АСА ҚҰРМЕТТІ ПРЕЗИДЕНТ!
Бірден айтып кояйын: елдің атын жамылып сөйлеуден аулақпын, бірақ мен және менімен сыйлас, сырлас, мақсаттас жандар Сіздің реформаларыңыз бен бастамаларыңызды барынша қолдаймыз және түпкі нәтижесіне сенеміз!
“Жаңа Қазақстанды” құру бағытының ауыр әрі күрделі қарсылықтар жағдайында жүріп жатқаны рас. “Авгийдің атқорасын” тазарту оңай емес, қиын болып тұр! Ал, Авгийдің азбандары құлағын қайшылап, құйрығын шаншып, арамызда әлі шапқылап жүр, тіпті таптап кете жаздайды. Олар ешқашан да жаңалықтың арбасына жегілмейді, көзбояушылық пен кертартпалықтың өрісінде тебіндейді. Өздері өзгермегендер өмірді қалай өзгертеді?
Қарағандыда шахта ғана жарылды ма?… “Пандораның жәшігі” жарылды! Қайырымсыз қаза… қолдан жасаған қасірет… қайырусыз келімсек… тентіреген телімсек… басынған бай-манап… ашынған Алаш… – адамның жаны төзе ме?
Тосын апат…
Тосын зар…
Тосын қайғы…
Бірінші рет көріп пе ем осындайды?
Жыласам да көзімнен қан ағызып,
Көңіл кірі бәрібір ашылмайды!
Естімейтін, көрмейтін, ештеңеге жауап бермейтін, қолынан іс келмейтін бастықтар Сізге керек пе? Бізге керек емес! Жіберсеңізші «отставкаға». Қазақтың қатындарының етегі ешуақытта құрғамаған: – ұлтын сүйген ұл-қыздар ел ішінен табылады. Танылады…
Сіз көтерген байрақтың түбінде біздің тұратынымызға сеніңіз!
Құрметпен, Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ,
ақын
Фото: atpress.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!