Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорданың қос командасы үздік атанды

24.06.2024, 17:35 767

Өткен сенбіде «Евразия» спорт кешенінде Қызылорда облысы әкімінің кубогы үшін шағын футболдан бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында республикалық турнир өтті. Доп додасын Қызылорда қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Жарысқа еліміздің әр аймағынан командалар қатысты. Атап айтқанда, Талдықорған, Шымкент қалалары мен Түркістан, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан 8 команда бақ сынасты

Айта кетейік, іс-шараның басты мақсаты – БАҚ қызметкерлері арасында әріптестік және достық қарым-қатынасты нығайту, саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту.

– Сыр өңірінде футзалдан БАҚ өкілдерінің республикалық дәстүрлі турнирі жалауын желбіретті. Облыс әкімінің кубогына арналған доп додасы биыл қатарынан үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Төл мереке қарсаңында жан-жақтан әріптестер келіп, «Евразия» спорт кешенінің паркетінде доп қуаладық. Биылғы турнирдің ерекшелігі қатысушылардың жасы 30+ болды және алаңда бір 35+ ойнауы керек. Бұрынғы жарыстарда алаңның жиегінде тұрып футбол тамашалап қайтатын жасы үлкен қаламгерлердің бұл жолы екінші тынысы ашылды, – дейді «Ақмешіт» командасының капитаны Әділбек Жақанов.

Турнирде тартысты ойын көрсеткен Қызылорданың қос командасы – «Қаламгер» пен «Ақмешіт» және «Қарекет» (Талдықорған), «Атырау-ақпарат» командалары жартылай финалға шықты. Нәтижесінде «Қарекет» командасы Қызылорда облысы әкімінің кубогы үшін өткен республикалық турнирдің чемпионы атанды. Талдықорғандық команда облыс әкімінің арнайы кубогымен, медальмен және 1 000 000 теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Екінші орын алған «Атырау-ақпарат» командасына 700 мың, қола жүлдегер атанған қызылордалық «Ақмешіт» командасына 500 мың теңге, «Қаламгер» (Қызылорда) командасына 150 мың теңге ынталандыру сыйлығы табысталды.

Одан бөлек, «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы» және «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша озық ойын көрсеткен қатысушыларға арнайы кубоктар және 50 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

– Қызылордада БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында футболдан облыс әкімінің кубогы өтті. Атыраулық журналистер де дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан доп додасынан қалыс қалмады. Бұл жарыстан өткен жылы 3-орынды қанағат тұтсақ, биыл 2-орын бұйырды.

Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осы ретте, Қызылорда облысы мен қала әкіміне команда атынан алғысымызды білдіреміз. Қызылордадағы әріптестеріміз өз қонақжайлылығын көрсетті. Сыр өңірінің көрікті жерлері мен қалада қолданысқа берілген нысандарын араладық, – дейді «Атырау-ақпарат» командасының қақпашысы Нұрислам Ғұмар.

Еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық БАҚ өкілінің басын қосқан турнирге қатысушылар қонақжай Сыр жұртшылығына ризашылығын білдірді. Жарысты ұйымдастырушылар турнирдің дәстүрлі түрде жалауы желбірей беретінін жеткізді.

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: