HALYQLINE.KZ Әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл туралы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан – осы геосаяси аймақта ауқымды, демократияны арқау еткен реформалар жолына түскен бірден-бір мемлекет. Сондықтан бізге оңай болмайды. Бірақ бұл жолды қалайда жүріп өтуге тиіспіз. Енді жұмысқа жұмыла кірісеміз. Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді», – деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан Президент күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керектігін қатаң ескертті.
«Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана, табысты жүзеге асыра аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр. Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса, тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал. Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады.
Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», – деді президент.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!