Қазір дүниежүзінде инвес­тицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвес­тициялық кезеңді бастауымыз керек. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймыз. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, Бізге осындай инвестициялар қажет. Бірақ, қазір алдымызда тұрған міндет басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан, Үкімет инвестициялық саясатқа басқа көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ, мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару керек, — деді  Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Мемлекет басшысы «еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады» деп сынады. Сол себепті, инвестиция тарту кезек күттірмейтін  мәселе  болып  отыр.

ALATAU  CITY – ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛҒАШҚЫ  ЦИФРЛЫҚ  ҚАЛАСЫ

Президент жолдауда Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын «Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет» деп өзгертетін күн  келгенін  жеткізді. Әлбетте, бас прокуратура заңсыз  актив  иелерімен  өнімді  жұмыс істеген. Соның нәтижесінде қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылып  отыр.

Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барын­ша  тартудың  тиімді тәсілдерін табуы қажет  екенін де еске салды.

Ал Алатау қаласы Үкіметке бағынатын жаңа  мәртебеге ие болмақ. Президент сөзінше, Қытайға  жасаған  соңғы сапарында әлем­дік деңгейдегі компаниялармен көпмил­лиардтық келісімдерге қол қойылған. Соның бірі – Alatau City жобасы. Жаңа қала Қытай шекарасына жақын орналасқандықтан, Қытай экономикасымен байланыс орнататын негізгі хабқа  айналады.

– Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институ­ционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты  он  күн  ішінде  әзірлеу  керек.

Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды  мәселелер  қамтылуға  тиіс.

Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажет­ті  шара  немесе құрал екенін айта кеткен  жөн.

Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі  керек.

Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім  табуы  қажет, — деді  ол.

ҚАЗІРГІ  МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚҰРСАУДАН  ШЫҒУЫМЫЗ  КЕРЕК

Президенттің сөзінше, елдегі қиындықтар бүгін ғана пайда болған жоқ әрі оны шешу үшін әлемдегі  озық  тәжірибелерді  ескерген  жөн.

Жолдау барысында Қасым-Жомарт То­қаев инвестиция тарту мәселесіне бірнеше рет тоқталды.

– Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуге тиіс. Мүмкін, бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшыларды тартқан жөн  болар.

Бірақ, қазіргі басты мәселе: жоғары инфляция экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын «жұтып қойып» жатыр. Оның дайын тұрған шешімі жоқ, бұл – көптеген мемлекет бетпе-бет келіп отырған түйткіл. Мәселе бәріне ортақ  болғанмен, ол  біздің  жағдайда  айрықша  сезіліп  отыр.

Осы макроэкономикалық құрсаудан шығуымыз керек. Қиындықтар күні кеше ғана пайда болған жоқ. Оны шешу үшін әлемдегі озық тәжірибелерді ескеріп, жұртқа ұнай бермейтін шаралар қабылдауға және оның жауапкершілігін көтеріп  алуға  дайын  болу  қажет.

Үкімет пен Ұлттық банк мемлекеттік ауқымдағы міндетті алдына қойған біртұтас команда ретінде жұмыс істеуі керек. Қазір әркім көрпені өзіне қарай тартатын кез емес, — деді  ол.

ПРЕЗИДЕНТ: НАРЫҚТАҒЫ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙДЫ АЙТУДЫҢ ӨЗІ – ҰЯТ

Мемлекет басшысы елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайтуды Үкіметке тапсырып отыр. Оның сөзінше, өз-өзімізді 100 пайыз азық-түлікпен қамту  мүмкін  емес.

– Қазіргі уақытты ең өзекті міндеттің бірі бұл – агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту. Атап айтқанда, шетел инвестор­ларымен серіктестікті нығайту керек. Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Бас­ты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар, осы саланың экспорттық  әлеуетін  күшейту.

Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуел­ділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ, нарықтағы қазіргі  жағдайды айтудың өзі – ұят, — деді  ол.

Сол себепті, Мемлекет басшысы дәстүрлі ұлттық өнімдерді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек деп есептейді. Сондықтан аграрлық  экспорттың нақты жоспарын әзірлеу  қажет.

ЖЕР ТЕК ҒАНА ОНЫҢ  ҚАДІРІН  БІЛЕТІН АЗАМАТТАРҒА  БЕРІЛУІ  КЕРЕК

Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға  арналуы  керек.

«Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның  қадірін  білетін  азаматтарға  беру  керек.

2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе» деп нақтылады мемлекет басшысы  өз  өзінде.

Сол себепті, әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Президент бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шеше­ді  деп  топшылайды.

Сондай-ақ, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою, сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керегін жеткізді.

– Жасанды  интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең  талдау  жасалу­ға тиіс, — деп  қысқа  қайырды  ол.

ӘЛЕМДЕ  ТРАНЗИТ  ҮШІН  БӘСЕКЕ  КҮШЕЙІП  БАРА  ЖАТЫР

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында көлік-логистиканы одан әрі дамыту керегін айтты. Өткен жылы біздің тер­риториямыз  арқылы  жүк тасымалдау көлемі  1 миллиард  тоннадан  асқан.

Әлбетте, еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналады. Былтырғы жүк тасымалдау көлемін де мысалға келтірдік. Президент сөзінше, бұл көрсеткішті  әлі  де  көбейтуге  болады.

– Сонымен  бірге  еліміздің  транзиттік  әлеуе­тін  арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы  мен Оңтүстік Азия елдерінің нары­ғына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық  жолы  ретіндегі  рөлін  күшей­те   түседі.

Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тартуы қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз  ешқандай  тиімділік  болмайды.

Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт  айрықша  маңызды, — деп қосты мем­лекет  басшы­сы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бір­неше маңызды жобаны іске асыру керегін айтып өтті. Әрі көлік-логистика саласындағы еліміздің  жеткен  жетістіктеріне  де  тоқталды.

ҚАЗАҚСТАН  ЕУРАЗИЯДАҒЫ  КӨЛІК  ХАБЫ  БОЛУЫ  ТИІС

Президент жиын барысында Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуына назар  салуды  Үкіметке  айрықша  тапсырды.

Сонымен қатар, Ұлттық жүк тасымалдау­шы  компания  құру  туралы  сөз  етті.

– Мен бұған  дейін  әуемен  тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бердім. Бұған бірінші кезекте, шетелдің ірі инвестор­ларын тарта отырып Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізу­ге  болады.

Электронды сауда-саттық пен озық техно­логиялық өнімдердің саудасы қызып тұрған қазіргі кезде әуемен жүк жеткізу аса жоғары сұранысқа ие әрі табысы көп тасымал түрі санала­ды. Сондықтан біз әуе хабтарын белсенді түрде дамытып, олардың жаһандық логистика тізбегіне  кірігуін  қамтамасыз  етуге  тиіспіз.

Жалпы, мен бұған дейін бірнеше рет  айттым: Қазақстан  Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, — деп  сөзін  қорытындылады  президент.

МЕМЛЕКЕТ  БАСШЫСЫ:  ФУТБОЛДЫ  ЖЕКЕ  БИЗНЕС  РЕТІНДЕ ДАМЫТУ  ҚАЖЕТ

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда бұқара­лық спортқа көбірек артықшылық беріп жат­қанын мәлім етті. Сондай-ақ, шетелден келген  спортшыларға  бюджеттен қаржы бөлуді шектеу  туралы  тапсырма  бергенін  еске салды.

Осы жолы ол елдегі футбол клубтарын жекеше­лендіруді тездету керек екенін қадап айтты. Осы  күні  Қазақстандағы  4  футбол  клубы  жекеменшікке  өтіп  үлгерген.

– Мен  бұған  дейін  шетелден  келген  спортшыларға  бюджеттен қаржы бөлуді  шектеу  туралы  тапсырма бердім. Депутаттар бұл бас­таманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға  қарай  жүруіміз  керек.

Футбол клубтарын жекешелендіруге қатыс­ты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден  көріп  отырмыз.

Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастыр­ған жөн, — деп  шегелеп  тапсырды  мемлекет  басшысы.

ПРЕЗИДЕНТ  БІР  ПАЛАТАЛЫ  ПАРЛАМЕНТ  ҚҰРУ  ТУРАЛЫ  БАСТАМА  КӨТЕРДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында бір палаталы Парламент құру  туралы  ойын  айтты.

– Бүгін мен еліміздің жасанды интеллект негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізетін жаңа сая­си реформа туралы ойымды ортаға салғым келеді. Бұл жерде парламенттік реформа туралы айтқалы тұрмын. Жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатыс­ты өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес билік пен халықтың арасында ашық әрі бүкпесіз диалог орнатып жатырмыз.

2022  жылы  маусым  айында елімізде  жалпы­ұлттық референдум өтті. Онда азамат­тары­мыздың  басым  көпшілігі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы  негізінде  мемлеке­тімізді жан-жақты жаңғырту стратегиясына  қолдау  білдірді, — деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айты­лып  келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та  талқыланып  жүргені   ешкімге  құпия  емес.

– Маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент  құру  туралы  бастама  көтергім  келе­ді.

Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл рефор­ма азаматтық секторда, сарапшылар орта­сында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформ­аның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын, — деді  президент.

Мемлекет басшысы 2027 жылы жалпы­ұлттық референдум өткізуге болатынын да жасыр­мады.

ЕЛІМІЗДІҢ  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  АРЕНАДАҒЫ  АБЫРОЙ-БЕДЕЛІ  ЖОҒАРЫ

«Мен жариялаған міндеттер Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды» деген мемлекет басшысы еліміздегі суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік  екенін  еске  салды.

– Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық страте­гиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындар­лы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал  етеді  деп  сенемін.

Көптеген мемлекет Қазақстанмен достық қатынас орнатып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады. Мұның өзі, бірінші кезекте, еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беде­лі жоғары екенін және өзгелер бізбен санасатынын  көрсетеді.

Жақында мен Қытайға ресми сапармен бардым. Онда мәңгі стратегиялық серіктес­тік рухында дамып келе жатқан екіжақты қарым-­қатынастың барлық мәселелері бойынша  табыс­ты  келіссөздер  өтті.

Менің Түркияға және Қырғызстанға сапар­ларым да сәтті болды. Осы жылдың соңына қарай мен Ресейге және Өзбекстанға барамын. Астанада Әзербайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ Азияның, Еуропаның, Африканың  бірқатар  мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз  жүргізу  жоспарланған.

Қазақстан-Америка сұхбаттастығы да бел­сенді жалғасып келеді. Еуропа одағымен сан салалы байланыстарымызды күшейтіп жатырмыз, — деп  сөзін  қорытындылады  президент.

Жалпы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық саяси реформа еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналатынын нақты айтты. Әрі еліміздің және халқымыздың тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санайды, сол үшін ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды  деп  есептейді.

Қысқаша айтқанда, жолдауда айтылған негізгі-негізгі мәселелер – осы. Енді жауаптыларға оны қолдаудың қажеті жоқ, тек орындауға, жүзеге асуына кірісе кетсе ғана болатындай.

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: