Бұл туралы Kyzylorda-news.kz ақпарат агнеттігі хабарлайды. Қызылорда қаласындағы «Білім Ыбырай» қоғамдық қорында 108 стипендиат бар. Жалпы, бұл жобаның басты мақсаты – мектеп бітіруші үздіктерін мұғалімдік саласына тарту. Және осы мұғалімдік саласына түскен степендиаттармен «Mugalim» бағдарламасы арқылы заманауи, бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды дайындау, педогогика саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту, олардың тәжірибелерін шыңдау, сондай-ақ тиімді мамандар пулын қалыптастыру. Мұндағы студенттер тек білім алып қана қоймай, білім мен ғылым, өнер мен спорт бағытындағы түрлі байқауларда бақ сынайды.
13 сәуір күні Шымкент қаласында республикалық “Мұғалім” жобасының ұйымдастыруымен “INTELLECTA” интелектуалды ойынының оңтүстік аймақтық кезеңі өткізілді. Интеллектуалды сайысқа 6 команда қатысып, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қаласынан келді. Сыр өңірінің атынан 2 команда бақ сынады. “Ыбырай” қоғамдық қорының белсенділері жиналған “Dariya” командасы жүлделі І орынды жеңіп алса, “Snowdrop” командасы жүлделі ІІІ орынды қанағат тұтты.
Әртүрлі мамандық студенттерінен құралған “Dariya” командасының жетекшісі Kyzylorda news ақпарат агенттігінің журналисі, “Ыбырай” қоғамдық қорының координаторы, менторы Азамат Абимолда болды. Ал, команда құрамында педагогикалық мамандықтың 1 курс студенттері Шәміл Анарбай, Қабыл Дүйсек, Қуаныш Сапарбек, Мадияр Дузумбайұлы, Азамат Сеитмахамбет пен Бақдаулет Исаев. Жігіттерден құралған құрам ICEBREAKING, MASTER MIND, EXPECTO PATRONUM, VABANK деп аталатын 4 кезеңнен қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, республикалық кезеңге жолдама алды.
– Жетекшімізбен бірге аламан додаға тыңғылықты дайындалдық. Әрбір кезеңге өзіндік стратегиямен қарағанымыз рас. Байқау өте тартысты өтті. Соңына дейін кімнің жеңіске жететіні беймәлім болды. Қарсылыстарымыздың барлығы осал болмады. Дегенмен, республикалық кезеңге біздің баратынымызға қатты қуаныштымыз. Енді дайындықты күшейтіп, республикадан жүлдемен оралу керек. Болашақ ұстаздардың білімінің, көкжиегінің кеңеюіне арналған осындай жобалардың барына алғысымызды білдіреміз, – деді “Dariya” командасының капитаны Шәміл Анарбай.
Айта кету керек, алғаш рет болашақ мұғалімдер арасында өткізіліп жатқан байқаудың республикалық кезеңі 27 сәуір күні Ақтөбе қаласында ұйымдастырылады. Қазақстанның Орталық, Солтүстік, Батыс пен Шығыс аймағының үздіктері бас қосатын бәйгеде Оңтүстік аймақтың намысын Қызылорда қаласының жігіттері қорғайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!