Қызылорда қаласының Титов шағын ауданында 135 пәтерлік жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, пәтер кілттері иелеріне табысталды. Жаңа баспана “жалғыз үйі апаттық деп танылған” санаты бойынша кезекте тұрған тұрғындарға беріліп отыр. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, сала басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жаңа қоныс иелерінің жүзіндегі қуаныш бұл күннің олар үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартты.
Аймақ басшысы соңғы жылдары Қызылорданың қарқынды құрылыс алаңына айналғанын атап өтіп, тұрғындарды жаңа баспанамен құттықтады. Оның айтуынша, өңірде әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі басты назарда.
– Алғаш рет барлық ауданда 1800-ге жуық жаңа пәтер жерлестеріміздің игілігіне айналды. Қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Аймағымыздың ажарын айшықтап, сәулетіне сән қосатын, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда құрылысшыларымыздың үлесі орасан зор. Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, шаңырақтарыңыз татулық пен берекеге толы болғай!, — деді Н.Нәлібаев.

Соңғы жылдары өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілген. Тек 2022–2024 жылдардың өзінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталған. Салтанатты шара барысында тұрғын үй құрылысына атсалысқан мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Айта кету керек, жыл қорытындысы бойынша Қызылорда облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн 700 млрд теңгеге жетіп, 6,5 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Былтыр облыс бюджеті 851 млрд 300 млн теңгені құрап, соңғы жылдары айтарлықтай ұлғайды. Оның басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі бұған дейін хабарлағандай, бүгін аймақта жастар «Сыр жастары» бағдарламасы арқылы өз қонысына жайғасқан еді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!